Алатау бөктерінде Сиверс алма ағашы гүлдей бастады

Уақыты: 10.05.2024
Оқылды: 333
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық саябағының аумағы жабайы жеміс-жидек өсімдік түрлеріне  бай аймақ. Мұндағы жабайы Сиверс алмасы  өте бағалы, әлемдік мәні зор бірден-бір генетикалық қор болып саналады. Сонау ерте замандағы бор дәуірінен осы күнге дейін сақталып келген жабайы алманың 40-қа жуық түрі табиғи ұлттық саябақтың аумағында ерекше қорғауға алынған. Бүгінде табиғи саябақтың 3800 гектарын жабайы Сиверс алмасы алып жатыр. 

XVIII  ғасырдың аяғында ғалым Иоганн Сиверс қазіргі Қазақстан аумағындағы алғашқы жабайы алма ағаштарын тауып, оларды сипаттады. Кейінірек  таулы жеміс ормандарына зерттеу басталып, ботаник Михаил Попов Malus Siversi алма ағашының қазіргі алма ағаштармен байланысын зерттей келе, олардың ежелгі түрі екені жайында болжам жасады. 1929 жылы орыстың ұлы ғалымы Н.И.Вавилов Орталық Азияға экспедицияға шығу барысында Қазақстанның оңтүстік шығысын жабайы алма мен өріктің орталығы деген болжам айтты. Кейін бұл болжам академик Аймақ Жанғалиевтің,  сондай-ақ  оның  көптеген шетелдік әріптестерінің  көп жылдық еңбегінің нәтижесімен Қазақстан жабайы Сиверс алмасы біздің ғаламшардағы алма өсімдігінің  атасы екенін дәлелдеп растады.

Алма ағашы сирек кездесетіндіктен Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген  түр. Осы жабайы ағашымыздың емдік қорын сақтауда ұлттық паркте көптеген іс-шаралар жүргізіледі. Атап айтсақ, ұлттық паркте ғылыми бөлім де бар. Сондай-ақ, Алматы және Талдықорған қалаларындағы ғылыми институттармен бірлескен жұмыс істейді. Бұл аумақтарда қорықтық күзет режимі белгіленген, яғни жеміс ормандарының табиғи экологиялық тепе-теңдігін бұзатын барлық шаруашылық қызметке тиым салынып, ерекше қорғауға алынған.

Мұнда жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ескіден қалған құнды  ағаштың  гүлденуінің  ұмытылмас әсем көрінісін тамашалауға келеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі