ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ: «ТАЛДЫҚОРҒАНДА ПӘТЕР КЕЗЕГІ ЗАҢСЫЗ ЖҮРГІЗІЛІП КЕЛГЕН»

Уақыты: 11.03.2023
Оқылды: 1275
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қаралы қаңтар еліміздің құқық қорғау органдарының жұмысына жаңашылдық әкеліп, тұрғындардың тыныштығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қарқынды жұмыс істеу керегін ұғындырды. Осыған орай облыс прокуроры Мадияр Басшыбаевпен сұхбаттасып, Жетісу жеріндегі қылмыстың ерекшелігін  сараладық.

– Мадияр Бекенұлы, көпшілік сіздің Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында жұмыс істегеніңізді жақсы біледі. Жетісу облысына келгеніңізге жыл толған жоқ. Кең-байтақ Қазақстанның әрбір өңірінде өзіндік ерекшелік бар. Сіздіңше Жаркент пен Алакөлдің арасын алып жатқан аймақта қандай қылмыс кең таралған? Олардың ашылу үлесі қандай?

– Жалпы, елімізде географиялық, геологиялық өзгешелік болғанымен қылмыс атаулыда айырмашылық жоқ деп есептеймін. Сондықтан Жетісу облысының аумағында орын алған қылмыс барлық өңірде де жасалады. Дегенмен, облыста меншікке қатысты қылмыстың үлесі зор болып тұр. Атап айтқанда, орын алған 4881 қылмыстың 3615-і меншікке қатысты. Бұл барлық қылмыстың 74%-ын құрайды. Оның ішінде ұрлық 27%-ға, алаяқтық 19%-ға және ұсақ-түйек жымқыру 19,5%-ға тең. Осы қылмыстар өз деңгейінде ашылып отыр. Оның ішінде ұрлық – 52%-ға, алаяқтық – 20%-ға және ұсақ-түйек жымқыру – 77%-ға ашылды.
Аймақтағы қылмыстың өсуін алдын алу мақсатында арнайы талдау жүргізген облыстық прокуратура мамандарының қорытынды жұмыстары ведомствоаралық  алқа жиналыстарында талқыланып отырады. Мысалы, былтыр жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық істер, қазіргі таңда ең өзекті мәселеге айналып отырған жасөспірімдер қылмысы және балаларға жасалған қылмыстық істер алқа мәжілісінде қаралып, жан-жақты талқыланды. Одан бөлек прокуратура басқа да қылмыс бойынша талдау жүргізеді. Сондай-ақ, құқықбұзушылықты болдырмау мақсатында өзге де құзырлы органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, ақпарат алмасып тұрамыз. Тіпті, кейбір аса өзекті тақырыптар бойынша облыстық прокуратура мамандары құрған жоспарды жүзеге асыру мақсатында жол карталары жасалады. Осының өзі облыстық прокуратураның қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың қалыптасуына елеулі үлес қосып отырғанын көрсетеді.

– «Малым – жанымның садақасы» дейтін қазақтың ауылды жерде малсыз күн көруі қиындау. Сондықтан мал ұрлығын болдырмауды көпшілік қалайды. Облыс аумағында осы келеңсіздікпен күрес қалай жүргізіліп жатыр?

