ІСПЕН ЖОСПАР ҮЙЛЕСПЕЙДІ

Уақыты: 02.07.2023
Оқылды: 770
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміздегі жылу маусымына дайындық жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысында науқаншылдық басым. Тірлік біткен қағаз жүзінде ғана «керемет». Шын мәнінде нәтиже басқа. Жауапты атқамінерлердің арқаны кеңге салуы белең алған. Өйткені жылу маусымына дайындық жұмысының бел ортасында жүргендер жоқ. Бірінші басшылар, әкімдер мен министрлердің орынбасарлары құрғақ санға иек артып отыр. Сала жетекшілеріне ҚР Премьер-Министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ Үкімет отырысында осындай баға берді. 


Күлтөбе басындағы басты жиында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ел бойынша жылу маусымына дайындық жұмыстары жайын таразылаған еді. Еліміздің бас энергетигі биыл жылу электр стансыларында 10 энергоблок, 49 қазандық пен 54 турбинаны  күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлағанын, тап қазір  3 қазандық пен 8 қазандықта жаңғырту жұмыстары аяқталғанын жеткізді. Сонымен қатар, 3 энергоблок, 19 қазандық пен 8 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр екен. Министрдің баяндамасына сүйенсек, 2 мың шақырымдай электр желісі, 69 қосалқы стансы және 469 тарату пункті мен трансформаторда жаңғырту жұмыстары аяқталған. Жоспар бойынша жылыту маусымына дейін 567 қосалқы стансы, 25,3 мың шақырым электр желісі және 3,5 тарату пункті мен трансформатор жөнделеді екен. 

Мұнан соң мінберге көтерілген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жиынға қатысушыларды әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жылыту кезеңіне қызу дайындық үстінде екеніне сендірді. Оның айтуынша, маусым айының үшінші онкүндігіне дейін 2,5 мың білім беру нысанында, 1,7 мың денсаулық сақтау объектісінде және 7,3 мың тұрғын үйде қысымды тексеру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, өңірлерде жылу желілеріне техникалық тексеру жұмыстары қарқын алған. Қазіргі уақытта 89 қаланың 30-ында атаулы жұмыстар толық аяқталыпты. Министрдің сөзіне сенсек, жыл соңына дейін 500 шақырым жылу желісі жаңғыртылуы тиіс. 

Марат Қарабаев ауызсу желілерінің де қарқынды жөнделіп жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, жоспарланған 1,4 шақырым су желісінің 233 шақырымы, су бұру желісінің 46 шақырымы жөнделген. 

Мұнан соң Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтар сөйлеп, жылыту маусымына дайындық жұмыстары жайында баяндады. Премьер-Министр сала жетекшілері мен аймақ басшыларының сөзіне иланбағанын жеткізді. Әлихан Смайылов алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесінің әдейі ертерек қаралып жатқанын атап өтті. 

– Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын нашар деп бағалаймын. Жауапты басшылар кабинетте отырмай жұмыстың бел ортасында жүруі тиіс. Мәселелерді объектінің басында шұғыл шешу қажет. Арқаны кеңге салатын уақыт жоқ, жаз ортасы келіп қалды. Тәулік бойы жұмыс істеу керек. Бізде құрылыс маусымы өте қысқа, сондықтан тәуекел де жоғары. Егер, жаз біткенше жағдай жақсармайтын болса, онда жауапты адамдарға қатысты кадрлық шешімдер қабылданатын болады, – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Премьер-Министр Әлихан Смайылов Энергетика министріне жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз етуді, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне өңір әкімдерімен бірлесіп жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды. 

Дастанбек САДЫҚ