ӘКІМГЕ ЗӘРУ АУЫЛ, ДИРЕКТОР ТҰРАҚТАМАЙТЫН МЕКТЕП

Уақыты: 01.04.2023
Оқылды: 2713
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халқымызда: «Жүргенге жөргем ілінеді» деген нақыл бар. Журналист болып жер шалып жүрген соң неше түрлі қызық жағдайға кездесіп, ел ішіндегі қордаланған мәселелерді көресің. Оның бәрін бірден шешіп тастауға қауқарың жетпесе де елдің жағдайын көріп, өкпе-ренішін тыңдап, үміт-тілегінің орындалуына септессем деп талпынасың.

Бірде қаршадай қызбен сапарлас болдым. Өзін: «Ақсу ауданы Қосағаш ауылында тұрамын», – деп таныстырды. Жас та болса әр нәрсеге парықпен қарап, байыппен ой түйетіндігі жылы жүзінен білініп тұр. Менің журналист екенімді білген соң туып-өскен, бүгінде еңбек етіп жүрген ауылының жағдайын әңгімелей бастады. Көңілі толмайтын келеңсіздіктерді жасырып-жаппай, бар қалпымен баяндағанын да біліп отырмын. 

Қоштасар сәтте:
– Журналистерді көп тани бермеймін. Сізбен кездескеніме қуаныштымын. Ауылдың жайын жасырмай айттым. Егер уақытыңыз бен мүмкіндігіңіз болса біздің ауылда шешілуге тиісті дүние көп. Соны бір жазып берсеңіз? – деп өтінді.

 

Ақын Сара туған жер

Халқымызда: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген сөз бар. Туған жер адамның кім болатынын, қандай өмір сүретінін белгілемесе де оның адами қасиеттерінің қалыптасуына өзіндік ықпалы болары анық. Қазақ айтыс өнерінің жарқын үлгісі саналатын атақты «Біржан сал мен ақын Сараның айтысы» Ешкіөлмес тауының баурайында өтіп, сол жер бүгінде Ақын Сара ауылы деп аталғанымен Сара қыздың кіндігі сөз еткелі отырған Қосағаш ауылында кесілген. 

– Анау көрініп тұрған тоғанның арғы тұсында Сара апамыз туған екен, – деп көрсетті Төлеуғали Нұрғалиев ақсақал.

Бұл ауылдың Ақын Сара ауылы деп аталған кезі де болыпты. Бір жылдары ақынын құрметтеген ел күрежолдың ауылға бұрылатын тұсына домбыра бейнесіндегі ескерткіш қойып, өнерге деген сүйіспеншілігін көрсеткен көрінеді. Өкінішке қарай, ары-бері өткен жүргіншінің көз сүйінішіне айналған сол ескерткішті жел шайқады ма, әлде, мал сүйкенді ме, құлатып тыныпты. Содан кейін ауыл азаматтары ескерткіштің орнына «Көкжайдақ» деген сөз жаздырып, іліпті.  

Бүгінде ауыл ресми түрде Ақсу ауылдық округіне қарасты Көкжайдақ ауылы деп аталады. Бірақ жұрт тегіс Қосағаш деп айтуға әдеттеніп кеткен. 
Бір қызығы, Абай туған Шыңғыстау, Біржан туған Қожағұл, Ілияс туған Ойтоған, Мұқағали туған Қарасаз ауылын көріп, көңілденіп қайтып жүрміз ғой. Өкінішке қарай, Қосағаштың әр тұсынан «Ақын Сара осы ауылда туған» деген бірде-бір белгі таппай қиналдық.

Бұл аудан, ауыл атқамінерлеріне де, осы ауылдан түлеп ұшқан, бүгінде әр жерде абыройлы еңбек етіп жүрген азамат-азаматшаларға да сын болатын дүние.
Оны қойшы, ауылдың бүгінгі халі тым мүшкіл.

 

Тағаны қалған нысандар

Еліміздегі шалғай ауылдарда бір ғана ортақтық бар – бүлінген, қираған, тоналған нысандар. Әр ауылдың кешегі берекесі тасып, тіршілігі қайнап тұрған жағдайын білетін үлкендер үшін осы көріністерді көрудің өзі ауыр. 