– Мал ұрлығына келетін болсақ, осыдан 3 жыл бұрын, 2020 жылы Қылмыстық кодекске жаңадан «Мал ұрлығы» деген 188–1 бап енгізілген болатын. Онда бірнеше рет мал ұрлаған қылмыскерге ең ауыр жаза – 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Шынында біреудің айлар бойы баптап-күткен малының қолды болуы оңай тимесі анық. Сол себепті мал ұрлығы бүгінгі  күннің  өзекті мәселесіне айналып отыр. Жыл сайын қараша, желтоқсан айы келгенде соғым науқаны басталатыны мәлім. Соған орай көпшілік өрістегі малынан айырылып, сан соғып жатады. Әсіресе, тұяқты малды қараусыз жіберудің соңы өкінішке әкеліп соғады. Сондықтан халқымыздың: «Өз- өзіңе берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген нақыл сөзі көп нәрседен хабар берсе керек. 
Былтырғы статистикалық мәліметтерге қарасақ, облыс бойынша мал ұрлығы 44,6%-ға азайған. Яғни, мал ұрлығы 2021 жылы 195 болса, былтыр 108 мал ұрлығы тіркелген. Соған қарамастан, облыс орталығы мен кейбір аудандарда барымтаның өскені байқалады. Атап айтқанда, алдыңғы жылы Талдықорған қаласында 1 мал ұрлығы тіркелсе, өткен жылы бұл сан 10-ға жеткен. Сондай-ақ, мал ұрлығы Ақсу ауданында 39,1%-ға, Ескелді ауданында 15,4%-ға өскен. Биыл жыл басынан бері тіркелген 6 мал ұрлығы Көксу, Панфилов аудандарына екі-екіден, Ақсу, Ескелді аудандарына бір-бірден тиесілі. Арнайы жүргізілген талдауға қарасақ, мал ұрлығының бірнеше себебін көруге болады. Біріншіден – қараусыз жүрген мал жоғалады. Малшымен келісімшарттың болмауынан «еркін жайылған» мал ұрының қолына түседі немесе шығандап жайылып кетеді. Екіншіден – мал қораның берік болмауы. Көп жағдайда тұрған орны жабдықталмаған малды ұрылар қорадан кедергісіз әкетеді. Үшіншіден – таңбасы мен сырғасы болмағандықтан ұрланған малды тану қиын. Негізі санақ жүйесіне енгізілмеген малды құжатсыз тасымалдауға әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сондықтан малды уақытылы тіркеу қажет. Қысқасын айтқанда, ауыл тұрғындары қолындағы әрбір малын сырғалап, таңбалап, құжаттарын реттеуі керек. Сонымен қатар, жайылымға қараусыз жібермей, мұқият болғаны жөн. Егер өзі баға алмаса бақташы жалдап, арнайы келісімшарт жасаған дұрыс.
Негізі жоғалған малды көз жетпей тұрып, ұрланды деп айтуға болмас. Себебі, қараусыз кеткен малдың егістікке түсіп, диқандарды әбігерге салатыны аудандарда өткен кездесулерде жиі айтылды. Диқанның ерте көктемнен тырбанып, жаздың ыстығында еңбектеніп өсірген бақшасына түскен тұяқты мал бар дақылды жарамсыз етіп кетеді. Одан бөлек, қараусыз жүрген мал республикалық жолға шығып, автокөлік апатына себепкер болып жатады. Міне, осыған орай ішкі істер департаментімен бірлесіп, мал иелерінің жауапкершілігін арттыруды ойластырып отырмыз. Өйткені, саналы адам ие болмаған тұяқты мал күре жолдың бойында бір адамның өмірін қиюы мүмкін. Ал мал ұрлығына қатысы барлар жазадан құтыла алмайды. Ұрыларды түгел қамауға алуға Қылмыстық кодекске енгізілген 188–1 бап себеп болып отыр. 

– Қазіргідей қымбатшылық қысқан тұста пәтер тонаушылар жиі көзге түседі. Оларды ұстау қалай жүргізілуде?

