Міне, қызық. Қодаспен көкпар тартады

Уақыты: 20.04.2023
Оқылды: 695
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Шыңжаңның Ташқұрған тәжік автономиялық ауданы Памир үстіртінің шығыс етегінде орналасқан. Оның теңіз деңгейінен орташа биіктігі 4 мың метрден асады.

Қодас – Ташқұрған ауданының фермерлері мен малшылары өсіретін негізгі мал түрлерінің бірі және жергілікті халықтың тұрмысымен етене байланысты жануар. 

Қодаспен көкпар тарту Ташқұрған ауданының кең таралған дәстүрлі халықтық спорт түрі екен. Бұл спорт түрі 2009 жылы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық регионы материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізіліпті. Соңғы жылдары бұл спорттық шара Ташқұрған ауданының туристік индустриясының дамуымен бірге көптеген туристің арасында танымал бола бастады.

Ташқұрған ауданындағы той-томалақта қодаспен көкпар тартып, мерекенің мерейін асыру дағдыға айналған. Құдды қазақтың жақсылыққа көксерке шалып, оны тақымгерлер ортасына «тартыңдар» деп тастайтыны сыңайлы.  

Айта кетерлігі, памирлық көкпаршылар арасында 44 жастағы Бижан Бегуаздың есімі ерекше аталады. Балуандығымен әйгілі оның меншігінде 50-ге жуық қодас бар. Ол бала кезінен бастап қодаспен таныс, 14 жасында әкесіне мұрагерлік етіп, қодаспен көкпар тартқанды үйреніп, ауыл арасында атағы шыға бастаған. 2019 жылы ол Шыңжаң Ұйғыр автономиялық регионында материалдық емес мәдени мұраның өкілді мұрагері болып таңдалған.

Айғаным АЙТМҰХАН