МАХАББАТ ЕСКЕРТКІШІ (Мөлтек мұң)

Уақыты: 16.04.2023
Оқылды: 803
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ауылға апаратын шұбалаңдаған қара жол жартысына жетпей зеріктіретінін білем. Музыка тыңдап барайын деп, біраз ән сақтап алғанмын.  Құлағымда ойнап тұрған әуенге елтіп, арасында қосылып кетіп, ыңылдап келем. Жолсеріктерімнің не айтып жатқанынан бейхабармын. Өзді-өзі шүйіркелескен екі әйелдің анда-санда қолдары ербеңдеп кететініне қарағанда, әңгімелері қызған сияқты.

Асты биік көлікті ұнатқаныммен, күтіп тұруға шыдамым жетпей, бұйырған жатақ мәшиненің алдыңғы орындығына отыра салғанмын, жүргелі тұрған соң. Көлігі мұнтаздай жүргізушінің киімі де ұқыпты. «Орта жастан асып қалған-ау»,  деп шамалағаныммен, бейнесі сондай көрікті. Иегінен төмен тамағына таяу тоқтатып, жұқалау қойған сақалы да жарасып тұр.

... «Мен сені жақсы көрем,
Емес бұл, жігіт-желік.
Мен сені жақсы көрем,
Үмітсіз үміттеніп»...

«Баянсыз махаббат хикаятының» негізгі кейіпкері жіберген күннен бері, үздіксіз тыңдай беретін әнім. Ойға шомып кетіппін. Зулап келе жатқан көлік жолдың шетіне келіп тоқтағанда, сүңгіп кеткен тұңғиығымнан суырылып қалдым. Жүргізуші көлігінен түсіп, жолдың қапталындағы қара далаға бет алды. Арттағы әйелдер де менен кем таңырқап отырған жоқ сияқты. Бәріміздің көзіміз жүргізушіде.

Жолдың шетіндегі таяздау сайды жантақ басып, бұталар иін тіресе қаптап тұр. Жүргізуші аттап өтіп, әрірек барды да жыныстай өскен бұталардың арасын ашып, қалың шөпті таптай басып, әрлі-берлі жатқызғанда, ортасынан тапалдау төмпешік шыға келді.  

Төмпешікті айнала біраз тоқтады да, қарсы алдына келіп, бізге арқасын беріп, малдас құрып отыра кетті қалың шөптің үстіне.

Құран оқып отырғанын бірден түсіндік. Әр ісін бағып, демімімізді ішке тартып отырған бізді елеген де жоқ. Біраз бөгеліп, қайтып келді де үзілген жолды жалғап, жүріп кеттік.

Әйтеуір бір жақыны жол апатынан кеткенін ұғып отырмын. Қаладан шыққалы үнсіз келе жатқан соң, көңіл айтарымды да, осы қалпы мелшиіп отыра берерімді де білмеймін. Біршама уақыт үнсіз отырған жүргізуші әлден соң маған қарап: «Музыка тыңдаудан жалықпадыңыз ба?», – деді жымиып. Бағанадан бері сөздің ретін таппай отырғанымда жақсы болды. Сөйлескісі келгенін бірден ұғып:

  • Жақыныңыз көлік апатына ұшырап па еді? – дедім. Басқа сөз аузыма түспеді.
  • Сүйіктім! – деді күрсініп.

Мен ғана емес, әйелдер де іштен тынып отыр екен. «Ааа. Иманы жолдас болсын!» – деп қалды жарыса.

  • Үйлену тойымыз болатын күн еді. Көліктерді түрлі-түсті шармен әрлеп, қалыңдығымды алып келе жатқанбыз. Жүргізуші өзімнің құрдасым еді. Артымыздан шұбап, еріп келе жатқан көліктерден ұзап, жүрісін жылдамдатты. Лепіріп алған тойшыл жұрт мұнысын қызық көріп, жарыса бастады.