– Былтыр облыс аумағында 134 пәтер ұрлығы тіркелді. Бұл жалпы ұрлықтың 10%-ын құрайды. Осы қылмыстардың ашылу деңгейі 50%-ға жетіп, 50-ге жуық пәтер тонаушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жалпы, пәтер тонаушы кәсіби және әуесқой деген атаумен екіге бөлінеді. Пәтер көбіне көктем және жаз айларында тоналады. Себебі, күн ыстық кезде терезе мен есіктің ашық тұратыны және еңбек демалысына шыққанда пәтерді ұзақ мерзімге қараусыз қалдыратынымыз ащы да болса шындық. Ұрылар осындай сәтті қалт жібермейді. Ашық терезеден кіріп, қолға ілінгенді әкетеді. Ал адам жоқ үйді әбден тінтіп, қымбат заттарды үптеп кетеді. Сол себепті, сақ болу керек. Ұзақ мерзімге кеткен жағдайда көршілерден үйге қарай жүруді сұрау керек. Мүмкін болса терезеге темір тор салдырып, бейнебақылау камерасы мен дабыл жүйесін орнатқан жөн.
Дегенмен, құқық қорғау органдары ұрлықтың алдын алу, қылмысты ашу мақсатында аянып қалып жатқан жоқ. Қарапайым халыққа ескерту жасап, сақтық шараларын күшейту тапсырылып тұрады. Осыған орай прокуратура ведомствоаралық жиындар өткізіп, әртүрлі шаралар қолдануда. Соған қарамастан пәтер ұрлығы толастамай тұр. Шынында өмір бойы жиған-тергенінен айырылып қалу – адам үшін өте ауыр. Бұл тіпті, қиянаттың ең зоры дер едім. Бала-шағасының аузынан жырып, тірнектеп жинаған дүниесін әп-сәтте жоғалту оңай емес. Сол себепті, пәтер ұрлығы мен алаяқтықты қатаң бақылауда ұстап отырмыз.

– Ендеше сол алаяқтыққа тоқталсақ, қазіргі көпшілік әлдекімге алданып, жиі зардап шегіп жатады. Соңғы кезде осы қылмыстың өршіп кетуіне не себеп?

– Расында алаяқтық тұрғындардың қаржылық сауатсыздығынан орын алады. Қанша ескертіп, жөні жоқ нәрселерге сене беруге болмайтынын айтқан сайын тұрғындар керісінше істейді. Өңірлерде өткізген кездесулер кезінде қаржылық пирамидаға, оңай ақшаға ұмтылу жарға жығатынын айтқанымыз аяқсыз қалды.
Жыл сайын алаяқтықтан зардап шеккендердің саны өсіп барады. Мысалы, былтыр 938 алаяқтық тіркелген. Оның жартысынан көбі, яғни, 452 дерек интернет-алаяқтық. Соңғы кезде IT-технологияның қарқынды дамуына байланысты алаяқтар интернет кеңістігіне көшіп, Instagram, VK, Tik-tok сынды әлеуметтік желілерге оңай ақша табу, мүлікті арзан бағаға сату туралы жалған жарнамалар салу арқылы адамдардың сенімін теріс пиғылға пайдаланып, халықтың тірнектеп жиған қаржысын иемденіп жатыр. Міне, осындай бұлтартпас мәліметтерге қарамастан қарапайым жұртшылық алаяқтарға арбалуын тоқтатпай отыр. Тіпті, бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаған мақалалар мен бейнеүзіктерге, әлеуметтік парақшалардағы хабарламаға және құқық қорғау органдары өткізген алаяқтықтың алдын алу жөніндегі іс-шараларға қарамастан адамдар алдау-арбау құрығына түсуде. Сондықтан қоғамды алаңдатқан алаяқтықты бірлесіп қана жеңе аламыз. Ол үшін журналистер, блогерлер ескерте беруден танбауы керек.

– Соңғы кезде қалта ұрылары көбіне мобильді телефонды әкететінін жиі естіп жүрміз. Технология қарқынды дамыған тұста оларды табу қиын ба?

– Меніңше бұл әсірелеп айтылған дерек. Былтыр облыс аумағында ұялы телефон ұрлығына қатысты 269 қылмыстық іс тіркелді. Оның 171-і сотқа жолданды. Міне, осы қылмыстың тек алтауын қалта үптеушілер жасаған. Әрине, қымбат бағалы телефон ұры атаулының көз құрты. Себебі, ұрланған телефонды базарларда сатып жіберуге мүмкіндік бар. Тіпті, ұсталған аппараттың өзін бөлшектеп сатуға болады. Жоқ дегенде қосалқы бөлшек ретінде сатылады. Ұры сол арқылы пайда табуды көздейді. Сондықтан бөлшектеліп, қосалқы материал ретінде сатылған телефонды табу қиын. Егер, телефон іске қосылып, біреу ұстап жүрсе, табу оңай.
Осыған орай, тұрғындардың өз мүлкіне сақ болуын ескертеміз. Ұялы телефонды қол жетпейтін ішкі қалтаға салып жүруге кеңес береміз. Қол сөмкеге салған жағдайда аузын мықтап бекіту қажет. Міне, осындай қарапайым ережелерді ұстанғанда ғана қалта ұрыларының жолын кесуге болады.

