Адам санасын билеген лудомания

Уақыты: 04.07.2023
Оқылды: 574
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жеңіл ақша. Аяғы жоқ ертегі. Белшеден батқан қарыз. Өз қолымен жасаған ауру. Бұл сөздер лудомания дертін жұқтырған науқастың тағдыры. 


Ауқымды тақырыпқа тереңінен үңілмес бұрын «лудомания» сөзінің мәнін ашып алғанымыз жөн. 

Лудомания адами құндылықты төмендетіп, жалғыздықты сезіндіргіш ішкі сезім. Медицина тілімен құмар ойынға тәуелділік осылай аталады.  

Бұл дертті емдеу өте қиын. Аурудың асқыну барысында тән зардап шекпесе де психика ауытқиды. Содан кейін де Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны ресми түрде алкоголизм, наркомания, токсикомания сынды аса қауіпті сырқаттар қатарына жатқызды. Оны заңды «есірткі» десе де болады. 
Психологтар болса санасы қарсы тұра алмаған ойынқұмардың сағын одан әрі сындырмауға кеңес береді. Өйткені ойыннан алған әсерін тұсап ұстай алмаған науқастың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екен.

Еліміздің екі өңірінде ойынханалардың жұмыс жасауына ресми түрде рұқсат берілген. Біріншісі – Қонаев, екіншісі – Көкшетау қаласы. 

Өмірзақ Мұқай «TENGO MONITOR» газетіндегі мақаласында мемлекет қазынасына ойынханалардан түсетін салықты есептеп көрсетті. 2021 жылғы дерекке сүйенсек, 9 айдағы қаржы 53,7 млрд. теңгеден асқан. 

Құмар ойынға құныққандардың әрқайсысы кемінде 10 млн. теңге қарыз арқалап жүрсе, жоғарыда көрсетілген қомақты ақша ойынханалардың қалтасын қақпайды. Бұл заңдастырылған орындардың салығы. Ал үйден шықпай, әлеуметтік желі арқылы ойналатын букмекерлік кеңселерден түсетін қаржы ше?
Букмекерлік кеңселер жастар көп жүретін орталықтарға қойылған. Дүкенге барсаң – ойын автоматтары, әлеуметтік желіге кірсең – адам сенгісіз джекпоттар жарнамасы. Мұны сана-сезімді улаудағы алғашқы қадам ба дерсің... 

Бір қызығы, онлайн құмар ойындарын ашу үшін лицензия сатып алсаң  болғаны. Оны жарнамалауға тыйым салынбаған. Осылайша ойын бизнесіне бел шеше араласып кетесің. 

Бәс тігу ақшаны қажет етеді. Алғашында ұтуы мүмкін. Мұның барлығы қызықтыру мақсатында жүзеге асырылады. Қалтасына 5-10 тиын түскен лудоман бұдан кейінгі уақытта көбірек ұту идеясын құра бастайды. Нәтижесінде ұтысынан шығыны көбейе бастайды.

Қалтасында қаржысы болмаған ойынқұмар несие, жақындарынан қарыз алып, құнды заттарын сатып жібереді. Бос уақытын ойынмен өткізеді. Сөйте-сөйте барынан айырылады. Отбасының шаңырағы шайқалады. Алдамшы ақшаның жетегі осылайша сорақы өмірге әкелгенін ұқпай қалады.

Аталмыш аурудың белгілері жақыныңызда байқалса, дереу дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. Елімізде бұл мәселені шешу мақсатында «Ренессанс Шымкент», «Рекавери» клиникалары ашылған. Кәсіби мамандар зиянды әдеттен арылтуды гипноз, кодтау секілді заманауи әдістерімен жүргізеді. Дәрігерлер тұлғаның санасын өздігінен дұрыс бағытқа бұру тек уақыт жоғалту деп кеңес береді.

Құмар ойыннан зардап шеккен азаматтар жетерлік. Солдардың бірі – Бейнеу ауылының тұрғыны. Ол тығырықтан шыға алмай Бейнеудегі «LOTO CLUB» клубын өртеп жіберген.

Қылмыскердің сөзінше 20 жыл бойы ойынға бәс тігіп, 200 млн. теңгеге дейін қарызға батқан. Сот жазаны жеңілдетіп, оны бес жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, ол нысан иесіне 9 798 525 теңге, клуб иесіне 17 320 714 теңге шығын келтірді. 

Семей қаласының тұрғыны үйіндегі 30 мың теңгені құмар ойынға салып жібереді. Ол қаржы әйелінің несие төлейтін ақшасы болып шыққан. Ақталатын себеп таба алмаған жігіт жолда өзіне пышақ сұғып, «Ақшамды қарақшылар алып кетті» деп үйіне келген. Келіншегі бірден полиция қызметкерлеріне хабарласады. Тексеріс нәтижесінде болған оқиғаның жалған екені анықталып, ер-азамат 2 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Шындық айнасына тіке қараған жөн. Арам ақша нан болмайды. Құмар ойынның әдетте зиянды әрекеттерге жетелейтіні анық. Бір сөзбен айтатын болсақ, құмар ойын – әлсіздің әлегі. Бұған дініміз де қатаң тыйым салады.

Данияр АЙНАБЕКҰЛЫ,
Жетісу университетінің білімгері