"Дүниедегі ең ұлы ұғым – Бейбітшілік екен": Соғыс ардагерінің түйгені

Уақыты: 26.04.2023
Оқылды: 946
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қоғамдық көліктің іші. Ығы-жығы жолаушы. Автобустың бұрышында әкесі мен қызы дидарласып отыр. Сірә, әкесі қызын мектептен алып қайтса керек. Әңгіменің ауанына құлақ түрдім.

– Әке, бізді тауға апарамын деп едіңіз?

 – Алдымызда мереке күндері келеді, маған да, сендерге де демалыс, сол уақытта Текелінің тауына апарамын.

 – Қандай мереке?

 – Жеңіс мерекесі ғой.

 – Кімді кім жеңген?

 – Фашизмді біздің ата-бабамыз соғыста жеңген.

 – Соғыс деген не?

Бұл әңгіме ұзаққа созылды, білем. Соғыс туралы хабары жоқ бала мен соғысты көрмесе де, оқып білген екеудің әңгімесі аялдамадан түсіп қалсам да әріге өрбіген сыңайлы. Бала сұрайды, әке жауап береді.

Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Мен соғысты көрмедім...» деп басталатын өлеңі ойға оралады. Шынын да біз соғысты көрмедік, соғыстың зардабын да сезбедік. Көргеніміз жыл сайын «Ұлы Жеңіс» мерекесінің тойлануы мен соғыс ардагерлерінің қатарының уақыт өткен сайын сиреуі. Соғыс жайында сол жеңісті сыйлағандардан сұраған абзал-ау деген оймен Текелі қаласына тартып отырдық. Мұнда соғыс уақытында да, соғыстан кейін де елдің тыныштығы мен бейбітшілігінің қалқаны болған батыр тұрады...

Қазір сол зұлматтың, сол дәуірдің кермек дәмін татқан Текелідегі көзі тірі жалғыз батыр – Михаил Тыщенко. Шырайлы қаланың қоғамдық өмірінен ажырамаған соғыс ардагері қазір 96-шы көктемін қарсы алып отыр. Соғыс пен тұрмыс салған тауқыметтің өзіне иілмей, еңсесін тік ұстап, жеңіс күнін ерекше ықыласпен күтіп жүр. Кеудесіндегі жарқыраған медальдардан көз сүрінеді.

Біз барғанда соғыс ардагері өзі жалғыз тұратын үйдің ауласында тауықтарын қамдап жүр екен. Жайдары жүзбен, ширақ қимылмен құшақ жая қарсы алды. Тоқсанның алтысына толдым деп тұрған жоқ, баладай елпеңдеп бақты. Жайымызды ұққан соң, келетімізді білгенін, күтіп жүргенін айтып, үйдің төріне оздырды. Бізді жайғастырды да тарамыс тартқан алақанымен әжім басқан, бірақ нұры қашпаған жүзін бір сипап әңгімесін әріден бастады.

Михаил Тыщенко сонау 1927 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Сарқан ауданына қарасты сол уақтағы Антоновка, қазіргі Қойлық ауылында дүниеге келіпті. Ел еңсесін көтермеген уақытта өткен балалық шағында талай ауыртпашылықты бастан өткерген. Аштық, жоқтыққа мойымай, есейе түскенде ауыл шаруашылығында тер төгеді. Бозбала шақтың енді дәмін сезініп, 17-ші көктемге жаңа аяқ басқанда, Қызыл әскердің сапына шақырылады. Бұл – 1944 жыл еді.

Бозбала әскер қатарына шақырылған соң, бірден майдан даласына жөнелтілмейді. Әуелі 3 ай әскери оқу-жаттығудан өтеді. Мұнда жалынды жас әйгілі «Максим» және Дегтяревтің пулиметін атуға машықтанады. Осы қаруды қолына алып, шайқас алаңына Белоруссиядан қосылады. Отанына ашкөздікпен енген фашист әскеріне оқты қарша бората жүріп Михаил Тыщенко Польша, Литва жерін азат етуге күш жұмсап, Берлиннің маңындағы айқаста жеңіс туралы ақжолтайды естиді.

Бұл – жеңістің дәмі тым ащы еді. Өйткені, жеңістің ақ жалауын қолда ұстағанмен, жас сарбаздың артында қираған қала мен дала тұрды. Ал оны қалыпқа келтіруге қыруар күш керек. Берлин толық капитуляция жариялағанмен әскери міндеті аяқталмаған Михаил Тыщенко 1951 жылға дейін елге оралмайды. Отан алдындағы борышы тек соғыспен аяқталмапты. Қиранды қалаларды қалпына келтіруге әскери тұтқындар жұмылдырылса, жетісулық сайыпқыран сол тұтқындарды қарауылдапты. Мұнан өзге, Украина, Польша, Латвия және Белоруссия аумағында бүлінген елді қырғынға салып жүрген бүлікшілермен де (өзінің айтуынша қылмыскерлермен) айқасқа атсалысады.

1951 жылы әскери міндеттемесін адал орындап, туған өлкесіне оралады. Сол жылы Текелі қаласындағы қорғасын-мырыш комбинатына орналасып, еңбексүйгіш майдангер Раиса Яковқызымен көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. Жары қаладағы медициналық мекемеде медбике еді. Содан дүниеге Надежда есімді сәби келіп, 65 жыл тату да тәтті ғұмыр кешеді. Өкінішке қарай Раиса Яковқызы 2019 жылы дүние салыпты.

Қазір Михаил Тыщенко жасы келіп, шау тартып жүрген жоқ. Текелі қаласының қоғамдық өмірінде белсенді. Терезесінің алдында көктем енді шығып жатқан сәтте қызанақтар пісіп тұр. Бүр жарған гүлдер де үйдің сәнін кіргізіп тұрғандай. Аулада он шақты тауық жүр. Осының бәрін ардагер жалғыз игеріп отыр. Оның жайын жоғарыда жазғанбыз. Михаил Абрамұлының қызы мен немерелері, шөберелері бар. Бірақ батыр жалғыз тұруды жаны қалайды екен. Ұрпағы келіп, тұрмыстағы шаруаларына жәрдемдеседі. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлер қай кезде де жеңісті жақындатқан тұлғаға көмек қолын созып тұрады.

– Білесіңдер ме, дүниедегі ең ұлы ұғым – Бейбітшілік екен. Бейбіт заман орнаған сәтте даму да, өрістеу де, өркендеу де болады. Қазақстанның аспанын ешқашан қара бұлт торламасын. Ұрпағымыз тыныштық күй кешсін, – деп сөзін аяқтады батыр.

Соғыс ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Олардың естеліктері де тарихқа айналуда. Өйткені олар тарихты жасаған батырлар...

Дастанбек Садық