"Пенсияға шығып кеткеннен кейін үйдің қажеті қанша?": Бейбіт ИСАБАЕВ халықты баспанамен қамтуды жеделдету керегін айтты.

Уақыты: 07.04.2023
Оқылды: 842
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қаратал ауданына арнайы іс-сапармен барған Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаев жергілікті халықпен кездесті. Жиында бұқараны көп толғандырған баспана мәселесі де айтылды.

Өңір басшысының айтуынша,  тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары да жүйелі жүріп жатыр. Облыс бойынша бір жылда тұрғын үй кезегінде тұрған адамдардың 15% баспаналы болады. 

"Кезекте адамдар 10-15 жылдап тұрмауы керек. 5-6 жылда берілуі керек. Денсаулығын құртып, пенсияға шығып, балалары өсіп кеткеннен кейін үйдің қажеті қанша? Қазір қиналып отырған кезінде үй алу керек. Біз қолымыздан келгенше осы бағытта жұмыс жасауымыз керек", - дейді өңір басшысы.  

Осылайша сала бойынша олқылықты атаған Исабаев қазір бұрын-соңды болмаған деңгейде жұмыс жасалып жатқанын, алдағы уақытта да осы қарқынмен жұмыс жалғасатыны жеткізді.

Айта кетейік, өткен жылы 295,3 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерсе, биыл  барлығы 321,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынады, оның 50 пайызы бюджет есебінен. 
 

Айдар ҚАЛИЕВ, 

Қаратал ауданы