АДАМЗАТ КЕЛБЕТІ

Уақыты: 09.03.2023
Оқылды: 1127
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ана деген құдіретті сөз, сырлы әлем! Осы бір ұлық ұғымның тінінен өміріміз өріліп, тіршілігіміз түлеп тұр! Адамзаттың ар-ұяты, келбеті, аялайтын аппақ әлем жер беті,  деп толқыта,  тасыта ақ өлеңге басатын-ақ күн бұл! Көңілдері көктем атып,  жүректері бүрін ашып, алаулаған ақдидар аналар мен айдай аруларды қалай дәріптесек  те көптік етпейді.  Жыр жүйрігі Мұқағали Мақатаевша қайырсақ:

...Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай,
Ойбай!..
Бола берсін көп, мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді...
Расы сол, әлем келбеті­ – арулардың бейнесі. Бір ананың жүрегі ауырса –  адамзат  денесінің дімкәстігі деп қараймыз! Осы түйсікке жүгінген елдер өсіп-өркендеуінің қаншалықты озып кеткендігін де білеміз. Бұл да дұрыс, көз қырыңды саласың, ойыңды қиял қайығына маласың. Не істеп отыр Алашым, қай бағытта  барасыңға ойыссақ, шүкір дейміз, қолымызды жүрек тұсына қойып! Ана мерейін Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап  барынша тасытып жатырмыз. Ғұмырларын мәнді, өздерін сәнді ету өрісіндегі тындырғанымыз – бір тоғыз болса, алдағымыз – қырық тоғыз! Мұны да терең түйсінеміз.
Айтайын дегенім –Ұлы Даламызда 8 наурыз мерекесіне дейін де арулардың мерейі үстем, қадірі озық болған! Қыз баланы ұрпақ өсіруші, ұлт келешегі деп ерекше мәпелеген. Бойына адамгершілік, еңбекқорлық, ізгілік, инабаттылық, имандылық сияқты қасиеттерді қаршадайынан еккен. Сөйтіп ғасырлар тереңінен түзілген дәстүрлі өнегенің аясында қыз баланың рухани-мәдени жетілуіне,  саналы бойжетуіне барынша ықылас танытқан. Осы арада ұлы түркілердің кезекті бір империясының негізін қалаған Шыңғыс қағанның үлгісін алға тартсақ, көп дүниенің айдыны ашыла береді. Анасы Ұлұн мен зайыбы Бөрте ханымды ғұмыр бойы ардақтап өткен Шыңғыс қаған қызы Алағай бикені ұзатарда былай деген еді: «Жаңа жұртыңа игілік, ізгілік апар. Күйеуің көтерілсе, демеуіш бол, шайқалса сүйеніш бол, тайғанаса таяныш бол. Кісі ғұмыры қысқа, бірақ абыройлы атақ мәңгілік. Ең жанашыр досың – ақыл-парасатың, ең зұлым дұшпан – тежеуіш ашуың. Төңірегінде сенетін дос көп болар, бірақ ең берігі – өзіңнің ақ-адал жүрегің. Дүниеде аялайтын асыл көп болар, бірақ ең қымбаты – өзіңнің өмірің. Адал жүрсең, әрнеден жолың ашық болар. Ақылмен шешсең, ғұмырың ұзара түсер. Қиындықтан қашпа, жаза баспа!». 
Мына жайнақ дүниемізбен астасып тұрған осынау өсиет мәңгілік темірқазығымыз дер едім. Мұндағы «ақыл-парасатың» деген ұғым ең алдымен дәстүрлі әдеп, ибамен өзектеседі, көгереді, көктейді. Көбімізге таныс мына бір мысалды келтіре кетелік. Бір келіншектің алты бірдей қайнағасы болған екен. Азан шақырып қойған есімдері төмендегідей: Өзенбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қойшыбай, Қайрақбай, Лөкетбай. Келіншек бірде өзенге су алуға барған бетте бір қойды жәукемдеп жатқан қасқырды көреді де, дауыстап үркітіп жібереді. Содан қой арам өліп қалмас үшін үйге қарай ұшып келіп: «Сарқыраманың арғы жағында, сылдыраманың бергі жағында маңыраманы ұлыма жегелі жатыр екен,  үркітіп жібердім. Ана маңыраманың арам өлетін түрі бар, тезірек қынаманы жанымаға жанып-жанып алып жетіңіздер!», – деген екен. Көріп отырсыз, қандай қысылтаяң, қорқынышты сәттің өзінде де жас  келіншек  қайнағаларының аттарын атап қоймас үшін сарқырама, сылдырама, маңырама, ұлыма, қынама, жаныма деген  бейнелі сөздерді табан астында өріп жіберген. Міне, осының өзі оның бойындағы қанмен келген дәстүрлі тәрбие, әдепті жосынды аңғартып тұр! Осынау халықтық  педагогика, ұлттық  асыл арнаның үлгілері бүгінгі жаңғырған дәуірімізбен де әдемі жарасымын табуда. Кешегі Зылиха Тамшыбаева, Бәтима Сақауованың рахман болмыс, шарапатты істері қандай еді, шіркін?! Бүгінгі ортамызды толтырып, бір өзі бір керім кеңістік болып жүрген  жаркенттік  Еңбек Ері  Күләш Айтжанова апайымыз    туралы әңгіме тіптен  бөлек.
Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с)  «Иә, Расулуллаһ, жақсылықты алдымен кімге істейміз?, – деп сұрағанда, ол: «Анаңа!» дейді. «Одан кейін ше?» дегенде, тағы да «Анаңа!», – дейді. «Ал одан кейін ше?»  деп қайталаған сұраққа: «Анаңа!» – депті. 
Әркімнің анасы өзіне қымбат, жарқыраған жұлдыз көктегі! Жасымыз қаншаға келмесін ана үшін перзентпіз. Ана десе үзіліп кете жаздаймыз! Анашым өте ақылды, өнерлі де жігерлі,  жаны да, өзі де көркем жан еді. Жүрек жылуы қазір де қыздырып тұрар бойымды! 10-сыныпты бітіргенше  еркелетіп, ертеңгі күнге талпындырып,  ұштап отыратын. «Есіміңді ырымдап, Әміре деп қойдық. Алла жазса, атақты адам боласың!» деуші еді елжіреп. Қайран анашым, қаншалықты атақты болғандығымды басқалар бағалар, көңілі ауса. Ең бастысы, ғұмыр бойы ақ сүтіңді ақтап, айтқан аманаттарыңды  жадымнан бір сәтке де шығармай келемін! 
Бүршік атып оралар бағалы күн,
Мерекеге, жігітім, жара бүгін.
Шабыт шалқып барадыесі кетіп,
Шегін қуып, Домбырам сағағының.

 

Ана – бақыт, 
Ана – жыр,
Ана – ғұмыр,
Жақсылықтың жайнақ-күн сабағы бір.
Сегізінші наурызым сезсең егер,
Жан жұмағы, әр жылғы жаңа дүбір! – деп аналарға ана бір жылы арналған өлеңімнің бірер шумағымен лебізімді ірке тұрайын!

Әміре ӘРІН,
Қазақстан  Журналистикасы академиясының академигі