«ЖАҚСЫ БОЛУ ҮШІН ДЕПУТАТ БОЛУ ШАРТ ЕМЕС»

Уақыты: 01.04.2023
Оқылды: 1270
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» депті қаһарман қаламгер Қасым Аманжолов. Ақын айтқандай, майдан даласында болмаса да  еліміздің барлық ауыл, аудан, қаласында күркіреген күндей өткен дүркіреген сайлаудың да дүбірі басылды. ҚР Парламенті Мәжілісі мен аудандық, қалалық мәслихаттарға үміткерлер үгіт-насихат жұмысында қазақы жалпақ тілмен айтқанда уәдені үйіп-төкті. 

Бұқараның аузынан ақ май ағызып, аспандағы Айды әперем демесе де әр кандидат өз бағдарламасы аясында халықтың алдында ағынан жарылды. «Уәде – құдай сөзі» деген тәмсіл бар біздің жұртта. Айтылған сөздің атылған оқпен тең болатынын білмейтін қазақтың кемде-кем екенін ескерсек, партиялық тізім мен жеке мандат бойынша Мәжіліс пен мәслихатқа өткендердің мойнында салмағы батпандай аманат бар! Әрқайсысы аманатқа қиянат жасамаудың һәм уәденің орындалуымен құнды екенін жақсы білетіні сөзсіз. Нәтижесі – сөзден іске көшкенде айқындалары анық.

Апта басында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров алдымен жеңімпаздарды құттықтап, жұмысына сәттілік тілегеннен кейін саяси науқан кезінде бірқатар заңбұзушылықтың орын алғанын жеткізді. Сөйтіп: «Бас прокуратураның ресми ақпараты бойынша дауыс беру күні 42 адамның тарапынан құқықбұзушылықтар тіркеліп, олардың барлығы жауапқа тартылды. Олардың ішінде  7 учаскелік комиссия мүшесіне «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекстің 108-бабы бойынша, 18 учаскелік комиссия мүшесіне 110-бабы бойынша айыппұл салынды», – деген нақты деректі алға тартты.

Әлқисса, әлемді алақандағы айнадан көргендей ап-анық алдымызға жайып салатын әлеуметтік желіде желдей ескен біраз ақпараттың жаға ұстатқаны рас. Мемлекет басшысының былтырғы референдумды өткізгендегі негізгі мақсаты – Жаңа Қазақстанды орнатып, әділетті қоғам құру емес пе еді?! Сайлау күні белгіленіп, үміткерлер үгіт-насихат жұмысына кіріскенде біраз жұрт «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген Шәкәрім қажының сөзіне сәл өзгеріс енгізіп, бұрынғы сайлаулардан өзгеше болатынын айтып жатты. Бірақ науқан аясында біраз құқықбұзушылық тіркеле бастағанда «ескі жүйе» еріксіз еске түсті. Санамызға сартап болып сіңіп қалған ескі әннің есімізден бірден кетпейтініне көз жеткендей күй кештік. Бақылаушылар тарапынан бейнеге түсіп қалған бірқатар өрескел әрекетті көргенде көңілге осындай күдік ұялағаны анық. Сонымен...

Ай бойы ауыл мен қаланың арасын жол қылып, «Бізді немесе мені қолдасаңыздар, қор болмайсыздар» деген үміткерлер Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мәреге жетті. Бабы мен бағы тең келгендер депутаттық мінберге өтті. Сәрсенбінің сәтті күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Парламенттің бірлескен сессиясында алдағы уақытта депутаттарға атқарылар жұмыстың ауқымды, жауапкершілік жүгінің ауыр, жолдың ұзақ екені де ескертілді. Жиыннан кейін жаңа сайланған кандидаттар ант беріп, депутаттық мандатын алып, кеудесіне төсбелгісін тақты. 

