ИНВЕСТИЦИЯЛВЫҚ ЖОБАЛАРҒА ҚОЛДАУ ЖАСАЛАДЫ

Уақыты: 01.07.2023
Оқылды: 683
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев  «Бәйтерек»  ұлттық басқарушы холдингі»  акционерлік қоғамының басшысы Қанат Шарлапаевпен әріптестік  кездесу өткізді. Басқосуға акционерлік қоғамның еншілес компанияларының өкілдері де қатысты. 


Басқосуда  инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелері қаралды.  Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы  жас облыстың  инвестициялық жобаларын қолдауға   ниет  еткен «Бәйтерек» қоғамының жетекшілеріне алғыс білдірді. 

– Облыс бір жыл бұрын құрылды.  Содан бері өңірдің инвестициялық мүмкіншілігі ескеріле отырылып, әлеуметтік-экономикалық даму жоспары жасалды. Мұнда барлық сала қамтылды. Жетісуға салынған  инвестицияның қайтарымы мол. Жаңа облыстың өнім өндіру, сату  бойынша мүмкіншілігі зор.  Өңірде 5 стратегиялық бағыт бойынша инвестиция тарту қолға алынбақшы. Оның біріншісі  агроөнеркәсіптік кешен,  транспорт  және логистика, туризм, балама қуат күшінің  өндірісі, пайдаланылмай жатқан жерді игеру.  Облыста 2030 жылға дейінгі  148  инвестициялық пулдың  жобасы жасалды. Бұл бастамалар жүзеге асса 7 мың жұмыс орны ашылады деген болжам бар.  Аталған жобаларды көбіне қаржылай қолдау керек.  Инвесторлар келіп, қаржы құйылатын болса әкімдік тарапынан олардың жұмыс  істеуіне барлық жағдай жасалады, – деді ол. 

Басқосуда  облыстың  негізінен ауылшаруашылығы саласымен шұғылданатыны, алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашуға күш салынатыны жайлы жан-жақты мағлұмат берілді. Бейбіт Өксікбайұлының айтуынша ет, сүт өндіру, сондай-ақ, көкөніс, жеміс-жидек қорын молайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Тауарлы-сүт фермасы, құс фабрикасы, шошқа өсіруге ден қойылады.  Қолжетімді бағада  жергілікті балғын, таза  көкөніс сататын дүкен ашу қарастырылуда. Бастаманы «Хильниченко» коммандиттік серіктестігінің көтеріп жатқандығы айтылды. 

Жастардың облыста қалуы үшін баспана салу да назарда ұсталынады. Туризмнің дамып келе жатқандығына байланысты лизингке ұшақ алсақ деген ұсыныс та айтылды. Бұл мәселе алдағы уақытта кеңінен талқыланбақ. 

Екіжақты келіссөз көптеген игілікті істің жүзеге асуына негіз болмақ.  «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі»  акционерлік қоғамының басшысы Қанат  Шарлапаев жаңа облыстың бастамаларына сәттілік тілей отырып,  инвестициялық жобаларға  қолдау білдіретінін айтты. 

Гүлжан ТҰРСЫН