ЖҰЛДЫЗАРАЛЫҚ ЖҰМБАҚ НЫСАН: Жер бетін бақылаушы ма, әлде?...

Уақыты: 01.04.2023
Оқылды: 924
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Телескоп ойлап табылып, ғарыш кеңістігі құпиясын аша бастағалы бері адамзат баласын «Шіркін-ай, мынау шет-шегі жоқ әлемде бізден басқа да саналы тіршілік иелері бар ма екен? Бар болса, олармен жолығатындай керемет күн қашан тумақ?» деген ойдың толғандырып келе жатқаны анық. Ондай күн бүгін болмаса да ертең, келесі жылдары, жаңа ғасырдың басында туындап қалады-ау деген нәзік үміттің көңіл түкпірінде, көз ұшында жылтырап тұрғанын да айтпасқа болмайды.

Шындығына көшу керек, ғылым дамып, таным көкжиегі кеңіген сайын бұл үміт те үзілуге жақындап қалған сияқты. Ғалымдардың  «Марста тіршілік ізі табылыпты...», «Айдың арғы бетінде өмір бар екен...», «Ғарыштың қиыр бір түкпірінен жұмбақ радиодабыл қабылданды...» дегендей сүйінішті «жаңалықтардың» бәрін жоққа шығарып, ғылыми негіздеп жатқаны да Жер тұрғындарын қуанта қоймады. Жарық жылдамдығымен жүйткігеннің өзінде (ол шын мәнінде мүмкін емес жайт) әлденеше жүздеген, мыңдаған жылда әрең жететін жұлдызды жүйелердің өздерінен де саналы тіршілік белгісінің байқалмауы амалсыздан жапан даладағы жалғыздың күйін кештіреді. Дәл осы кезде Күн жүйесіне ғарыштың қиыр шетінен келіп жеткен жұмбақ нысан қандай да болсын жаңалыққа құштар қарапайым жандарды ғана емес, қабырғалы ғалымдардың өздерін де елең еткізді.

Қиырдан келген қонақ

Жарық күнімізді бетке алып секундына 87,3 километрлік орасан жылдамдықпен заулап келе жатқан жарық нүктені – ғарыш денесін Гавай университетінің астрономдары 2017 жылдың 19 қазанында байқап, айрықша бақылауға алды.

Оумуамуа деген ерекше ат қойылған осынау беймәлім ғарыш нысанының ғалымдар назарын аударатындай жөні де бар еді. Траекториясын есептей келгенде оның біздің галактикадан да емес, қиырдағы бір жұлдыздар жүйесінен «сапарлап» келе жатқаны анықталды. Алғашында Лира шоқжұлдызынан деген болжам жасалынғанымен кейінгі есептеулер Күннен 77-300 жарық жылына тең қашықтықтағы Кит, Сыңармүйіз, Бикеш шоқжұлдыздары орналасқан өңірлерді көрсетті. Бұл жағынан алғанда Оумуамуаның атауы (гавай тілінен аударғанда «барлаушы», «қиырдан келген хабаршы» деген мағына береді) қалай дәл қойылған деп еріксіз таңғаласың.

Бақылай келгенде Күн жүйесіне бет алған «келімсектің» өз осінен айналатыны, бір айналымының 7 сағат 18 минутты құрайтыны белгілі болды. Ең бір қызығы, жарығы бірде жарқырай көрінсе, енді бірде сәл күңгірт тартып, уақыт өткен сайын өзгеріп тұрды. Бұл ерекшелікті бір ғана сөйлеммен тұжырымдайтын болсақ, аспан денесінің жоғары альбедосын (жарықты шағылыстыру қасиеті) жер бетіндегі осы заманғы ғарыш аппараттарының альбедосымен ғана салыстыруға болады. Мұның өзі аталған нысан шынымен де ғарыш кемесі болса, оны жасаған кезде нақ жер бетіндегідей материалдар қолданылды дегенді білдіреді.

Осындай жайттарды негізге ала келе ғалымдар бұл цилиндр тәріздес дене, яғни оның ұзындығы диаметрінен 10 еседей үлкен деген қорытындыға келді. Алғашында ұзындығы 400 метр, сәйкесінше диаметрі 40 метр деп бағаланса, кейін NASA агенттігі бұл көрсеткішті екі есеге, яғни 800 және 80 метрге көбейтті (нысан мөлшері жайында басқа да тұжырымдар бар – Н. Ә.). Бір мезгілде ғарыш қонағы алқызыл түсті, бәлкім, металдан тұратын сыртқы бөлігінде күрделі рельеф бар деген тоқтам жасалынды.

