ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС НЫҒАЯДЫ

Уақыты: 02.07.2023
Оқылды: 637
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көршілес Қытай Халық Республикасының Іле қазақ автономиялық облысы мен Жетісу облысы арасындағы әріптестік байланыс нығая түседі. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев пен қытайлық делегация арасындағы кездесуде қол қойылған бірнеше келісімшарт екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты бекітуге әрі дамытуға септігін тигізеді.


Жетісу облысына арнайы сапармен келген ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Іле Қазақ автономиялық округінен делегацияны округтік партия комитетінің хатшысы Ян Сюли бастады. Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, «Қор-    ғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының жетекшілері қатысып, шетелдік әріптестерімен келіссөздер жасасты.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыс әкімі Бейбіт Исабаев:
– Жер жаннаты Жетісу облысына қош келдіңіздер! Өздеріңізбен жүздесіп отырғанымызға қуаныштымын және алғыс білдіремін. Бүгінгі кездесудің мақсаты – екі тарапты байланыстарды одан әрі жетілдіру. Жетісу облысы – инвестициялық мүмкіндігі зор аймақ. Өңірде 5 стратегиялық бағыт бойынша жаңа инвесторлар тарту, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика және өнеркәсіп, оның ішінде жер қойнауын пайдалануды дамыту салалары бар, – деп айтылған салалардың жұмысын таныстырып өтті. Сондай-ақ, екі елді байланыстырған шегарада тұрған «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндігіне ерекше тоқталды. – Біздің ең басты перспективалы бағытымыз – өңіріміздің транзиттік әлеуеті. Яғни, Қытайдан Еуропаға жүкті 11 күнде жеткізуге мүмкіндік беретін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансқұрлықтық автомобиль жол дәлізі біздің аймақ арқылы өтеді.

Биыл мамыр айының соңында жұмыс сапарымен Сіздерде болып Қазақстандағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын басқару компаниясы» АҚ, «Қазақстан–Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» ЖШС және Қытай Халық Республикасының «Халықаралық шегара маңы ынтымақтастығы орталығы» ынтымақтастық туралы меморандум жасастық. Бұл өз кезегінде логистиканы  кедергісіз дамытуға ықпал ететін болады.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан ТМД елдері мен Еуропаға дейінгі маңызды маршруттардың тоғысында, географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан. Жұмыс сапары барысында, өздеріңіз көргендеріңіздей, арнайы экономикалық аймақ аумағына Құрғақ порт, жалпы ауданы 5 мың гектарға жуық логистикалық және индустриялық аймақтар кіреді және олар қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Осылай деген Бейбіт  Өксікбайұлы қытайлық компанияларды аймақ экономикасына инвестиция салуға шақырып, екіжақты әріптестікті нығайтуға мүмкіндік беретін және тиімділігі жоғары салаларды таныстырып өтті.

Одан соң сөз алған Іле Қазақ автономиялық округі партия комитетінің хатшысы Ян Сюли Жетісу жеріндегі жылыжай шаруашылығының дамуына, ауылшаруашылығына технология енгізу шараларына, оның ішінде тамшылатып суару технологиясын кеңінен қолдануға қызығушылық танытып, өндіріс пен туризм саласында бірлесе жұмыс істеудің мүмкіндігіне тоқталды. Сондай-ақ, екі өңірдің арасындағы байланысты бекітуге қажетті шегаралық бекеттерден адам өткізу көлемін ұлғайту мәселесін қайта қарауды ұсыныс ретінде ортаға салып, қолға алынған шаралар екі тараптың экономикалық дамуына серпін береріне сенім артты.

Кездесу соңында екі тарап бірқатар құжаттарға қол қойып, арадағы байланысты нығайтудың алғышарттарын жасады. Атап айтқанда, облыс әкімінің орынбасары Ернат Бәзіл мен ҚХР Іле Қазақ автономиялық округі әкімінің орынбасары Кенжехан Дәлелбек сауда-экономикалық әріптестік туралы келісімге, Жетісу облысынан барған делегацияның мамыр айындағы сапарының отырысындағы протоколына қол қойып, қос тараптың тиімді әріптестігіне қажетті жұмыс тобының құрамы бекітілді. Енді алдағы қарым-қатынасқа қажетті жобаларды жүзеге асыруды құрамы жаңадан бекітілген жұмыс тобы қолға алып, нақты компаниялармен жұмыс істей бастайды.

Іле Қазақ автономиялық облысынан келген делегация екі күннің ішінде «Нұр жолы» автокөлік өткізу бекетіне барып, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен, Панфилов ауданындағы ауылшаруашылық саласының дамуымен танысты.

Мәди АЛЖАНБАЙ