АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҒЫЛЫМ ТҮЛЕТЕДІ

Уақыты: 02.07.2023
Оқылды: 662
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу өңірінің тіршілігі ауыл шаруашылығына негізделген. Оған себеп те жоқ емес. Жеті өзеннен нәр алған топырағы құнарлы өлкенің климаты талай дақылға қолайлы. Дән септің, өнім алдың. Дейтұрғанмен прогресс ауыл шаруашылығын да айналып өтіп жатқан жоқ. Әлемдік тенденцияда азық-түлік қауіпсіздігі деген ұғым бар. Қай елдің болмасын қазіргі тұрмыс-тіршілігі осыған негізделген десек жаңсақ болмас.


Ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру, жаңашыл технологияларды қолдану аясын кеңейтуді мақсат тұтқан жиын Жетісу өңірінің орталығында өтті. Облыс әкімдігі мұрындық болып, ғылыми-зерттеу институттары қоштаған «Ауыл шаруашылығы саласының қазіргі ахуалы және даму жолдары» атты кеңестің шымылдығы Салтанат сарайында түрілді. Жиынға қатысушылар әуелі ғылыми-зерттеу институттарының жетістіктер көрмесімен танысты. Бұл көрмеге жаңа технологиялар мен тың жетістіктер жеткізілген еді. 

Өңірдің әр ауданынан жаңашылдық іздей келген сала мамандары қатысқан жиынның тізгінін облыс әкімі Бейбіт Исабаев қолға алды. Аймақ басшысы біздегі ауыл шаруашылығында жаңашылдықтың аздығын, кеңес заманынан кейін жемісті дақыл, өнімді түлік өсіру кенжелегенін алға тартты. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығындағы сыртқы экспортты арттыруға осылардың қол байлау болып тұрғанын да жасырмады.

 – Кеңес заманында ауыл- шаруашылық дақылдарының өнімді тұқымдарын өндіріске енгізу қарқынды жүрді. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін бұл үрдіс кенжелеп қалды. Уақыт талабына сай қай салаға да жаңашылдық ауадай қажет. Сол секілді жаңа технологиясыз, жаңа әдіс-тәсілдерсіз және замануи тұқымсыз ауыл шаруашылығын өркендете алмаймыз. ҚХР-да қалыптасқан қағида бар. Кез келген сала үш тұғырды негізге алады: жаңа технология, жаңа өндіріс және мықты кадр. Мемлекет басшысы Жетісу өңіріне сапарында облысымызды қант қызылшасын өндіретін ірі орталыққа айналдыру тапсырмасын жүктеді. Тәтті түбір егетін егістік көлемін ұлғайттық. Президентіміздің тапсырмасы тек қант қызылшасын көбейтумен шектелмейді, өңірдің ауылшаруашылық әлеуетін көтеруді де жүктейді, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев ауыл шаруашылығында оңтайлы тірлік бастауды көздейтін жанға мемлекет жан-жақты жағдай жасап жүргенін атап өтті. 2,5 пайыздық несие ұсынатын «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдықтардың оң жамбасына келеді екен. Төрт түлікті, жылыжайды кәсібіне арқау етуді мақсат еткендерге бұл нағыз мүмкіндік екенін де сөз етті.

Мұнан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылыми академиясының вице-президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев еліміздің ауыл шаруашылығындағы кемшін тұстарды тізбектей кетті. Оның айтуынша, біздегі егін шаруашылығында қалыптасқан дағды – дән себу, суару және жинау. Мұндай бағытпен саланы жетілдіру аса қиын екен.

 – Ауыл шаруашылығын тұралатып тұрған алғашқы   себеп – су үнемдеу тетігі жоқ. Кеңес дәуірінде бетонды арықтар қолданыста болды. Артық тамшы далаға кетпейтін. Тәуелсіздікке қол жеткіздік деп атойлап жүргенде сол тас арықтарды қиратып, су үнемдеуге негізделген жүйенің көзін құрттық. Қазір суармалы егістіктегі арық желілерінде судың 50 пайызы далаға кетеді. Нәтижесінде, су төңірегінде алаңдаушылық басым. Екінші, сапалы тұқым жоқ. Тұқымды жоқ дей алмаймыз, бар. Бірақ, ғылыми институттар, ондағы ғалымдар даярлаған тұқымдар кең қолданысқа енбейді. Сарқан ауданында жаңа дақылдарды өндіріске енгізуге жағдай жасап отырған сортты сынау стансысы жұмыс істейді. Ондағы жаңа әрі өнімді дақылдарды өсіруді қолға алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Үшінші, сапалы тыңайтқыштың болмауы. Қанша жылдан бері тыңайтқыштың бірер түріне иек артып алған- быз, – деді Ақылбек Күрішбаев.

Спикердің сөзінше, ауыл шаруашылығын түлету үшін ұрандаған жиналыстар аздық етеді. Оның айтуынша, әр өңірден бір-бір филиал ашып, жергілікті шаруалар мен ғылыми қызметкерлер тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесе, салада ілгерілеу болады екен. Мұндай қолайлы тірлікті аймақ басшысы да құптайтынын жеткізді. Алғашқы кезекте Жетісу өңірінде филиал ашып, арнайы орталықты екі-үш жылға пилоттық жоба ретінде қолға алуды ұсынды. Орталықтың қажеттігін, құрал-жабдықтары мен ғимаратын қамтамасыз етуге қолғабыс етерін де жеткізді. 

Мұнан кейін мінберге көтерілген Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев өңір ауыл шаруашылығындағы өрелі істерді тізбектеді. Артынша Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева, Қазақ өсімдіктерді қорғау және және карантин ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Бақытжан Дүйсембеков, Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Айбын Төреханов, ҚазҰАЗУ Халықаралық су инновациялық хабының басшысы Анатолий Рябцевтер баяндама жасап, саладағы өткір мәселелерді ортаға салды. 

Жиын соңында облыс басшысы Бейбіт Исабаев қорытынды сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыс білдірді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын түлету үшін бірлесе қарекет етуге шақырды.
 

Дастанбек САДЫҚ