Жұмбақ нысанның ерекшелігі мұнымен де бітпейді. Аспан денесінің жылдамдығы арада белгілі бір уақыт өткен сайын күрт өзгеріп тұрады. Мұндай кездері бейне бір двигателін – қозғалтқышын қосқан тәрізденеді... Нәтижесінде Кеплер заңдарына – аспан механикасы заңдарына сәйкес келе қоймайтын қалыпта қозғалады.

Астрономдарды таң қалдырған тағы бір жайт – Оумуамуаның траекториясы. Бақылау көрсеткендей, ғарыш денесі біздің әлемнен басқа бір галактикаға жол шегер алдында жоғары жылдамдық импульсін алу үшін Күн гравитациясын кереметтей тиімді пайдаланды. «Егер жатпланеталықтар ғарыш кемесімен біздің жүйеміз арқылы ұшып өтуді жоспарлаған болса Күн айналасында нақ осындай қашықтықта гравитациялық маневр жасаған болар еді», – дейді ғалымдар.

Күнге барынша жақындап келген нысан, ғалымдардың күткеніндей, жұлдыздың тартылыс күшінің әсерінен жылдамдығын жоғалтқан жоқ. Керісінше, жаңағыдай маневр жасау нәтижесінде жылдамдығын күрт үдете түсіп, бағытын өзгертіп Күн жүйесінен тысқары ғарыштың кезекті бір шалғай түкпіріне қарай беттеді.

Осылайша адамзат баласының өздеріндей саналы тіршілік иелерімен жолықсақ деген нәзік үміттерінің тағы бір тіні үзілгендей болды. Егер аталған нысан шынымен де жатпланеталықтардың ғарыш кемесі болса, оны мекен еткендер өздерін демдерін іштеріне тарта бақылап тұрған Жер бетіндегілерге қол бұлғап қош бол деместен, кішкентай болса да ниет білдірместен үн-түнсіз кете барды. Траекториясына қарай шамалағандағы бағыты – Пегас шоқжұлдызы.

Астероид болуы да ықтимал

Ғалымдардың үлкен бір бөлігі Оумуамуаны жұлдызаралық ғарыш кемесі деген тұжырыммен келіспеді. Бұған дейін де әдетке айналғанындай, оның өзге нысандарға ұқсамайтын сұлбасына да, жоғарыда тізбектелген ерекшеліктеріне де ғылыми негіздемелер табуға тырысты. Ондай негіздемелер табылды да. Нәтижесінде, аталған ғарыш денесі, парламент тілімен сөйлейтін болсақ,  басым дауыспен астероид деп танылды. Бір мезгілде оны кәдімгі комета деп дәлелдеуге тырысқандар да аз емес еді.

Сөз орайы келгенде ғалымдардың жаңағыдай негіздемелерін де келтіре кетейік.

Оумуамуаның траекториясында айрықша назар аударатындай ерекшелік жоқ. Жұлдызаралық кеңістіктегі аспан денелері кез келген бағытта ұша береді. Содан кейін де мұндай денелер алдағы уақытта да Күн маңынан ұшып өтуі мүмкін.

Жоғары альбедо да ауыз толтырып айта қоярлықтай дәлел емес. Дәл осындай альбедо мұз құрсанған аспан денелеріне тән.

Енді жылдамдықтың артуы мәселесіне келейік. Кейінгі кездері жүргізілген есептеулер астероидтің беткі қабатынан газдың аз мөлшерде болса да булануы мен жарық қысымының үйлесуі дәл осындай жылдамдықты тудыратынын көрсетіп отыр. Соған орай мәселе астероидтен газ бөлінгенінің белгісін табуға ғана келіп тірелген. Ғалымдар бақылау барысында мұндай белгіні де байқадық деп отыр.

Еуропалық ғарыш агенттігінің ғалымдары нысан жылдамдығының жоғары болуын оның комета екендігімен байланыстырады. Олардың болжамы бойынша Күн қызуы оның қойнауындағы мұзды ерітіп, жинақталған бу сыртқа атылып шыққанда реактивті жылдамдатуды қамтамасыз етеді.

Ресми нұсқамен келіспейтіндер, нақтырақ айтатын болсақ, Гарвард университетінің астрономия кафедрасының меңгерушісі, заманымыздың жетекші астрофизиктердің бірі Абрахам Леб бақандай үш дәлелді алға тартады. Біріншіден, цилиндр тәріздес астероидтердің болуы мүмкін емес. Цилиндрге ұқсас кометалар жайында сөз етпесе де болады. Өйткені бұған дейін зерттелген аспан денелерінің барлығы негізінен шар тәріздес домалақ болып келеді. Тартылыс немесе тағы басқалай табиғи күштердің әсерінен ғарыш нысанының ұзынша немесе жалпақ пішінге айналуы мыңнан бір кездесетін оқиға болуы мүмкін. Егер басқаша болатын болса, цилиндр тәріздес ұзынша әйтпесе жалпақ денелерді екі күннің бірінде байқаған болар едік.