соңғы 3 жылдың ішінде облыс аумағында жалпы қылмыс деңгейінің төмендегені байқалады. Атап айтқанда, бейнебақылау камераларына 2020 жылы 5347, 2021 жылы 5009, былтыр 4881 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген.
Жалпы, бейнебақылау тек қылмысты анықтаумен ғана шектелмейді. Әкімшілік құқық, қоғамдық тәртіп, жол-көлік ережелерінің бұзылуы анықталып, құқық бұзған әрбір адам жауапқа тартылуда.

– Қазіргідей технология қарқынды дамыған кезеңде облыс орталығы мен аудандарда бейнебақылау камералары көптеп орнатыла бастады. Бұл қылмысты болдырмауға септігін тигізе ме?

– Әрине, қоғамдағы кез келген нәрсені бейнебақылау камераларымен анықтау септігін тигізіп жатқанын көріп жүрміз. Оның үстіне, қарқынды дамыған технологияны пайдаланбау артта қалумен тең екенін ескерсек, бейнекамераларды көптеп орнату қылмысты болдырмауға оң әсер ететінін ұғыну қиын емес. Сондықтан соңғы 3 жылдың ішінде облыс аумағында жалпы қылмыс деңгейінің төмендегені байқалады. Атап айтқанда, бейнебақылау камераларына 2020 жылы 5347, 2021 жылы 5009, былтыр 4881 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Жалпы, бейнебақылау тек қылмысты анықтаумен ғана шектелмейді. Әкімшілік құқық, қоғамдық тәртіп, жол-көлік ережелерінің бұзылуы анықталып, құқық бұзған әрбір адам жауапқа тартылуда. Бейнебақылау камераларының тағы бір оң нәтижесі тілсіз болса да тұрғындарды тәртіпке шақыратынында дер едім.
Жалпы, бейнебақылау камералары тек көшеге ғана емес, құқық қорғау органдарының ғимараттарына да орнатылған. Бұл қылмыстық қудалау органдарының әр азаматтың конституциялық құқығын бұзбаудың, жөнсіз азаптауға жол бермеудің бір жолы болып тұр. Былтырғы қаңтар оқиғасынан кейін орын алған келеңсіздіктерге байланысты биылдан бастап, күдіктілерді азаптауға қатысты қылмыстық істерді прокуратура органдары, оның ішінде арнайы прокурорлар тергейтін болды.
Бүгінгі күні облыс аумағында іске қосылған 995 бейнебақылау камерасының 871-і Талдықорған қаласында орнатылған. Камералардың бәрі жедел басқару орталығына қосылған. Соның ішінде 110 бейнекамера полиция департаменті ғимаратына орнатылса, 686 бейнекамера қалалық, аудандық полиция басқармаларында іске қосылған.

– Аса ауыр қылмыстардың ашылу үлесі қандай?

– Соңғы 3 жылда аса ауыр қылмыстың бірқалыпты төмендеу қарқыны байқалады. Атап айтқанда, 2020 жылы 66, 2021 жылы 55, былтыр 55 аса ауыр қылмыс тіркелген. Олардың ашылу үлесі 67,3%-ды құрайды. Былтырғы Қаңтар оқиғасы осы санаттағы қылмыстың артуына себеп болып, аса ауыр 10 қылмыс тіркелді.
Жалпы, бұл санаттағы қылмыстың бәрі облыстық прокуратураның қатаң бақылауында. Өйткені, аса ауыр қылмыстық істердің айыптау актілерін былтыр жыл басынан бастап қадағалаушы прокурорлар жасайды. Яғни, қылмыстық іс тіркелгеннен бастап, түпкілікті процессуалдық шешім шыққанға дейін прокурорлық қадағалау жүргізіледі. Мұндай істерге тағайындалған прокурор тергеу әрекеттеріне қатысып, істің толыққанды тергелуіне мүмкіндік береді.