Кезінде ауылда сауын сиыр фермасы жұмыс істеп, үш қабатты мектептен талай шәкірт болашақ бағдарын түзесе, екі қабатты балабақшадағы сәбилердің сыңғыр күлкісі ауылдың шырайын ашып тұрады екен. Ел ырысты болған соң тұрғындардың да берекесі бекем, араздасу, әлімжеттілік, заңсыздық атаулыдан аулақ болған.

Өкінішке қарай, бүгін солардың елесін де таба алмайсың. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау тұсында ауылдағы бар дүние талауға түсіп, сауда орталығы мен балабақшаның тағанынан басқа түгі қалмапты. Жұмыссыздықтың салдарынан жастар қалаға көшіп, адамы жоқ қабырғасы қаусап,  қаңырап тұрған үйлер көбейген. Оны кімдер бұзып, тасып әкетіп, қандай мақсатқа пайдаланғанын анықтау қиын. 

– Мына өздеріңіз тұрған жер сауда орталығының орны. Кезінде іші азық-түлік, киім-кешек, күнделікті тұтынатын тауарға толып, берекемізді тасытып тұрушы еді. Бүгінде оның тағанынан басқа еш нәрсесі қалмады. Өкініштісі, ауыл болып, осы нысандарды қорғап қала алмадық, – деп мұң шақты ауыл тұрғыны Талғар Жұмағалиев.

Сауда орталығы орналасқан жердің бір шетінен ауыл азаматтары бірігіп, балалардың ойын алаңын салыпты. Бірақ ойнап жүрген бала көрмедік. Одан арырақта мешіт пен қатымхананы көрдік. Ауыл тұрғындарымен балалардың ойын алаңында кездесіп, әңгімелестік.

Өйткені, ауылда мұнан басқа кездесетін жер де жоқ. Көпшілік белгілі бір мәселені шешетін кезде ауылдағы мектептің жиынжайына жиналады екен. Сырттан келген қонақтармен де сол жерде кездеседі. «Ауылдың жайын білу үшін балалардың ойын алаңы орналасқан жер ыңғайлы», – деп шештік.

 

"Аудан орталығында жаңадан салынған спорт кешеніне барыңдар"

Тұрғындардың айтуынша, мектептің де жағдайы мәз емес. Сырты бүтін болғанымен жөндеу көрмегелі біраз жыл болған білім ошағының қабырғасы шытынап, есіктері ескіріп, терезесінен жел гуілдеп тұрады. Едендері тозған, үстел-орындықтардың жағдайын бір көрген адам біледі. Қыстыгүні қатты отынмен істейтін қазандықпен сыныптарды жылытудың өзі мұң. Ақыры ата-аналар қаржы жинап, электр жылытқыштар сатып алыпты.

Білім шаңырағындағы бала саны да жыл өткен сайын кеми түскен. Спорттық секция, үйірме деген жоқтың қасы. Ауыл үлкендері «Спортпен айналысамын» деген жастардың талабын жоғары-төменге жеткізіп, ауылдан спорт кешенін салуды сұрағанымен «Аудан орталығында жаңадан салынған спорт кешеніне барыңдар» деген жауап алыпты.

«Жансүгіров кенті мен Қосағаштың арасына күніне 400 теңге шығындап, балаларын таксимен тасып жүруге екінің бірінің жағдайы келмейді», – деп шырылдайды ауылдастар. 

– Ақсу ауылындағы «Мамания» мектебін күрделі жөндеуге 80 млн. теңге қаржы бөлініпті деп естідік. Ол мектеп осыдан 3-4 жылдың алдында жөнделген еді. Сол қаржының бір бөлігін біздің ауылдың мектебіне бөлсе, жыртық-тесігіміз жамалар еді, – деп мұң шақты ауыл тұрғындары. 


Оның шын-жалғандығын тексере алмадық. Анығын тиісті мекемелерден сұрап білетінімізді айттық. Десе де «Ауыл мектебіндегі олқылықты тезірек шешкен абзал» деген ойға келдік.

 

"Ала жаздай егістікке су таппай қиналамыз"

Ауылдағы ағайындарды алаңдататын басты нәрсе – су тапшылығы, егістік жердің жоқтығы, жайылым жердің аздығы. Үлкендердің айтуынша, Қосағаш ауылының іргесі 1930 жылдары қаланып, экономикалық-әлеуметтік жағынан тез көтеріліпті. Кезінде малы мыңғырып, егіні жайқалып, алыс-жақынға атағы тез жайылыпты. Кезінде осы ауылдағы бірнеше мың гектардан астам суармалы жерге дәнді-майлы дақыл себіліп, қант қызылшасын өсірген екен. Бірнеше он мың тұяқ мал осынау даланың байлығын еселепті.