Екінші дәлел – Оумуамуа табиғи деуге келмейтіндей жарық нысан. Оның сыртқы қабаты бізге белгілі астероидтердің кез келгенімен салыстырғанда жарықты 10 есе артық шағылыстырады. Мұның өзі нысанның олар сияқты кесек тастан тұрмайтындығын көрсетеді.

Үшінші дәлел – жоғарыда айтып өткеніміздей, аспан денесінің жылдамдығын күрт арттырып, бағытын өзгерте алатындай қасиеті.

Мұның бәрін тізбектей келгенде Оумуамуаны саналы тіршілік иелері жасады деп тұжырымдауға да, түптеп келгенде ондай тұжырымды жоққа шығаруға да айтарлықтай негіз бар екендігін байқаймыз. Қалай десек те көңіл шіркіннің аталған аспан денесін жұлдызаралық тастың қарапайым бір кесегі деп тұжырымдауға келіскісі келмей тұрғанын да жасыра алмаймыз. Бар шындыққа Күн жүйесінен сағат санап емес, секунд санап алыстап бара жатқан аспан денесінің соңынан арнайы аппарат жібергенде ғана көз жеткізуге болады.

Қуып жету мүмкін бе?

Астрономдар, кімнің қандай пікірді ұстанатындықтарына да қарамастан, мұның екі күннің бірінде кездесе бермейтін айрықша құбылыс екендігін мойындайды. Барлығы бұл құбылысты жұмбақ қалпында қалдыруға болмайтындығымен де келіседі. Содан кейін де олар Оумуамуаны алғаш байқаған кезден бергі уақытта оны қайткен күнде де қуып жетуді, сөйтіп мәселенің басын ашып алуды ойластыруда.

Жұмбақ нысан қаншалықты қызығушылық тудырғанымен NASA-дан бастап әлемнің бірде-бір ғарыш агенттігі оған арнайы зонд жібере алмады. Бұл жердегі мәселе Оумуамуаны тым кеш байқағанымызға келіп тіреліп тұр. Егер біз оны Күн жүйесіне жетпей тұрған кезінде байқасақ, бұл мәселенің шешімі оңай табылған болар еді. Ал енді бізден секундына әлденеше ондаған километр жылдамдықпен қашықтап бара жатқан нысанды қуып жету оңай шаруа емес.

Әйтсе де үміт те жоқ емес. Соның бірі кейінгі кездері ойластырылған «Лира» жобасына қатысты туындайды. Аталған жоба бойынша Оумуамуаның Күн айналасында гравитациялық маневр жасағаны сияқты ғарыш зонды Юпитердің айналасында дәл сондай маневрді қайталайды.

Әрине, бұл ғаламшардың тартылыс күшін Күнмен салыстыруға келмейді. Дегенмен бұл күш зондқа аспан денесін қуып жете алатындай қуатты серпін беруге жеткілікті. Келесі кезекте күн желкені, ол жоқ жерде зонд жылдамдығын ұдайы арттырып, жерден басқарылып отыратын қуатты лазер тәрізді фантастикалық дүниелердің де іске қосылуы мүмкін.

Осылайша 2028 жылы ұшырылатын зонд бірнеше жыл бойы Жер мен Шолпан жұлдызын айналып, 2032 жылы Юпитерге жетеді деп болжанып отыр. Аталған ғаламшардың айналасында гравитациялық маневр жасағаннан кейін қандай жылдамдыққа ие болғанына байланысты жұлдызаралық нысанмен кездесу 2050 жылы, не болмаса 2054 жылы жүзеге аспақ. Тағы бір-екі жыл өткен соң Жер тұрғындарына осынау жұмбақ нысанның суреттері жіберіледі.

Бұл жобаны NASA жуық арада мақұлдауы тиіс. Өйткені алдағы 4-5 жылдың ішінде зондты дайындап үлгеруіміз қажет. Олай дейтініміз, нақ сол 2028 жылы планеталар бұл жобаны жүзеге асыруға барынша қолайлы орналасады. Зондты дәл сол кезде жолға салып үлгермесек, жұмбақ мәңгібақи сол жұмбақ қалпында қала бермек.

Не болуы мүмкін?

