ИТ – ЖЕТІ ҚАЗЫНАНЫҢ БІРІ

Уақыты: 01.04.2023
Оқылды: 1539
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Біз бүгінгідей жаһандану заманында көп құндылықтан айырылып қалу жағдайында тұрмыз. Соның бірі – тіл мәдениетімен ұштасады. Қазақ халқының кешегісі мен ықылымнан тамыр тартқан тарихының өлшемінде ой өрбітсек, кеудесі кен, жүрегі қазына елдің тілдік мәдениетінің қаншалықты кемел, сөз байлығының телегей болғанын болжайсыз. Тіпті, классикалық шығармалар негізінде алып қарасаңыз да, әдебиеттің ең биік те  мәртебелі марапаты саналған Нобель сыйлығына қол жеткізген жазушылардың шығармаларында да қасаңдық байқалады. Ал қазақ әдебиетінің биігіне шыққан классиктердің негізгі тірегі суреткерлік пен тіл байлығында жатыр.

Рас, әлемнің ең шырайлы шығармаларын санатқа алып, сараптап шықсақ ойымызды еркін дәлелдей аламыз. Соның бірі ұлы жазушы Лев Толстойдың «Анна Каренина» романы. Махаббат пен адамгершілік сезімін ең жоғарғы дәрежеде асқақтата жазған осынау шығармадағы тілдік мәселелер баршылық. Бір рет жазылып екінші рет қайталанбайтын сөздер 8 мыңнан асады екен. Ғалымдардың айтуынша Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында қайталауға ұшырамаған сөздердің саны 12 мыңға жуық. Бұған белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың: ««Аласапыран» роман-дилогиясынан ешбір жерде кезікпеген, қазақтың түпкі тарихынан бастау алатын 1 мыңнан астам көнерген сөз кезіктірдім» – дегенін қосыңыз. Осы дәлелдемелердің өзі қазақ тілінің қаншалықты бай екенін айғақтайтындай. 
Бүгінде дәуір көшіндегі дәстүрді жаңғыртып, қазіргі қоғам деңгейінде қалыпқа салып, түсінікті етіп оқырманға ұсынып келеміз. Соның бірі – ит, яғни «жеті қазынаның бірі» саналған үй жануарына байланысты қазақ тілінің қазыналы қамбасына енген сөздер мен тіркестер тұрғысында сөйлетсек. «Ит арқасы қиянда», «ит тұмсығы батпайтын қалың орман», «иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар», «иттің ұлы – байқотан», «ит – басты, сиыр – шошқа аяқты», «ит текті», «тегі ит»,  «арғы тегі ит», «иттің өзі», «ит сияқты», «бұралқы ит үргенімен жағады», «бұралқы ит сияқты құйрығын бұтына қысып ала жөнеледі», «кет дегенде ит де кетеді», «итше арсылдайды», «итше үреді», «иттей болды», «итше тіміскіледі», «итше иіскеді», «иттей жымысқы», «ұры ит сияқты», «иттің бір көзі отта, бір көзі боқта», «ұры иттің құйрығын сұр ит жалайды», «иттің аты – ит», «иттің баласы», «иттен туған», «итті күшігім десең аузыңды жалайды», «итке тастаған сүйектей», «ит көтінен түскен қу асықтай», «итше ырылдасып өскен», «ит ұяласынан қорықпайды», «итаяқ», «ит жатақ», «ит ұя» деп қозыкөш жерге шұбайтын қазақ тіліндегі сөздерді біздің қазақ күнделікті тұрмысына, ауызекі әңгімесіне қосқан. Осының өзінен-ақ қазақ тілінің қаншалықты шұрайлы екенін білуге болады. Расында күйігін көп тарттырған перзентіне қарап «иттің баласы» дейтін қазекем ағайындылардың керісіне «итше үрісті», «ит ұяласынан қорықпайды» деген сөздерді жағдайға қарай қолданып айтады емес пе? Міне, осылайша осынау сөздерге сипаттама беру үшін сөйлем құрастырсақ, оның өзі бір кітаптың тарауына жүк болатындай.
