ЖАУАПСЫЗ МЕРДІГЕР, САПАСЫЗ ЖОЛ

Уақыты: 14.02.2023
Оқылды: 803
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Газетіміздің 31 қаңтарда шыққан №12 санында «Талдықорған: көшелер сапасы сын көтермейді» деген тақырыппен мақала жариялағанбыз. Онда облыс орталығындағы жөндеу жұмыстары аяқталмаған, шұрық тесік жолдарды сөз еттік. Соған орай Талдықорған қаласының әкімдігі тиісті жауап беріп, толық ақпаратты жолдады.

Қала бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 82 пайызды құрайды. Былтыр 72 көшеде 45,4 км жол жөнделді, жоспар бойынша 84 көшеде 53,2 км және 20 көшеде 10,5 км жаңа жол салынды. Жолдарды жөндеу бойынша 12 көшеде 7,8 км жоспардан артта қалушылық бар, себебі кейбір мердігер компаниялар өздеріне жүктелген жауапкершілікті толық орындамады.
Орта жөндеу бойынша шарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін (Сланов, Хан Тәңірі, Байғожин, Лесная, Алтын Орда, Теміржол, Жаңа Ғасыр, Өтенай ауылындағы Жақсыгелдинов, Солнечная, Еркін ауылындағы Абай, Болашақ, №7 бағыттағы Тыныбаев көшесінен 1 бөлімшеге дейінгі) материалдар соттың қарауында, олар «Ярус» және «СтройПроект-21» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
Биыл 18,3 км жаңа жол салу және 67,3 км жол жөндеу жоспарлануда. Жол салу жұмыстары «Жастар-1», солтүстік-батыс және 8, 9 шағынаудандарында жүреді. Жөндеу жұмыстары шығыс және оңтүстік-шығыс аудандарында, Өтенай, Еңбек ауылдарында жоспарланған.  Ащыбұлақ және Сарыбұлақ саяжайларындағы 43 көшеге (18,6 км) қиыршық тас төселеді.
Сонымен бірге, 4 нысан жобалануда. Олар: Шайқорған, Жастар-2, 3-бөлімше және Көктал ауылдары. Аталған жобалар бойынша сараптамалар 2023 жылдың 2-тоқсанында алынады. Сондай-ақ, биыл 16 бағдаршам орнатылмақ. «Smart» аялдамаларына келетін болсақ, жұмыстар толығымен аяқталды. Электр қуаты қосылды, бейнебақылау қалпына келтірілді, есіктер, әйнектер ауыстырылды, жылытқыштар орнатылды. Сонымен қатар, 12 жаңа аялдама кешені орнатылды.
Пилоттық жоба ретінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 5 учаскіде «Сергек» камералары орнатылды (Балпық би-Жансүгіров, Үштөбе және Алматы Батыс айналымы, Жансүгіров көшесі политехникалық колледж, Біржан Сал-Гаухар ана). Нәтижесінде авариялық-қауіпті учаскелер анықталды, оларға қосымша 130 «Сергек» кешенін орнату қажет.
Берілген жауаптан байқағанымыз – жол салу мен жөндеуге қажетті қаражат бөлінеді, тек мердігерлердің жауапсыздығынан жоспар толық орындалмай тұрғындар тарапынан арыз-шағым көптеп түседі. Ендігі кезекте жоғарда аталған жауапкершіліктен жалтарған компанияларға қатысты сот шешімі шығып, басталған жұмыс тезірек аяқталса екен дейміз. Сонымен қатар жұмыстың сапасына мән беріліп, қатаң қадағаланса нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе жасалған жолды қайта жасап, шұңқырларды қырық жамап күнелтуге тура келеді. 
Талдықорғандықтарды тек қана жол емес, ауланы абаттандыру, арықтарды тазарту, жылу құбырларын жаңалау сынды сұрақтар да жиі мазалайды. Әсіресе, қаланың көркін кіргізетін «Болашақ», «Көктем», «Бірлік» сынды жаңа шағынаудандардағы жағдай мәз емес. Күн жылыса болды ата-аналар балаларын ойнататын жер таппай, көрші «Самал», «Мүшелтой» шағынаудандарына апаруға мәжбүр. Ал ойын қуған балалар ол жаққа өз бетінше бара алмайды. Талдықорған деген атқа лайықталып, егілген ағаштардың біразы қурап қалған. Мысалы, «Болашақ» шағынауданындағы №32 көппәтерлі тұрғын үйді салтанатты табыстау кезінде ауласында ағаш отырғызылған еді. Бірер айдан кейін қурап, тамыр жая алмай қалды. Әрине, оған әкімдікті кінәлаудың қисыны жоқ. Сол үйде тұратын тұрғындардың да енжарлығы. Күн сайын баптап, суғарып тұрса мұндай жағдай орын алмас еді. Сол себепті, әркім жауапкершілікті өзінен бастау қажет. Қаламыз көрікті болсын десек, өзіміз соған лайықты өмір сүруге тиіспіз.

Мәулен ӘНЕРБАЙ
Талдықорған қаласы