«Қой!» деп айтуға үлгермедім. Құстай ұшты. Әрі қарай есімде жоқ. Ауруханада ояндым. Қолым, қабырғаларым сыныпты. Ішкі құрылысым сау болғанымен, зақым алған екенмін. Қалыңдығым ұшып кеткен көліктің ішінде, сол жерде жан тапсырыпты. Елдің қарсы болғанына қарамай, дәрігерлерге ауруды басатын дәрі ектіріп алып, сүйіктімнің жаназасына келдім.

«Бақытты боламыз!» деп келе жатқанда айырылып қалып, өз қолыммен жерлеймін деп ойладым ба?!

Той көйлегін құшақтап, жарты жыл жаттым, бел көтермей.

«Уақыт – емші» деген сөзді кім айтты екен?! Емдеген жоқ жан жарамды. Ұмыта да алмадым. Сүйіктімнің той көйлегін өзі үзілген осы төмпешіктің астына көмдім.  Өмір деген, ойлануға да мұрша бермей, сөлпеңдетіп қояды екен. Жылдар өте тіршілік қамымен, осы жерге келуімді сиреттім», – деді бірқалыпты, сабырлы дауысын бұзбай. Үнсіз отырмыз.

Екі әйелдің жылап қалғанын пыш-пыш танауын тартқанынан біліп отырмын. Жылаңқының бірі мен едім. Тоба! Жүрегім жылап тұрғанымен, көз жасым ішіме кетіп жатқандай дел-сал күйде отырмын.  Жаның қысылғанда жылап алған да жақсы екен ғой. Шебер Алла іштегі шерді ыстық жаспен сыртқа шығарып жіберетін етіп жаратыпты-ау, тірі жанды.

  • Үйленбедіңіз бе? – деп сұрады арттағы әйелдің біреуі әлден соң.
  • Қырыққа жете үйлендім. Сүйгеніме ұқсайтын жар іздеп, көп жүрдім. Жаратушы әр пендесін өз ерекшелігімен жаратады екен. Ұқсастық көрсем есім кетіп, талай қызға елпеңдеймін де, көп ұзамай, көңілім су сепкендей басылып, құлазып кетем.

Алғашқы жарымды қатты ұқсаттым. Күлкісі... Көзі... Еркелегені...

Бірақ, ол емес екенін кеш түсіндім. Екі ұлым бар. Көп тұра алмай айырылысып тындық. Жақында екінші келіншегім қыз тауып берді. Есімін Дариға деп қойдым. Сүйіктімнің аты! – деді жүргізуші осы тұста дауысына көңілді нота қосып.

«Дариға – жүрек!»

«Бақытты болыңызшы!» деп қалай айтып қалғанымды байқамай қалдым. Өкпеме тығылған өксік, таңдайымда соғылып, сыртқа ытқып кеткендей. Көз жасым бұрқ ете қалды.

Өлген адам-жоқ! Қанша сағынсаң да, қанша жалынсаң да келмейді. Топырақтан жаратылған адамзат топыраққа сіңіп кетеді.

Аптап пен аязда, аңызақ желдің өтінде жалғыз өзі меңірейіп, жол бойында тұрған мынау төмпешік сүйгенінен көз жазып, қапылыста айырылып қалған ер азаматқа әрі азап, әрі алданыш!

Өзі жоқ болса да, сүйіктісінің соңғы күні, бақытты күні киген той көйлегі бар мұнда. Бұл-махаббат ескерткіші!

... Құлаққабымды шешкенде үзілген әуен, жалғасып ойнай жөнелді.  

«Бір үміт мені алдан шақырды,
Жүрегіме жаздым атыңды.
Сөндіріп алмашы, өтінем,
Отымды!»...

Жер басып жүріп, қосыла алмайтын ғашықтар бір-бірінен мәңгі айырылып қалған сүйгендерден бақыттырақ па?!...

«Аман жүрсе екен!» деп тілейсің!

Самал Зікірияқызы,
Алматы қаласы