Жеті қазынаның бірі саналған, адамға еңбегімен жаққан ит тұрғысында ғалымдардың айтқан пікірлері әралуан. Десе де қазақ танымында ит адамның досы. Ал қазақы төбет пен құмай тазының біздің халық үшін қазынамен тең екені әлімсақтан белгілі. Бұл тұрғыда белгілі этнограф Жағда Бабалықұлының құмай тазы туралы мына бір әңгімесіне тоқталмай кетуге болмас. «Құмай деген сөз «жүйрік» деген мағынада. Құмай – аспанда ұшып жүрген құс. Неге «тазы» сөзіне құмай жалғанды дегенге жауап іздеп көрелік. Қыран құмайлар, ана бүркіттер, тағы басқа ірі құстардың жұмыртқадан балапандары шыққан соң, өзінің әлі жететін хайуандарын өлтірместен тырнағымен іліп әкеліп, ұяға тастайды», – деп бір аңызға бергісіз, тіпті, аңыз дегісіз әңгімені бастаған этнограф ары қарай жалғай түседі. «Мынаны танып ал, ертеңгі сенің азығың» деп өздерінің бізге беймәлім тілінде балапанын «оқытады». Олар осылайша қасқырдың бөлтірігін, иттің күшігін де алып кете берген. Құмай тазы атанбай тұрғанда, тазының күшігін құмай алып кеткен екен. Оны ұяға тастайды. Ит деген қу ғой. құмайдың балапандарымен жығысып жүріп, бірлі-жарымы аман қалған. Қанаттанғаннан кейін құмай ұшып кетеді. Ит ұяда қалады, түсуге мүмкіндік жоқ. Ағаштың ұшар басы. Қыңсылап, дауысы шығады. «Пәлен жердегі құмайдың ұясында күшіктің дауысы шығады, құмай құс ит тауыпты. Құмайдың жұмыртқасынан болса, онда қыран болады», – деген адамдар арқан салып жүріп күшікті үйге алып келеді. Шын мәнінде бәрі қыран болмаса да, бірі қыран болады.  Қыран деп отырғаным «жүйрік», «құстай жылдам» дегенім ғой. «Ойбай, сенің тазың қыран ғой өзі, мықты екен» дегенге: «Е, мұны құмайдың ұясынан алғанмын,  құмайдың баласы ғой» деп құстай жүйріктігін дәріптейді, – деп аңыздан ақиқат аршыған Жағда Бабалықұлы «Этнографпен әңгіме» кітабының авторы Қасымхан Бегманға: «Құмай тазының жүйріктігі осылай шыққанын мен еңбегімде көрсеткенмін» дейді. Шындығында ғажап емес пе?! Құдды көкбөрінің көкшулан жүнінен мамасын тауып, сүтіне тояттаған ежелгі адамдар көзге елес береді.
Иә, қандай аңызды алға тартып, қандай еңбекті тарқата айтсақ та иттің жеті қазынаға енгені, қазақтың тұрмыс салтында итке қатысты сан алуан сөз, мәтел, тіркес қалғаны белгілі. Біздің бай тілімізге қосылған сол тіркестердің қай-қайсысын алып қарасақ та, текті жұрттың бейнелі сөйлейтін шешендігі көрініс береді. Бүгінгі ғалымдар үйренуге ең оңай тіл «ағылшын тілі» деп айтып жатқаны да рас. Өйткені ағылшын тілі тек түбір сөздерден тұрады. Ал құрайыш һәм қазақ тілдері ең көне әрі көркем, бай тіл. Сондықтан да осы тілдерде адамзат баласының сонау бастағы өмір салтынан бүгінге дейін жалғасқан ғұмырын айғақтайтын мәтел, танымдық, тіркес, сөзжасам арқылы пайда болған сөздер көп. Мәселен, сол итке байланысты енген: «ілгері басқанның иті отайды, кері кеткеннің келіні ұрлық қылады», «иттің иттігі қалмады», «ит жастанғанның ұйқысы қанбайды», «итше сару», «дәніккен ит шүкісін жалайды», «кедейдің иті шәуілдеп үреді, байдың иті әупілдеп үреді», «көлеңкесіне ит жатпаған неме», «ит аунаса мал терісі жайылады», «ит мініп, ирек қамшылап», «ит опа, қатын жапа, баласын күшігім дейді», «жаман иттің атын бөрібасар қойыпты», «көшке ерген иттей», «ит арбаның көлеңкесінде жүріп арбаны мен алып жүрмін дейді екен», «көп ит бір жақ, көк ит бір жақ», «мал бақсаң қой бақ май кетпейді шарадан, ит асырасаң сырттаннан, қой кетпейді қорадан», «алжыған ит алуан-алуан боқ тышады», «ит ішіне май жақпайды» деп тізе берсек, көш ұзатқандай сарылатын ұзақ тіркестердің бәрі біздің халықтың әдеби қорында, сөздік қамбасында жатқан мәтел-тіркестер. Осының өзінен-ақ дәстүріміздің қаншалықты кемел, тіл байлығымыздың қаншалықты терең екенін болжай беріңіз, алдияр оқырман!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