Ілияс Жансүгіров – Жыр құлагері

Уақыты: 26.04.2023
Оқылды: 598
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ілияс Жансүгіров қазақ сөз өнерін кемелдендірген қайталанбас дарын иесі. Оның ұлтымыздың өміріндегі орны орасан, қазақ әдебиетіндегі әлемі айрықша. Ол қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік шығармаларды дүниеге келтірген тегеурінді қаламгер. Ілияс бала жасынан өмірдің сырын білуді,  айналасын тануды арман етті. Ол өмірдің сырын біліп, айналасын танып қана қойған жоқ, өзгеге де тануға көмектесіп, қазақ халқының санасын оятып, көкірек көзін ашуға да зор үлес қосқан ұлы тұлға.

Ол адамшылықтың, тіршіліктің негізі, тұтқасы өнер-білімде екенін, жалпы тіршілік жарысында «мәдениет», «теңдік» деген кембеге бұрын жеткізетін  оқу, оқыту екенін жақсы түсінген. Осы жолда «Тілші» газетінің өзінде бірнеше материал жариялады. «Жетісуда оқу мәселесі» деген мақаласында елді ағарту проблемаларын батыл қойды. Ескі мектептерді есептен шығаруды, жер кесіп беріп жаңа мектептер салдыруды, жарақсыз, жарамсыз мұғалімдерді босатуды, мектептерді жабдықтауды, ағарту мәселелері туралы үгіт, түсінік жұмыстарын кең жүргізуді, әр мектептің өзіне, жалпы оқу ісіне арнап қор жинауды ұсынды. Шала мұғалімдерге пысықтау курсын ашуды, басқа жердегі үлгілі, үлкен мектептерге оқушылар жіберуді, қырғыз-қазақ институтын аянышты халден шығаруды талап етті. Бұларды Жетісу өкімет орындарының, азаматтарының, жалпы халқының алдында тұрған міндеттер деп қойды.

Ақынның арманы заманына сыймаған, мал, даңқ дүниесіне, озбырлық дүниесіне табынған «теріс азуларға», «қылмысқа, қиянатқа» үн көтеріп,қалам сермеу ғана емес осы бір асқақ арманын іс жүзінде де жүзеге асыру еді. Жоғарыда жазылған ақынның атқарылған істеріне қарап, ақын арманының қиял болып қана қалмағанын түсінеміз.

Сонымен қатар,  Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетін жинап, жариялау, зерттеуде кейінгі ұрпаққа аталық сөз қалдырды. Белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаев Ілиястың әдеби мұраларға сіңірген орасан еңбегі жайлы былай дейді: «Ұмытпасам, 1933 жыл болса керек. Ілияс өзі жинаған бірқатар ауыз әдебиеті нұсқаларын: Бөгенбай батыр жырын, Сүйінбай, Албан Асан, Бөлтірік ақындардың шығармаларын маған оқуға берді. Тағы сол жылдың жазында екеуміз көшеде кездесе қалып, біраз уақыт әңгімелестік. Ілияс ол кезде Қазақстан Жазушылар одағын басқарады. Мен оған таяуда Мәскеуге оқуға кеткелі жүргенімді айттым. Ол бұған қуанышты екенін білдірді. Ілекең адамды қадірлеп, қолынан келгенше қамқор болуға икемді еді».   Т.Кәкішевте: «Ілияс Жансүгіров - қазақ әдебиетінің шаң жұқпас жүйрігі, жыр Құлагері, әдебиетіміздің бар саласына үлес қосып, поэма жанрын қол жетпес биікке көтеріп, дәстүр жасаған қайраткер» - деп пікір білдіреді.