– Ауылда 12 отар қой, 240 бас сауын сиыр тұратын сүт фермасы болды. Ал 2 мың гектарға қызылша себілетін. Оның сыртында майлы, дәнді дақылдарды есептей беріңіз. Ол кезде судан тапшылық болмайтын. Сарқаннан бері тартылған каналдардан су үзілмеуші еді. Тіпті, ауылдастар ауласына неше түрлі көкөніс егіп, қысқы азығын қамдап алатын. Алқаптан жоңышқа шабылып, мал азығынан да тарықпайтын. Қазір канал қирап бітті. Судың тапшылығынан ауылдастар ауласын өңдей алмайтын жағдайға келді. Аула түгілі, ала жаздай егістікке су таппай қиналамыз, – деп мұң шақты ауылдастар.

Айта кетерлігі, Ислам даму банкінің қолдауымен облыстағы суландыру жүйесін жаңғыртуға қатысты жұмыстар басталғалы біраз жыл болды. Қосағаштықтар да: «Осы бір таңдаулы жоба таңдайы кепкен далаға су жеткізіп, бар қиындықты еңсереді» деп осы күнге дейін сеніп келген екен. Жуырда: «Ақсу ауданындағы ирригациялық жүйелерді қайта жаңғыртуға орай бекітілген жобаға Қосағаш ауылы енбей қалыпты» деген хабарды естіп, үміттері су сепкендей басылыпты. Оның да анық-қанығын сұрап, білетін боламыз.

Ең қызығы, ата-бабаларынан осы жерде қоныстанып, ойы мен шұңқырын түзеп, тіршілік етіп келе жатқан мекеннің шұрайлы жерінің қызығын әлдебір инвесторлар көріп жүріпті. Мен кездескен тұрғындар олардың кім екенін де білмейді. Ауыл маңындағы ең шұрайлы деп есептелген 900 гектардан астам жер аты-жөні белгісіз инвестордың балансына өтіп кеткен.

«Басында ауылға инвестиция тартылып, тұрғындар жұмыспен қамтылады» деп сендірген. Енді жұмыс та, жер де жоқ, ауламызға қарап телміріп отырмыз», – деп мұң шақты ауылдастар.

Ал кезінде осы ауылдың бірнеше мың гектар жерінен шыққан өнімді төгіп, тазалап, қамбалап алатын қырман да бүгінде өзге біреудің қолында. Айналасы қоршалып, ауласына жаңа үйлер салынғанын алыстан көрдік. Есігінен сығалай алмасақ та оның іші жайнап тұрғаны белгілі, ал ауыл тозып, жүдеп барады. 

Тілші түйіні: Қосағаш ауылында қордаланған мәселе көп. Ақсу ауылдық округіне қарасты ауылдардың бірі болғандықтан аталған ауылға округ әкімі жауапты. Ал Ақсу ауылдық округіне қарасты бірнеше ауыл бар. Жалғыз әкім қайсысына жетсін?! Сондықтан Қосағаштың жұмысын бір ғана маманға жүктеп қойған. Ол да талпынып жұмыс істегенімен сөзі ауыл әкімінен ары аспайтыны белгілі ғой. Сонымен ауылдастар арманын жоғарыға жеткізе алмай  біріне-бірі мұң шағып, өкпесін таратып келеді. Ауылда болған келіспеушіліктерді ағайындар өздері шешіп алады. Әкім тағайындауға Қосағаш тұрғындарының саны жетіспейтін көрінеді. «Ауылымызға әкім қойып, мектебімізге директор тағайындап, су мен жер мәселесін шешіп берсе, қалғанын өзіміз реттейміз» деген тілегін айтып, бізбен қоштасты ауылдастар. 
Ауылында әкімі жоқ, мектебіне директор тұрақтамайтын жағдай тек Қосағашта ғана емес, Қазақстанның әр тұсында кездеседі. «Былай тартса арба сынып, былай тартса өгіз өлетін» жағдайдың қашан аяқталарын білмедік.

Қажет АНДАС,
Қосағаш ауылы
Ақсу ауданы