500 ОҚУШЫ КҮЙ ШЕРТТІ

Уақыты: 02.07.2023
Оқылды: 643
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақтың рухы да, мұрадым-мұраты мен асқақ арманы да қос ішекті домбыраның көмейіндегі күмбірлеген күйге таңылған. Осынау қасиетті аспап сан ғасыр бойғы шежіремізді бізге сәт сайын шертіп, бабалардың асыл өсиетін жаңғыртып келеді.


Сондықтан да, салмағы мен құндылығы артқаннан да болар, «Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп қара өлеңнің қасиетін асырған Қадыр Мырза Әлінің жырлағаны. Иә, шанағынан шаңдақ көтерген, ішегінен ізгілік көмкерген, тиегінен тектілердің сарынын түлеткен осы бір қалақтай ғана қасиетті домбыраны дәріптеп, асыл мұрамызды әспеттеп, арнайы Домбыра күнін ұлттық мереке ретінде тойлап келеміз.

Аз  жылда ұлттық мерекеге ұласқан аталмыш күнді жетісулықтар биыл да ерекше атап өтті. Бүгін Талдықорған қаласындағы «Жастар» мәдениет және демалыс саябағында облыс орталығындағы мектептер мен Оқушылар сарайы сынды білім мекемелерінің 500 шәкірті «Адай» күйін орындады. Қазақ руханиятына өзіндік үлесін қосып, сан жылғы тарихын қаттаған М. Төлебаев атындағы ұлт аспаптар оркестрінің сүймелдеуімен орындалған асқақ та асау күй тыңдармандарды тәнті етті.

Тұла бойға бұла күш құйған қасиетті үн, асқақ күйлер жүректі сөйлеткендей әсер қалдырды. Талдықорғандықтар жел тереген қамыстай қалбалақтап күй ырғағына елтігендей көрінді. Осынау тамаша кештің барысында өңір мектептеріндегі арнайы күй үйірмелерінің оқушылары да топ-тобымен өнер көрсетті.

«Үкілі домбыра» атауымен өткен музыкалық шара барысында Түркештің «Көңілашары», Құрманғазының «Адайы» мен «Балбырауыны», Нұрғиса Тілендиевтің «Әке толғауы» сынды сырлы күйлер шертілді. Өзге де дәулескелдердің туындысы орындалды. Сонымен қатар облыстық филармония өнерпаздары мен жетісулық талант иелері домбыра туралы жазылған әндерді әуелетті.

Айбарлы Алаш жұртының рухы ескен салтанатты шарадан көпшілік тебіреніспен тарқасқандай көрінді.

АРДА БИ