Жоғарыда айтылғандардан бұл жұмбақтың шешілуіне ғалымдардың да ынталы болып отырғанын байқаймыз. Оны шешу үшін бірқатар нақты қадамдар да жасалды. Мәселен, АҚШ-тың Батыс Вирджиниядағы обсерваториясы өз радиотелескопының 110 метрлік антеннасын Оумуамуаға бағыттады. Мұндағы мақсат – ол жерде шынымен де жер бетінен тыс өркениет өкілдері отырған болса, олардың жіберген сигналдарын тұтып қалу болатын. Алайда бұл әрекеттен де ештеңе шықпады. Әлде «Хабаршының» өзге бір өңірге жіберетін ешқандай хабары болмады ма, әлде олар бір-бірімен Жер бетіндегіден өзгеше бір жиілікте сөйлесіп жатты ма, кім біледі?..

Жоғарыда біз сөз еткен Абрахам Лебпен пікірлес ғалымдар ғарыш денесінің «үнсіздігін» Оумуамуаның басқарусыз, иесіз қалған ғарыш кемесі екендігімен түсіндіреді. Не болмаса ол автоматты түрде басқарылатын барлау зонды болуы мүмкін. Тіпті бұл барлау зондының да қазіргі кезде басқарусыз қалуы әбден ықтимал. Кеме жылдамдығын ара-тұра автоматты түрде арттырып отыруының себебі оның о баста ғарыш желкенімен жабдықталғандығында болса керек. Ондай технологияға Жер бетіндегілер енді-енді ғана қол жеткізе бастады.

Жаңа Зеландиядағы Веллингтон университетінің ғалымы Стивен Каррен де бұл болжамды қуаттайды. Өзінің ғылыми мақаласында автор бұл нысанды шын мәнінде күн желкені деп есептейтінін білдіреді. Тым қарадүрсін күйдегі бұл желкен табиғи түрде пайда болуы да мүмкін. Жасанды болған күннің өзінде оны құрастырғандар ғарыш қалдығы ретінде әлдеқашан тастап кеткен сыңайлы...

«Бұл күн желкенімен жабдықталған алып ғарыш аппаратының жұлдызаралық кеңістікті кезіп жүрген сынығы болуы мүмкін», – дейді Леб пен оның ізбасары Бялый.

Барлаушы нысан ба?

Оқырмандарға ғалымдардың тұжырымдарымен келісуден басқа амал қалмаса керек. Иә, Оумуамуаның иесіз қалған ғарыш кемесі немесе оның сынығы да болуы мүмкін. Олай дейін десең аталмыш ғарыш нысанының Күн жүйесіндегі атмосферасы бар тасты планеталардың ғана жанынан өткендігі, әсіресе Жерге ерекше жақындағаны, ал газ бен мұздан тұратын Юпитер мен Сатурн, Уран, Нептун тәрізді алыстағы суық планеталарға тіпті жақындамағаны көңілге күмән ұялатады.

Бір мезгілде Пентагон бөгдепланеталықтардың Жер бетіне келіп-кетіп жүру мүмкіндіктерін де жоққа шығармайды. Аталған мекемеге қатысты бірқатар мамандар беймәлім ұшатын нысандар көгілдір планетамызды 1950 жылдан бері бақылап келеді деп тұжырымдайды. Олардың сөзіне сенсек, жатжерліктер 2014 жылы Тынық мұхитқа құлаған «метеоритті» де қолдан жасаған.

Беймәлім ұшатын нысандарды зерттеумен айналысатын уфологтардың тұжырымына құлақ асатын болсақ, өз сөздеріне дәлел ретінде олар ондаған, жүздеген суреттер мен тылсым оқиғаларға куә болған адамдардың айғақтарын келтіреді. Оның бәрі жайында айтып жатудың қажеттігі жоқ шығар деп ойлаймыз.

Кім біледі, біз сөз етіп отырған ғарыш нысаны да сондай бақылаушы, барлаушының бірі емес пе екен? Әлде шынымен де көп астероидтің, мың, миллиондаған кометаның бірін сөз етіп, үміт жібін үзгіміз келмей отыр ма? Оны анықтауды алдағы күннің еншісіне қалдырдық.

ТҮЙІН ОРНЫНА: Заман жаңарып, ғылым мен технология дамыған сайын мұндай өзгеше жаңалықтар мен табиғатын бірден түсіндіріп бере алмайтын тылсым құбылыстардың қатары көбейе беретін болар. Соған орай, бәлкім, жуық арада бөгдепланеталықтармен кездесіп қалатын күн де туатын шығар. Адамзат баласы аман болса ондай керемет күнге де жетерміз деп армандайық. Ендеше үміт жібі үзілмесін, ағайын.

 

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Қазақстанның Құрметті журналисі