Үмітін үзбеген бір үзім нан

Уақыты: 10.05.2023
Оқылды: 921
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

2005 жылы мамырда «Айқын» газетінде Жеңіс күніне арналған мерекелік нөмірге арнап мақала жазуға тапсырма алдық. Оқиғасы ерекше, тағылымдық-тәрбиелік тұрғыда болуы керектігі міндеттелген еді. Соның алдында Ақсу ауданында іссапарда болғанымда, аудан орталығы Жансүгіров ауылында 1939 жылы күзде соғысқа аттанған жарын, майданға жөнелтіп тұрып, өз қолымен пісірген ыстық күлшенің шетін тістетіп алып қалған кейуананың тұратынын естіген едім. Қазақта алыс әрі қауіпті сапарға аттанған жанға шетінен тістетіп алып қалған нан бүлінбей, көгермей сақталса ол адам тірі, түбі оралады деп ырымдайды екен.

Сол туралы жазуға бел буып, Ақсуға барып, сол кезде тоқсаннан асқан апаға жолықтым. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, Мәдина әженің жас кезінде ажарлы, сымбатты болғаны бірден байқалып тұрды. Сұңғақ бойын әлі тік ұстайды екен. Киген киімі де жасына сай, жарасымды. Артық ештеңе жоқ. Үстіне қыл жұқтырмайтын кірпияздығы да сезіледі. Әңгімесі де ұғынықты. Жадының мықтылығы сондай, кейбір оқиғаларды мерзіміне дейін айтып отырды. Іздеп келгенімізге риза болып, дастарқаннан дәм таттырып, батасын беріп, шығарып салды. Ақ орамалға оралған, өзі және отбасы үшін аса қастерлі күлшені де көрсетті. Жан жарын қан майданға аттандырып салғаннан бері 66 жыл өтсе де, оның бір жерде тірі жүргеніне сондай сенімді болатын.

Хакімжан Хұсайынұлы 1909 жылы  Ақсу ауданының Ақсу ауылында туады. Еңбек жолын он жеті жасында ревизор болып бастап, одан кейін теміржолда, ұжымшарда бригадир болып істеген. 1930 жылы аудандық комсомол комитетіне қызметке қабылданған. 1931 жылы жұмысшы-шаруа қызыл армиясы қатарына шақырылып, 2 жыл әскери борышын өтеген. Одан кейін Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы халық комиссарлары кеңесінің бірлескен мемлекеттік  саяси басқармасына қызметке алынған. Осында Кеген, Нарынқол, Жаркент аймақтарында міндетін атқарған.

«Хакімжан екеуміз 1931 жылы шаңырақ көтердік. Жарымның қызмет бабымен Жетісу жерінің біраз ауданының дәмін таттым. Жұмыстан келгеннен кейін екеуміз қолтықтасып көшеге шыққанда, бүкіл ауылдың халқы бізге таңдана қарап, сыртымыздан  сүйсінетін. Жастардың барлығы біздерге ұқсағысы келетін.  Ол сондай сымбатты, күш-қайраты тасып тұрған, көзінде от ойнайтын жігерлі,  жігіттің сұлтаны еді. Әскери киім өзіне керемет жарасатын. Ішкі істер халық комиссариатында істейтін. Мергендігімен де көзге түмсіп, «Ворошилов атқышы» белгісімен марапатталған.  Талай сыннан сүрінбей  өткен,  әскери және ішкі істер саласын жетік білетін мықты офицер болғандықтан 1939 жылы күзде Екінші дүниежүзілік соғыстың  алғашқы қарулы қақтығыстары бастала салысымен алғашқы лекпен майданға аттанды. Финляндия мен Кеңестер одағы арасындағы  соғысқа қатысты.  Одан кейін неміс фашистеріне қарсы шайқасты. 1942 жылы жазда атақты Сталинград шайқасында хабар-ошарсыз кетті. Сол 1939 жылы күзде өз қолыммен пісірген тоқаштың шетінен тістетіп, қалғанын аман келгеннен кейін тауысасың деп, ақ орамалға орап алып қалған едім.

Тоқаштың қалған бөлігі бүлінбестен, көгерместен кеуіп, әлі күнге сол қалпында  сақталып тұр. Соған қарағанда Хакімжан тірі. Жараланып, тұтқынға түсті ме деп ойлаймын. Соғыс біткенде басқа елдің әскерлері босатқан тұтқындардың көбі елге қайта оралудан қорқып, батыста қалып қойды ғой. Өзі де НКВ-да істегендіктен, тұтқындағыларға аяушылық болмайтынын жақсы білетін ол «ретін тауып, сол жақта қалып қойды ма» деп те болжаймын. Мүмкін, ауыр жарақаттанып, кім екенін ұмытым қалды ма деп уайымдаймын. Әйтеуір аман жүрсе болды-дағы. Мен оған ғұмыр бойы адал болдым. Артында қалған балаларын жеткіздім, ұрпағын өсіріп отырмын, түтінін өшіргенім жоқ» деген еді сол жолы.

Өкінішке қарай, 1912 жылы 15 қыркүйекте Қапал ауылында туған Мәдина Сұлтанқызы 2005 жылы желтоқсанда қайтыс болды. Көкірегінде сарытап болып сақталған мәңгілік  сағынышын, жетпіс жыл бойы үзілмей, алға жетелеген үкілі үмітін өзімен бірге алып кетті.

Патша заманында уезд орталығы болған Қапал ауылы өткен ғасырдың басында, отызыншы жылдарында да, одан бертіңгі кезеңдерде де  Жетісу өңіріндегі ғана емес, Қазақстандағы іргелі елді мекен, аймақтық деңгейдегі мәдени және саяси орталықтың бірі болды. (Тек 1997 жылы  бірнеше облыс тарқап, аудандар бір-біріне қосылғанда аудан орталығы мәртебесінен айырылып, содан бері бір кездегі мәртебесінен айырылып,  тозыңқырап кетті.)  Сондықтан да болар, қазақ үшін қасіретті болған Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінде, ойраны көп отызыншы жылдарында  НКВД-нің, әскери комссариаттың, басқа да уәкілетті органдардың  аймақтық басқармалары да осында орналасыпты.  Ашаршылық, қуғын-сүргіннің кесірінен жетімдер көбейгенде құрылған балалар үйлерінің бірі де Қапалда болған. Жергілікті ішкі істер органында басшылықта болған Хәкімжан Қайыповтың қосағы сол отызыншы жылдарға лайықты білімі бар Мәдина Сұлтанқызы сондағы балалар үйінде директор міндетін атқарады. Мәдениет үйінің директоры болады. Отағасын қатарластарымен бірге қан майданға аттандырғаннан кейін де қарап отырмай, өзіне жүктелген жауапты жұмыстарды жалғастырып, білім, мәдениет саласында зейнетке шыққанша еңбек етеді. Соғыс жылдарында ауылдастарымен  бірге жеңісті жақындатуға барын салып, колхоздың ауыр жұмысына да жегіледі. Таңға дейін майданға жылы киімдер дайындап, байпақ пен қолғап тоқыған, пима басқан, өздері жарты құрсақ жүріп, әскерге азық-түлік қамдаған қиын кездерді жиі айтып отыратын дейді кейуананың көзін көргендер. Бес жылдан астам уақытқа созылған соғыс аяқталғаннан кейін тұралаған өндіріс пен ауылшаруашылығын  қайта өркендетуге де өзіндік үлесін қосады. Білімді адамдар тапшы кездерде өзіне жүктелген кез келген міндетті мінсіз атқарып, елдің алдынан көрінген. Содан да болар, бүкіл ғұмырында жерлестерінің сенімін иеленіп  айнала ортасының өзіне деген сый-құрметіне бөленіп өтті.

«Әжеміз жас кезінде керемет сұлу, дегдар  болған деп ол кісімен замандас қапалдықтар күні бүгінге дейін жыр қылып айтады. Атаммен  отбасын құрғаннан соң қиын-қыстаулы кезеңде екеуі іргелі аудандағы зиялыларының алдыңғы қатарында жүреді. Мүмкіндіктерінше елге адал қызмет етеді. Оқыған, сымбатты, әскери тәртіпті де жақсы білген, жастығына қарамастан  қандай міндет жүктелсе де мінсіз атқарып, қатарының алдынан көрінген  әжеміз    атамыздың аяулы жары ғана емес, сенімді серігі болғаны да анық. Отағасын майданға аттандырғанда да, қосағы хабарсыз кеткенде де жақсылықтан үмітін үзбеді, ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтпады. Ақыры сол сенімнің жетегімен жан жарын ғұмыр бойы күтті. Өзі өмірден өткенше үмітін үзген жоқ. Көз жұмғанша қосағының есімін жадынан шығармады. Шамасы бар кезде Екінші дүниежүзілік соғыс туралы кез келген ақпаратты жібермей мұқият оқып, деректі фильмдерді үңіле қарап отыратын.  Сондағысы  атам туралы кішкене болса да хабар шығып қала ма, деректі фильмдерден таныс бейне көзге шалынып қала ма деген үміт қой. Кейде: «Әй, сол ана жақта қалып қойды-ау. Тым сымбатты еді, үйленіп те алған шығар» дейтін де, онысын өзі дереу жоққа шығарып, «Ондай жалындап жанып тұрған жанның хабар-ошасыз кетуі еш мүмкін емес,  бізге жете алмай арманда жүр-ау» деп  қиналатын. Әжеміздің өмірі мен адалдығы, қайсарлығы мен қажырлығы бізге ғана емес, ауылдастарға да өнеге болды. Елге тұтқа бола білген талай азамат арнайы іздеп келіп, жолығып, ақыл-кеңесін тыңдайтын. Әжеміз өзінің жағымды энергиясымен адамдардың жанын емдейтін десем, еш қателеспеймін. Құқық қорғау саласының ардагері Асқар Шайхин шаршаған, торыққан сәттерінде арнайы келіп, әңгімелесіп, жанына таусылмас рухани азық алып қайтатын. Он-он бес минут болса да төсегіне қисайып, көз шырымын алатын. Кетерінде біразға жететін күш-қуат алдым деп, алғысын жаудыратын. Азаматынан қалған аманатқа адалдықтан айнымай, балаларын өсіріп, жеткізді. Көзі тірісінде немерелерін аяқтандырып, шөберелерініңде қызығын көрді.  Мүмкін, 93 жастан асып, қайтыс болғанша ешкімге ауыртпалығын салмай, өз аяғымен жүріп-тұрғаны, ақыл-есін сол күйінде сақтай алғаны да сол таусылмас қуатының,  атамызға деген аппақ махаббатының, адамдарға адалдығының, айналасына тек жақсылық ойлағандығының арқасы шығар деп ойлаймын»,-дейді  немересі Айжан.

Болат АБАҒАН