– Қазір адамды құлдыққа салу деректері көптеп кездесуде. Ерте заманда жойылған өрескел әрекет бүгінгі күні неге шықты? 

– Қазіргі құлдық – бұл мәжбүрлі немесе міндетті еңбек және адам саудасы сияқты құбылысты қамтиды. Жалпы, құлдық – бүкіл әлем бастан өткеріп отырған өзекті мәселе. 
Оның алдын алудағы негізгі тетіктің бірі – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Осы мақсатта біздің мемлекетте бірқатар әлеуметтік бағдарламалар қолға алынған. Атап айтқанда, жұмыспен қамту, аналарды қорғау бағдарламалары іске қосылып, халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін көтеру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы  Қылмыстық кодексінде көрсетілген «адамды қанау» түсінігі құлдықтың сипатын қамтиды және оны жасаған адамдар Қылмыстық кодекстің 125, 126, 128, 308, 309-шы баптарымен жауапкершілікке тартылуы тиіс. Енді осы баптарға тоқтала кетсек, 125-ші бап адам ұрлығын, 126-шы бап бас бостандығынан заңсыз айыруды, 128-ші бап адам саудасын, 308-ші бап жезөкшелiкпен айналысуға тартуды, 309-шы бап жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлықты әшкерелейді. Биыл аталған баптар бойынша қылмыс тіркелмеді.
Дегенмен, Өзбекстан азаматы Хамраевты Қаратал аудандық полиция қызметкерлері ұрып-соғып, құлдыққа салғандығы туралы мәлімет бұқаралық ақпарат құралдарына, инстаграм желісіне шыққаны баршаңызға мәлім. Осыған орай Қылмыстық кодекстің 362-бабы, 4-бөлігінде қарастырылған лауазымды өкілеттікті асыра пайдалану бойынша қылмыстық іс тіркелгені рас. Қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тергеу амалдарын жүргізуде.
Әрине, өкінішті жағдай. Бірақ мұндай келеңсіздік болмауы керек.

– Халқымызды ғасырлар бойы алаңдатқан нәрсе – жер дауы мен жесір дауы еді. ХХІ ғасырға қадам басқанымызға 20 жылдан асса да еліміздегі жер мәселесі өзекті болып тұр. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына байланысты қазір кең-байтақ Қазақстанның барлық өңірінде пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне алу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай Жетісу облысында 1 миллион гектардан астам жердің қараусыз, бос жатқаны анықталды. Құзырлы органдар мен жергілікті атқарушы биліктің қатысуымен 100 мың гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмыс жалғасады. Себебі, пайдаланылмай жатқан жер көп. Олардың бәріне прокурорлар ықпал ету актілерін ұсынды. Күтетін мерзіміне байланысты оларды қайтару тоқтап тұр. Осы жұмыстардың нәтижесінде 300 мың гектарға жуық жерді еншілегендер неше жыл бойы қараусыз жатқан жерлерді игеруге кірісті.
Жер мәселесі біздің облыс үшін өте өзекті болғандықтан, Бас Прокуратурамен бірге «Заң жүзіндегі жер» деп аталатын жобаны жүзеге асыруды ойластырып жатырмыз. Бұл жерге байланысты өзекті мәселелер анықталып, адами фактордың және сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекеттердің болмауына, жұмыстардың ашық, жария әрі адал жүруіне қажет. Оны уақыты келгенде арнайы жариялап, халықтың назарына жеткіземіз. Яғни, берілетін жерге қатысты мәліметтер қоры цифрланып, жасанды интеллект кезегі келген адамды өзі анықтайды. Жер телімін иегеруге ниетті адамның барлық дерегін жинақтап, мүмкіндігін салмақтайтын компьютер кімге беруді өзі саралайды. Бұл ашықтықты, жариялылықты, әділдікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді деп ойлаймыз.

– Облыс орталығында пәтердің кезегіне байланысты жанайқай жиі шығады. Осыған орай қатаң тексеру жүріп жатқанын да білеміз. Сіздердің тараптан қандай талап қойылып жатыр?

