ЖАС КЕЛІНДЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Уақыты: 06.04.2023
Оқылды: 1095
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақтағы аудандық Мәдениет үйінде «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» атты аудандық жас келіндер байқауы өтті. Шараның негізгі мақсаты – салт-дәстүрді дәріптеп, әдеп-ғұрыпты сақтай отырып, өнегелі келін бейнесін көрсету. Жарысқа ауданның әр ауылынан 11 келін қатысты.

Үздік келінді «Шебердің қолы ортақ» (қол-өнер туындыларынан көрме), «Келін, келін, келін бақ, келмей жатып сөзін бақ» (өзін-өзі таныстыру, отбасы жөнінде қысқаша бейне-үзік), «Анамның әлдилеген ақ бесігі» (бесік жырын айту) және «Өнерлінің өрісі кең» (өнерін көрсету) сынды төрт бөлімнен тұратын сын анықтады. Қатысушылар әр сайыс сайын тауыстай түрленіп, бар өнерін паш етті.

Жарыс қорытындысында бас жүлдені Қарабұлақ ауылының келіні Динар Құсан, 1-орынды қайнарлық Арнагүл Мәдениет және 2-орынды Гүлнұр Бекболатқызы (Сырымбет ауылы) мен Камила Жалғас (Жалғызағаш ауылы) иеленді. 3-орын алған үш келін – Зарина Жұмабаева (Қарабұлақ ауылы), Айдана Шәкібаева (Қоңыр ауылы), Қалипа Серік (Бақтыбай ауылы) ерекше өнерлерімен, шеберліктерімен есте қалды. Ал көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Қымбат Сапарғали (Жетісу ауылы), Мақпал Мұсахан (Алдабергенов ауылы), Тілеу Ниязбек (Ақын Сара ауылы), Ақнұр Омарова (Көкжазық ауылы) ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Қатысушыларға арнайы диплом мен бағалы сыйлық табысталды. 

– Бұл байқаудың негізгі мақсаты – жастарға үлгі көрсету. Ұмыт болып бара жатқан кей дәстүрімізді жаңғырту. Ескелді ауданы бойынша 2010 жылдан бері келіндер байқауы тұрақты ұйымдастырылып келеді. Сан алуан келіннің көп алдында өз өнерін көрсетуіне себепкер болды, елге есімін танытты. Бұл үрдіс әлі де жалғаса бермек, – дейді ұйымдастырушылардың бірі аудандық Мәдениет үйінің әдіскері Ардақ Көмекова.      

Қали АСҚАР
Ескелді ауданы