ҚОС ҒАСЫР ҮНІ АСҚАҚТАП... (Шалқыма)

Уақыты: 18.06.2023
Оқылды: 642
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеудесіне Алаштың зары тамған басылым, тамырына қазақтың нәрін таңған басылым, тағдырына ұлтының алаң болған басылым, қан-қасапта ел рухы саған қонған басылым, тарихың боп түзілді аршындаған ғасырың, жамалыңда сыр менен мұң жатпаған жасырын, шырқай бер, тағы қос ғасыр, құндылығым – асылым!

105 жылғы тарихты қаттап жазған сен едің, қос ғасырдың бар сырын екшедің де еледің, қандай бір қиын заманда қайыспаған бел едің, сұрқай-сүрдек шақтарда тартылмаған көл едің, мұқым қазақ баласын азаттыққа бастаған, күллі түркі еліне ортақ туған «төл» едің. Сенің асқақ жолыңа болмай тұр-ау теңерім.

...Ала боранда адасқан, абадан, арлан – текті едім, жанарда жасын ойнатсам ұйысқан бұлтты көктедім, қақпанда қалған тірсекті шайнап тастап, ақсаңдап, қаһардың иісі аңқыған апаныма беттедім, сол рухымды қаз қалпы шежіреңе қаттадың да беттедің.

Түйір дән таппай талмарға, суалған көздің қиығын салғанда салқам заңғарға, аң қуып түскен ағарға, сонау бір ашаршылық жылдары арманды жалғап арманға, ел басындағы нәубетті қаламнан қан саулатып, күйініш отын лаулатып, сен жаздың жылап – «Jetisy»!

Арысымды қаралап, ақ жүректі жаралап, қуғынға әбден алғанда, сүргінге сұрқай салғанда, қорғасын оққа таңғанда, қара жердің сусыны қызыл қанмен қанғанда, адыра қалып арман да, зарлы әуенге салғанда, Ілияс, Сәкен, Бейімбет – Үш бәйтерек семгенде, Бес Арыстың қылшасы қорғасынмен қырқылып, манат белім солғанда, сен жаздың зарлап – «Jetisy»!

Әлемнен кетіп тыныштық, нешеме жылдар ұрыстық, өңмендеп келген фашисті, тойтару үшін тырыстық, алапат соғыс кезінде сарқылған күш пен ырыс-құт, сонау бір сұрқай кезеңді қалыпқа құйдың күміс қып, батырлардың жігерін жалын сөзіңмен тым ыстық, сен емес пе ең демеген, аталы оймен жебеген, жазуы жауһар – «Jetisy»!

Тың игердік, тер төктік, Желтоқсанда тоң боп қатқан боздақ құшып, шер төктік, азаттық деген ғасырлық ет жүрекке дерт ектік, еркіндіктің жолында намыс отын өртептік, міне, осындай кезеңде тарихын жазып шып-шымыр, 30 жылды тағы да сен зерледің ертек қып, айналайын, «Jetisy»!

Қасиетті басылым, ардақтым һәм асылым, сен қазақпен қуандың, сен ұлтыңмен мұңайдың, қасиетіңді тізбелеп қандай бір толғам құрайын, мұқым қазақ данасы саған тартса қаламды, мұқым Алаш баласы саған тартса қаламды – ол да сенің айбының мен аймауыт асыл, шырайың, тағы бір ғасыр парағын 5 жыл бұрын айқарған, «Jetisy»-дың беделін биік етші, Құдайым!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