– Иә, Талдықорғанда пәтер мәселесі аса өзекті. Сондықтан оны үшке бөліп қарастыруға кірістік. Бірінші – кезек. Өкінішке қарай, пәтер кезегі заңсыз жүргізіліп келген. Заң бойынша 6 санатқа бөлінуі керек болатын. Алайда осы 6 санатты өз ішінен бөлшектеп, 19 санат жасалған. 2021 жылы тұрғын үйдің кезегі электронды нұсқаға ауыстырылғанда тұрғындар өзінің тізімнің қай тұсында екенін таппады. Сөйтіп шу шықты. Тіпті, 1700 адам үйдің кезегінен мүлде түсіп қалады. Осыған орай тексеріс жүргізіліп, ықпал ету актісі жасалды. Сөйтіп, кезектен шығып қалғандардың 1200-і кезекке қайта тұрғызылды. Енді қалған 500 адамға байланысты жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде пәтер кезегіндегі санатқа кірмейтіндер бар. Соған орай қала әкімдігі мен қалалық прокуратура бірлесе жұмыс атқаруда. Осылайша кезек мәселесі біртіндеп шешіліп келеді.
Екінші – мыңнан астам пәтердің заңсыз берілгені. Өйткені, көшіп кіргендердің бірде-бірінде ешқандай құжат жоқ. Тұрғын үй комиссиясы беруі тиіс шешімді естімеген, көрмеген. Тек кілтті алып, көшіп кірген. Міне, осындай ретсіз, тәртіпсіз жағдайды қылмыстық топтар пайдаланып отырған. Олардың арасында қарапайым адамдар да, мемлекеттік органдардың қызметкерлері де бар. Міне, осы бағытта үлкен жұмыс істеліп, алаяқтықпен айналысқан бөлек-бөлек 3-4 топтың үстінен іс қозғалды. Қатысы барлар қамауға алынып, тергеліп жатыр. Жақын арада қылмыстық іс сотқа жіберіледі. Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне арнайы тапсырыс беріп, 2 мемлекеттік қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғаттық. Қамауға алынған екеудің біреуі қалалық әкімдіктің қызметкері. Тергеу амалдарына байланысты басқа мәлімет бере алмаймыз.
Берілген пәтерлерде бәленбай жыл бойы тұрып келе жатқан тұрғындарға үйлерін заңдастырып беру жұмысы жүріп жатыр. Қала әкімі Әсет Масабаев ұжымының тынымсыз жұмыс атқаруының нәтижесінде 300-ге жуық пәтердің құжаты заңдастырылды. Бұл – үлкен жұмыс. Себебі, негізге алатын бірде-бір құжат жоқ.
Үшінші, қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі коттеджді қалашығы – көпшілікті алаңдатқан мәселе. Себебі, еңселі етіп салынған үйлердің сапасы сын көтермейді, кейбір үйлердің құрылысы аяқталмағандықтан пайдалануға берілмеген. Осыған орай дереу жүргізілген тексеріс нәтижесі бойынша тұрғындардың шағымы негізсіз еместігі анықталды. Сөйтіп, 200-ден астам коттедж бітпегені, оның ішінде 14 үйдің құрылысы мүлде басталмағаны белгілі болды. Осы 200 үйді ішкі аудит департаменті тексеріп, «жарты миллиард теңгеден астам залал келді» деген қорытынды берді. Қылмыстық іс қозғалып, арнайы прокурорлар тергеу жұмысын жүргізіп жатыр. Осыны көрген тұрғындар коттедждің сапасына қатысты шағым түсіре бастады. Өткенде арнайы барып, көріп қайттым. Шынында сапасы көңіл қуантарлық емес. Оған арнайы сарапшы мамандар қорытынды шығарады. Соған байланысты жұмыс жалғасуы мүмкін. Расын айтқанда жұмыс көп, шағым аз емес.
Батыр атамыз Бауыржан: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген ғой. Ақиқатын айтқанда, тәртіп – қоғам тыныштығының кепілі!

– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мәди Алжанбай