ДӘРІНІ ОРНЫМЕН ПАЙДАЛАНЫҢЫЗ

Уақыты: 31.03.2023
Оқылды: 461
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазіргі кезде ауруды емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектің түрі көп. Әрбір дәрінің пайдасымен қатар тигізер зияны да аз емес. Сондықтан оны жөнімен пайдаланған дұрыс.

Осыны білсек те тамақты ғана емес, дәрі-дәрмектерді де ретсіз ішетін болдық. Өйткені, ол жұта салып жүріп кеткенге ыңғайлы. Бұған бүгінгі таңдағы қауырт тірлік, қарбалас жұмыс әсерін тигізуде. Мұның зардабын алдымен ас қорыту жүйесі мен бауыр, кейін бүкіл ағза тартады. Гас-троэнтеролог мамандарының пікірінше, кейінгі кездері ішек аурулары көп тіркеліп жатқан көрінеді. Коронавирустан кейін аутоиммундық сырқаттар мен бауыр аурулары да көбейген. Әсіресе, жастар қазір фаст-фуд жеп, энергетиктерді, газдалған сусындарды ішуге құмар. Үлкендер де тынымсыз өмір ырғағына ілесіп, күйзеліске толы жүктемелерді мойынға артып өмір кешуде. Сайып келгенде, мұның бәрі түрлі аурудың асқынуына жол ашады. 

Тіпті, уақытылы тамақтанбау, ашқұрсақ жүру де ағзаға үлкен зиян. Ең өкініштісі сол, адамдар ағзадағы ауырлықты сезініп, азабын тартып жүрсе де дәрігерге жүгінуге құлықсыз. Дәрігер кабинетінің алдында кезек күтіп, түрлі талдау тапсырып, әуре болғаннан гөрі әркімнің кеңесімен қолына түскен дәріні іше салғанды оңай көреді. Дәрігерлер мұндай әдеттің пайдасынан зияны көп екенін айтады. «Таблетка» деп аталатын түйме дәрілер де асқазанның шырышты қабаты мен ішектерге зиян. Мұндай дәрілердің әсерінен шырышты қабатта жара пайда болатыны дәлелденген. Мамандар белсенді биологиялық қоспаларға әуес болмау керектігін де ескертеді. Тіпті ондай қоспаларды ішу қажет болса, дәрігерден кеңес алған жөн. 

Ал гепатологтар белсенді биологиялық қоспалар мен құрамында парацетамол бар дәрі-дәрмекті рецептсіз ішетін адамдардың атауы әртүрлі болғанымен заты бір дәрі ішіп жүргенін түсінбейтінін айтады. Мәселен, «терафлю» мен «фервекстің» құрамында парацетамол бар. Оның үстіне апарып парацетамол ішетіндер көп. Яғни, бір типтес дәріні ретсіз ішу бір дәрінің дозадан асырып ішумен бірдей. Осының салдарынан дәріден туындайтын дәрілік гепатитке тап болады. Бір дәріні бір жылдан артық ішсе, фиброз пайда болып, ушығады. Талшықты тіндер бауыр циррозының қайтымсыз сатысына әкеледі. Ең қауіптісі, бауырға зақым келгенін ағза тым кеш білдіреді. Бауырмен байланысты сырқаттардың зертхана арқылы ғана анықталып жататыны содан көрінеді. Сондықтан, мамандар кез келген препаратты пайдаланатын кезде алдымен дәрігердің кеңесіне жүгінгеннің маңызды екенін ескертеді.  

Айгүл Байбосынова