Ақын шығармаларының өрісі кең, айтары мол. Мысалы, Қазақстанның он жылдығына арнап жазылған «Дала» поэмасында ақын қазақ халқы тарихының «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасынан бастап, Ұлы Октябрь революциясының жеңісіне дейінгі елеулі кезеңдерге поэманың өн бойына араласып отыратын, оқиғаларды жанды көрсететін тарих шал мен халықты негізгі кейіпкер етіп ала отырып, шолу жасайды. Поэма қазақтың ежелгі толғау, жыр үлгісіндегі дәстүрдің негізінде туған. Ақын «Дала» поэмасында қазақ даласындағы болған өзгерістер мен жердің тарихын толығымен айтып береді. Жоңғар соғысынан бастап, 1916 жылғы оқиғаларға дейінгі уақытты қамтиды. Соңында тарих шалдың құлағына жаңа әуеннің дүбірі жетеді, ол жаңа өмір.

Бірақ ұлы ақын, жазушы, драматург, аудармашы, фольклорист, публицист, Жетісу тарихын зерттеуші, ұлт қайраткері Ілияс Жансүгіров өз заманында ескерілмеді, еленбеді. Керісінше, жала жабу сипатын ұстанған мақалалар басылым беттерінде үсті-үстіне жарияланды. «Халық дұшпандарын түгел әшкерелеп, көзiн мүлде құртайық» деген бас мақала («Социалды Қазақстан» газетi, 9 қаңтар 1937ж.), «Көркем әдебиеттегі ұлтшыл фашистердің зиянкестігін түп тамырымен құртайық» («Әдебиет майданы» журналы, №3, 1937ж.), Р.Жаманқұловтың «Қырағылықты күшейтейiк» («Қазақ әдебиетi» газеті, 18 қаңтар), «Жазушылардағы есуастық дерт» («Лениншiл жас» газеті, 11 сәуiр), «Әдебиеттегi алашорда агентi» («Лениншiл жас» газеті, 21 қаңтар), Дәукенов Кәріжанның «Барып тұрған зиянды контрабанды» («Қазақ әдебиеті» газеті, 30 шілде 1937ж.) М.Қаратаевтың «Қазақ әдебиетіндегі авербақовшылдықтың қалдығын толық жою керек» («Социалды Қазақстан», 29 тамыз 1937ж.), «Жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист жаулардың зиянды зардабын бiржола құртайық» (Редакциялық мақала, «Қазақ әдебиетi» газетi, 8қазан 1937ж.), «Халық жауларының жетегiндегi жазушы» («Қазақ әдебиетi» газетi, 15 қазан 1937ж.) сынды даттау мақалалар мерзімді баспасөз беттерінде белең алды.

Ілияс Жансүгіровті 1937 жылы тамыздың 11-де Жазушылар одағының парторгі Әбдіқадыров Қалқаман Алматыға шақыртады. 13 тамыз күні Алматыға келгенде олардың «Ғаббас Тоғжановтың орнынан алынғандығына байланысты» шақыртқанын біледі. Сол күні үйлеріне қонаққа келген Мұхтар Әуезовпен шай ішіп, кешке ол кісіні шығарып салып, үйлеріне кіргенде, арттарынан НКВД-ның адамдары да еніп, ордерді көрсетіп, үйдің ішін тас-талқанын шығарып тінтіп, қолжазбаларды, кітаптарды конфискелеп, Ілиясты қамауға әкетеді. 1938 жылы 26 ақпанда «халық жауы» ретінде атылады.

Ол қазақ халқының тоқсан тарау, мың сан күйінің терең өмірлік сырын, көп қырлы эстетикалық қасиетін ашып көрсеткен дара тұлға. Сондықтан да Ақын мұрасын аялау, халқымыздың сөз байлығын жинаудағы оның алатын орнын ғылыми еңбектерде ескеріп отыру - әрбір әдебиетшінің, мәдениетті ұрпақтың азаматтық парызы, ғалымдық борышы болса,оның қазақ тарихында алатын айрықша орнын, атқарған орасан зор еңбектерін білу, дәріптеу әрбір қазақ баласының міндеті.

Шұғыла Разбекова,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің
«Филология» факультетінің студенті.