Аймақ басшысы әскери оқу-жаттығуларға қатысты

Уақыты: 05.04.2023
Оқылды: 657
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Панфилов ауданында іс-сапарда болып, бірқатар әлеуметтік-экономикалық маңызды нысандардың жайымен танысты.

Әуелі аймақ басшысы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының ашылу дайындығын пысықтаса, арнайы құрылымдардың қатысуымен Текелі-Жаркент таулы аймақтарындағы мұздықтардың еруін, елді мекендерді су басу-баспау қауіпін зерделеді. Сонымен қатар, Жаркент-Көктал бағытындағы жол құрылысының барысымен танысып, ауқымды жұмыстарға оң бағасын берді.  

Артынша аудан аймағындағы «Көктал» полигонында өтіп жатқан Десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімшелерінің тактикалық оқу-жаттығулары мен «Бекет-2023» әскери оқу-жаттығуына қатысты.

Жалпы, айтулы әскери шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде жүзеге асуда. Оқу-жаттығуды аймақ басшысынан бөлек Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов және өзге де күштік құрылымдардың өкілдері тамашалады.

Жаттығуларға десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары, Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері мен бөлімшелері, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды. Бас-аяғы 2000-нан астам әскери қызметші қатысып, 1 500-ден аса қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде армиялық, әскери-көліктік, майдандық авиация және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды. 

Оқу-жаттығу барысында әскери құрылымдар түрлі әскери әдістерді қолданып, елді мекендердегі, таулы аймақтардағы дұшпан көзін жоюға қарекет етті. Сонымен қатар заман өзегінде әлем бойынша орын алған қақтығыстардағы тың тәжірибелерді де сыннан өткізді. Бастысы, айтулы шара барысында отандық әскери құрылымдар бейбіт еліміздің қалқаны болар қауқары барын байқатты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі