Дәл қазір Алматы қаласында Қазақстан жазушыларының ХVI съезі өтіп жатыр, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының ғимаратындағы жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысуда.
Съезде осыған дейінгі Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді. Ол өз сөзінде Одақ төрағалығынан кететінін ресми мәлімдеп, ендігі сайлауға қатыспайтынын айтты.
Белгілі ақын Бауыржан Жақып жүргізіп отырған жиында сөз Қазақстан Жазушылар одағының осы құрылтайға дейінгі атқарған еңбегін саралайтын Бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Әлібек Асқаровқа берілді. Ол 2022 жылы 195 миллионнан астам қаржы Одаққа түскенін мәлімдеді. Бұның ішінде Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің алақан жайып сұраған қаражаты да бар. Ал, қазір Одақ бухгалтериясында бес мыңнан астам теңге ғана тұр.
Келесі кезекте жазушы Дулат Исабеков: "Ұлықбектің баяндамасын тыңдасаң, Одақта қыруар жұмыс атқарылған екен", - деп бастады сөзін. Сонымен бірге әрбір жазушының әдеби агенті болу керектігін баса айтты. Жазушы кітап шығару мәселесіне тоқталып, кітапты топтап шығарғаннан көрі санаулы болса да жеке-жеке шығарған жөн екендігін алға тартты. Сондай-ақ, елулеп, жүздеп авторларды аударып кітап шығару мәселесін сынға алды.
Съезде сөз алған Иран-Ғайып Оразбаев Ұлықбек Есдәулетке: "Сенің айтып отырған конференцияларыңның бірінде Иран-Ғайып жоқ. Неге?", - деп сұрады. Бес жылды өткеріп, жұрттың алдында рұқсат сұрағаны үшін Ұлықбекке рақметін айтты.
Келесі сөз кезегі Кәдірбек Сегізбаевқа берілді. Ол "Кітап таралымы көбейіп, кітапханаларда кітап қоры жеткілікті болса, оның құны түседі", - деген ойын айтты.
Жиында пікір білдірген "Ана тілі" газетінің бас редакторы, ақын Ерлан Жүніс: "Жастар есейгенін көрсетті. Қазір облыстардағы Жазушылар Одағы филиалдарының барлығын дерлік жастар басқарып отыр. Кейінгі уақытта жастарға көптеп көңіл бөлінуде", - деді.
Жарыссөзде айтылған мәселелерге орай сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: "Жиналыс жақсы өтіп жатыр. Өзекті мәселелерді түртіп алып отырмыз. Оның барлығын жоғарға жеткіземіз. Жазушылар Одағын қолдауымыз керек", - деді.
Съезде 100 адамды басқарма мүшесі ретінде бекітуге барлығы бірауыздан дауыс беріп, үш адам қалыс қалды.
Естеріңізге салайық, бүгінгі съезге 538 адам қатысып отыр. Жалпы, Жазушылар Одағының 966 мүшесі бар. Ал, келесі жылы Жазушылар Одағының құрылғанын 90 жыл толады.
Қозыбай Құрман
Сурет автордікі