КӨМЕК ЗАҢ АЯСЫНДА КӨРСЕТІЛЕДІ

Уақыты: 02.07.2023
Оқылды: 686
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласының тұрғындарын қабылдап, жеке мәселелерге байланысты қолдау көрсететінін жеткізді.


Қабылдауға жазылған 13 адамның басым бөлігі тұрғын үйдің кезегіне, жер телімін алуға қатысты мәселелерді көтерді. Әрине, әрбір тұрғынның мәселесін ұсақ-түйек деп қарауға болмайды. Осыған орай Бейбіт Өксікбай- ұлы баспанасының жоқтығын айтып, көмек сұрағандарға заң аясында ғана қолдау көрсете алатынын түсіндірді.

Мысалы, алғашқы болып кірген І топтағы мүгедек, зейнеткер Икранбек Мейранбек пен көпбалалы, зейнеткер ана Сархыт Шагиян үйдің кезегі жеткенде пәтерлі болатынын өз құлақтарымен естіп қуанса, II топтағы мүгедек, зейнеткер Мүсілімғазы Ысқақов «Жетісу» футбол командасының соңғы жылдардағы ойынын сынға алып, жанашыр басшыға жарымай отырған футболшылардың әрі-сәрі күйге түскенін тілге тиек етті. Осыған орай спорт саласына жауапты мамандарға тапсырма берген аймақ басшысы қарт жанкүйер көтерген мәселенің негізсіз еместігін ескертіп, Талдықорған қалалық орталық стадионына жасалып жатқан жөндеу жұмыстарын өз қадағалауына алғанын, соған орай  алдағы күзде футболшылардан жоғары нәтиже күтетінін алға тартты. Облыс әкімінің сөзіне риза болған Мүсілімғазы қарт аймақтың атын шығаратын футболға ерекше көңіл бөлінсе деген ұсынысын ортаға салды.

Қабылдауға емізулі сәбиін көтеріп кірген Назерке Тоғызбасова бес баласын жалғыз өсіріп жатқанын, күйеуі жазалы болып  9 жылға сотталып кеткенін, пәтер жалдап тұратынын, балаларға мемлекеттен берілетін жәрдемақының жетпейтінін айтты. Үйдің кезегіне 2017 жылы тұрғанын, алайда көпбалалы аналар санатындағы кезекке 2022 жылы ауысқанын сұрап-білген облыс әкімі Бейбіт Исабаев заңды бұзуға болмайтынын ескертіп, қолдан келген көмекті көрсететінін жеткізді. Соған орай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және мемлекеттік бағдарламалар басқармасының мамандарына, Талдықорған қаласының әкіміне тапсырма берген Бейбіт  Өксікбайұлы жас келіншекке демеушілердің көмегімен қолдау көрсетуді тапсырды.

Талдықорған қаласындағы Төлебаев көшесі, №102 үйдің шатырынан аққан су тұрғындардың мазасын алып жатқанын алға тартқан зейнеткер Самат Құрбанов көмек сұрап келгенін жасырмады. Қала әкімі Әсет Масабаевқа тапсырма берген облыс әкіміне екінші мәселе ретінде ағасының атына көше сұрайтынын жеткізген Құрбановтың сұранысы зерттеліп, анықталған соң ғана қанағаттануға жататынын ескерткен Бейбіт Исабаев одан соң Жандосов көшесіндегі №1 үйдің тұрғындарының атынан келген Елеухан Әділханованы тыңдады. Оның айтуынша, өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған қосқабатты 2 үйде 60-қа жуық пәтер бар. Сол пәтерлердің бәрі орталықтандырылған жылуға қосылмаған. Әркім отты өзінше бөлек жағады. Осыған орай екі қабатты үйлердің тұрғындары пәтерлерінің табиғи газға қосылғанын қалайды. Сонымен қатар, аулаларына абаттандыру жүргізу, кәріз жүйесін жаңарту сынды мәселелер де кезек күтіп тұрғанын жеткізген тұрғынға қолдау көрсетілетінін айтқан облыс әкімі облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әсет Қанағатов пен Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаевқа мәселені қадағалауды тапсырды.

Гүлдания Атамбаева Жетісу жерінде өсетін алтын тамыр, астрагал, итмұрын, теңіз шырғаны, бөріқарақат секілді емдік және бағалы өсімдіктер қорғауға мұқтаж екендігін айтып, дәрілік шөп жинайтындардың қасиетті өсімдіктердің тамырына зиян келтіріп жүргенін атап өтті. Елдік деңгейде көтерілген мәселенің назардан тыс қалмайтынын жеткізген облыс әкімі Бейбіт Исабаев табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Елдос Мырзабекке ормандардың биологиялық әртүрлілігі, мәдени және табиғи мұраны сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды.

Кездесуге жазылған тұрғындар көтерген мәселелердің бәрі де назардан тыс қалмайды.

Мәди АЛЖАНБАЙ