Қытайлық ғалымдардың өзі TikTok-тың зиянын айтты

Уақыты: 22.04.2023
Оқылды: 758
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сәт санап интернет қарыштап дамыған сайын әлеуметтік желі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, ТikТоk желісіне желімдей жабысқан жандардың қатары еселеніп келеді. Статистикаға сүйенсек ол  Instagram мен YouTube-ті қуып жетті. Кәрі демей, жас демей бәрі бірдей құмартатын ол қандай ерекшелікке ие екенін қайдам, сағаттап уақытын сарп етіп жатады.

 

Кейінгі кездері ғалымдар TikTokтың зиянын айтып, дабыл қағуда. Тіпті, Үндістан, Америка Құрама Штаттарында, көршілес Өзбекстанда тыйым салынып, қатаң шектеулер енгізілді. Неге десеңіз, жастардың санасын улап, күнделікті өмірін виртуалды ғаламға алмастыруда. Естеріңізде болса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай кәмелетке толмағандарға TikTok қосымшасын пайдалануға тыйым салуды ұсынды. Ол өз сөзінде жасөспірімдер арасындағы жаға ұстатарлық оқиғалар көбейіп бара жатқанын, мектепте, отбасында, жалпы, қоғамда бала тәрбиесінің өзекті екенін айтты. Сол себепті жастар арасында кеңінен танымал әлеуметтік желіден алдымен ата-аналар қорқу керек.

Ойлау жүйесін шектейді

TikTok пайдаланушысын қысқа видеоүзіктер арқылы виртуалды әлемге жетелейді. Бір сөзбен айтқанда бүкіл әлем сіздің алақаныңызда. Іздегеніңізді әп-сәтте табасыз. Мұның жаман не жақсы жағының аражігін ажыратып алуға болады. Әрине, әркім онда өз ойын ашық айта алады, тіл үйреніп, білім-білігін жетілдіреді. Тауарын жарнамалап, өзіне қажетті нәрселерді үйренеді. Онда ақша тауып, еңбектенеді. Тіпті, болмағанда жай демалып, көңіл көтереді. 

Артықшылығын санамалап, таразыға қойсақ, бәрібір жаман жағының салмағы басым. Физиология тұрғысынан алсақ, TikTok диванда «жабысу» гиподинамиясын тудырады. Жамбас сүйегінің зақымдануына әкеліп, көз бұлшықеттерінің шамадан тыс жұмыс істеуі салдарынан көру қабілетін төмендетеді. Бір сөзбен айтқанда қоршаған ортасына деген  шынайы қарым-қатынасты жоғалтады.

Ақпараттың үздіксіз ағыны миға әсер етіп, нейрофизиологиядағы нейрондардың сарқылуына немесе «шектеулі тежелуіне» әкеледі. Сонымен бірге есте сақтауға да теріс әсер етіп, ойлау жүйесін шектейді. 

Балаларға әсері

Психологтар ата-ана білуі тиіс маңызды мәліметтерді мысалға келтірді. Мамандардың сөзінше қазіргі заман балалары бейнеүзікпен ойлауға бейім. Олар айналасындағы жайттарды қысқа бейнеүзік түрінде қабылдайды. Демек, кез кезген нәрсе ол үшін біртұтас емес, тек үзінділер ғана. Бір-бірімен байланысы жоқ идеялар тізбегі. Дәл TikTokта балалар өмірді осылай көреді. Бірінен кейін бірі жалғасып кете беретін қысқа бейнеүзіктер тізбесі жасөспірімдерді еріксіз осыған итермелейді. Балалар күні бойы жалықпай ТikTokты ақтаруға дайын. Ол жақтағы ақпарат жақсы, яки жаман болсын бәрін де қабылдай береді. Яғни, белгілі бір шектеу, «сүзгі» жоқ. Нәтижесінде эмоционалды қабылдауы шаршап, миы тек тұтыну үшін жұмыс істейді. Ең қауіптісі – кез келген дүниеден жылдам әсер күтіп, лезде нәтиже көргісі келетін ұрпақ жетілуде.

Желінің тағы бір келеңсіз тұсы – жазылушысы көп блогерлердің әрекеті. Хайп үшін кейде қауіпті челлендж бастап, артынша оқырмандары қайталап видео түсіреді. Әлеуметтік желінің өкілдері қанша қадағалап, тосқауыл қойғанымен, жаңа хэштегтермен қайта пайда болады.

Тыйым салу

Қытайлық ғалымдардың өзі TikTok жастардың есте сақтау қабілетінің бұзылуына, депрессияға, стреске алып келетінін ескертеді. Зерттеушілер TikTokта үнемі отыратын 3036 мектеп оқушысы арасында сауалнама жүргізген. ТикТокқа тәуелділігі жоғары қатысушылар депрессия, мазасыздық және стресс шкаласы бойынша жоғары ұпай жинаған. Жұмыс жады тестінде басқаларға қарағанда нашар нәтиже көрсеткен. Жігіттерге қарағанда қыздар TikTok-қа көбірек тәуелді болып шыққан. 

Тиісті шара қабылданып, түбегейлі шектеу енгізілгенше балаларға тыйым сала алмаймыз. Солай болған күннің өзінде олар басқа амалын тауып, қайта кірудің жолын іздейді. Санасын улап жатқан смартфоннан арылту үшін алдымен ата-ана баламен көбірек уақыт өткізу керек. Виртуалды әлемнен шынайы өмірдің әлдеқайда қызықты екенін сезіндіретін пайдалы қадамдарға баруы тиіс. Әсіресе, қамқорлық танытып, шынайы сүйіспеншілікті сездірген жөн. Қарапайым ғана кешкілік сабаққа алып барып, балмұздақ сыйлаңыз. Таза ауамен серуендеп, спортқа баулыңыз. Яғни, ең алдымен, ата-ананың бала өміріне бейжай қарамағаны жөн!

Мәулен ӘНЕРБАЙ