Осы тұста Алаштың алдаспан ұлы, ұлт перзенті, ақиқат жолынан айнымай халқына адал еңбек етіп, елі үшін құрбан болып, ұлтқа қызмет етудің асқан үлгісін көрсетіп кеткен Міржақып Дулатұлының сөзі ойымызға орала кетті. Қабылиса бабамның: «Ойлап тұрсақ, жігіттер, жақының жоқ иманнан. Данышпан болар кей жігіт, көкірегіне құдай құйғаннан» дегеніндей, Дулаттың ұлы шынымен көкірегіне құдай құйған кемеңгер адам ғой, шіркін! Ары мен иманын таза ұстап, адалдықты ту етіп, адамдық болмысын аласартпаған Алаш қайраткері расымен де, бізбен бір дәуірде туып, бір қоғамда өмір сүріп жатқандай. Біз мысалға келтіріп отырған осы сөзін бір ай бойы табанынан тозып, бірінен-бірі озып жүріп үгіт-насихатын жүргізіп, нәтижесінде депутаттық мінберге көтерілген халық қалаулыларына арнап айтып тұрғандай. Оқып көріңізші! 

«Ақ жүрек, таза болса. Жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екі талай жерде жанын қиярлық ержүректі болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. Саясат ісіне жетік болса. Білімді шешен, оқыған көсем болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса. Міне, депутат болуға осындай адамдар лайық. Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт!».  Бұл Алаш арысынан қалған аманат, ағайын! Дәл осы әр сөйлемі мірдің оғындай болған Міржақыптан қалған сөзге қиянат жасамай, санаға салмақ салар қорғасын ойды бағдаршам қылып, осы бағытпен жүрсе, әлеуметтік желіде неше түрлі сын айтылып, мін тағылып жатқан депутаттар шынымен де «халық қалаулысына» айналып шыға келетіні рас!

Бір істі бастамай жатып соңы қалай боларын сұрағанда: «Үрлей салып көзіңнен ақ ұшты ма?» деуші еді апам жарықтық. Парламенттегі орнына отырмай, ант бермей, депутаттық мандатын алмай жатып  анталаған біраз журналист кандидаттардың алдын орап, сан түрлі сауалдың астына алды. Бірі қашты, бірі састы, бірі тілшілердің екпінін жүйелі сөзімен басты. Әріптестеріміз де қызық. «Осы орынға лайықтымын деп ойлайсыз ба?», «Халыққа берген уәдеңізді орындай аласыз ба?», «Қаңтар оқиғасы әлі толық ашылмады, осыған орай не айта аласыз?» деген сынды сұрақтар дәл сол күні жауап бере салатын дүние емес қой. Саралап қарасаңыз мұндай сауалдардың жауабы алдағы күннің еншісінде емес пе?! Бұқараның талап-тілегі деп «Қаңтар оқиғасына» әділ баға беруін талап ете алмаса, бір ай бойғы науқанда халыққа үйіп-төккен уәдесін орындамаса, әрине, ол орынға өзінен-өзі-ақ лайықсыз екені айқындалмай ма? Сол кезде «Қолыңнан келмесе ел алдында өтірік көпіріп, жылы орынға неге келдің?», – деп есін екеу, түсін төртеу қылса жарасатын еді. 

Мәжілістің осы жолғы құрамына тағылған тағы бір айып – ақындар мен журналистердің көптігі. «Бұл жерге білікті заңгер, сарабдал экономист, сұңғыла саясаткер келуі керек еді. Ақын-журналистер не істей алады?» деп жұрт сенімсіздік білдіріп жатыр. Жаңбыр жаумай жатып, су болмайық, ағайын. Ақын да, журналист те тас көшеде тәрбие алған емес, қарапайым ауылдан шығып, ұлттың уызына жарып, жырымен де сөзімен де елдің жоғын жоқтап, әлеуметтің әлеуетін айтып, шешімін табуына үлес қосып жүрген жандар. Алдымен жұмыс істеуіне мүмкіндік берейік, сенейік, көрейік. Құдай «Сенген түйем сен болсаңға...» жеткізбесін.

Әлқисса, депутаттық қызметі басталмай жа-тып мін тағылып, сын айтылғанын олар да көріп, біліп отыр. Сөз соңында бір ғана тілек – Міржақыптан қалған сөзді ақиқатқа айналдырып, жақсы көріну үшін емес, ел жақтаған жақсы депутатқа айналса екен. Ұлт көсемі Әлихан атамыз айтқандай ұлтқа қызмет етудің білімнен емес, мінезден екенін естерінен шығармай ел сенімін ақтаса екен!

Жұматай ӘМІРЕ