Этникалық қазақтарға арналған орталық негізгі мақсатына жұмыс істеп жатқан жоқ

Уақыты: 06.04.2023
Оқылды: 842
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Атамекенге жетсек деген мақсатта «ұлы көшті» Моңғолиядағы қазақтар бастап, 1991 жылғы 17 наурызда Кербұлақ ауданына алғашқы қандастар келді. Атажұртына оралу үрдісінде бар мүмкіндігін жасап, өздерінің де есімі тарихи деректерде алтын әріппен жазылып қалған «Ұлы көшті» бастаушы тұлғалар Сағат Заханқызы мен Аятхан Тұрысбекұлы болды. Көш бастау оңай болсын ба? Талай кедергі де, келеңсіздік те кездесті. 

Соның  бәрі тарихтың жабылған парағында қалды. Міне, кешегі өткен сайлауда Қазақстан Республикасының жоғарғы мәртебелі Парламент Мәжілісіне жастардың алдыңғы легі депутат болды. Мемлекеттік қызметтерде, соның ішінде Президент Әкімшілігі, Үкіметте, министрліктерде, облыс әкімдігінде, басқармаларда, заң органдарында, жоғары оқу орындарында, ғылыми институттарда қызмет атқарып жүргендері қаншама?

Ұлы көшті бастаушы Моңғолия елінің 64 000 қазағы 1991-1993 жыл аралығында-ақ қоныс аударған еді. Жалпы Қазақстанға 21 елден этникалық қазақ өкілдері келгенімен дәл Моңғолия қазақтары секілді бұлай топтасып, ауыл-әулетімен көшкені болмады. Келген ағайындар және осында келіп білім алған жастар тәуелсіз Қазақ елінің төл құрдасына айналып, сабырлы-салиқалықпен, еңбекқорлықпен атажұртына емін-еркін сіңісіп кетті. 

Жергілікті халықпен қоян-қолтық араласып құда-жегжат та болды. Ұрпақ өсті, елге қосқан үлесін, берген берекетті құндылығын ауыл ағайындары, қазақ қоғамы құрметпен қолдады. Соның ерекше айғағы осы жолғы 19 наурызда өткен сайлауда елге үлгі-өнеге болды. 

Ағайындардың әлеуметтік желілерде сүйіншілеп жазып жатқан нақты мәліметтері бойынша аудандық мәслихат депутатына 7 адам, қалалық мәслихат депутатына тағы 7 адам, облыстық мәслихат депутатына 6 адамды Қазақстан халқы сенім артып сайлапты. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутатына Павлодар облысынан Жарқынбек Амантай- ұлын халық сайласа, «Amanat» партиясы Үнзила Шапаққызын, «Respublica» партиясы Нұргүл Тауқызын Мәжіліс депутатына тізім бойынша бекітті. Тағы екі азаматымыз Дәулеткерей Кәпұлы «Ауыл» партиясынан, Сырымбек Тауұлы «Respublica» партиясынан ойып тұрып орын алып, резервке ілікті. Осы екі партиядан кез келген сәтте бос орын шығып жатса, бұл азаматтардың депутат болуына еш күмәніміз жоқ.  

Бөтен елде туып-өсіп, сол елдің тәлім-тәрбиесін ұлтының қасиет, салт-дәстүрін қабылдап, өзге тілде білім алып, тағдырдың талай қилы кезеңіне тап болса да өз ұлтының ұлық қасиетін құрметтеп, жұртына алып келді. Өз елі мен жерінде отырып, бір аудан, қаладан екіншісіне көшіп барғандар сол өңірге тез бейімделіп, сіңісіп кетуіне уақыт қажеттігі туындайтыны рас. Бұл үрдісті заң тілінде «ортаға бейімделу» дейді. 

Шеттен келген этникалық қазақтардың келген жеріне тез бейімделуіне арналған қаншама орталық ашылса да бүгінгі таңда олар негізгі мақсатына жұмыс істеп жатқан жоқ. Болмағанда жаңадан келген қандастарға заңнамалық кеңес беріп, құжаттар топтамасын жинақтап, өтінішін жазып беріп, тегін аударма жасап, қолдау көрсетіп отырса, өте үлкен қамқорлық болар еді. Осы жолғы депутаттар осы мәселеге ерекше көңіл бөлгені жөн. 

Сонда да ағайынның ақ ұлпадай көңілі жергілікті халықпен қалай үйлесім тауып, бір-біріне деген сана-сезімі мен салт-дәстүр, ғұрыптарын, ұлттық құндылықтарын бабалар аманаты бойынша жалғастырып жатқанын ерекше тоқталып айту азаматтық парызымыз деп білеміз! Ендігі үміт сайланған депутаттар ең бастысы ел сенімін шынайы ақтау үшін әділдік және адалдық жолынан ауытқымай білімі мен біліктілігін, қасиеті мен қабілетін алты Алаштың бүгіні мен ертеңінің жарқын да жақсы болуына арнап қызмет көрсете берсін деп тілейміз. 

«Сабырлы жетер мұратқа» деген осы. Ерен еңбегімен жеткен еңселі абырой ұзағынан болсын! Біз «қандастар мәселесін жеке қараймыз» деп үй ішінен үй тігуге құлшынбаңдар. Шетелдегі 8 миллион этникалық қазақтар арасынан тарихи Отанына келуге шешім қабылдағанына еш кедергі болмайтын заңнамалық өзгеріс пен келіп-кетіп жүріп те кәсібін жалғастыру мүмкіндігін беруге ықпал етіп, ел-жұртымен бірлесе өркендеу жолына қамқорлық танытыңыздар. Сонда ғана береке-бірлігіміз артқан жаңа Қазақстанды бірге өркендететін, өзгерген қазақ боламыз. 

Іске сәт, ұлы көшті бастап келіп қазақстандықтардың сенім, үміт құрметіне бөленген жаңа депутаттар!

Құрметбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Сурет ғаламтордан алынды