ӘЛЕМ ӨЗ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ АЯҚ БАСТЫ

Уақыты: 04.07.2023
Оқылды: 478
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әрбір мемлекеттің дамуы халықты дұрыс әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Қазіргідей ғылыми технология қарқынды дамыған кезеңде мемлекетті ішінен ірітетін және теріс әрекеттерге шақыратын басылымдар қауіпті. Әлем жұртшылығын телмірткен әлеуметтік желілер сепаратизмге насихаттайтындардың көптеп шығуымен алаңдатады. Бұл кең-байтақ Қазақстан Республикасының мемлекеттігіне қауіп төндіретін әрекеттердің қатарына жатады. Осыған орай елімізде Ақпараттық доктрина қабылданып, бұқаралық ақпарат құралдарына қойылар талап пен тілек күшейді.


Жалпы қазіргі әлемде ақпараттық соғыс белең алып отырғаны белгілі. Оның мысалын «COVID-19» вирусы дүрбелеңге салған 2019 жылдан анық байқадық. Сонда Еуропа елдеріндегі жағдай бізге мүлде өзгеше сипатта жеткізілсе, біздегі жағдайдың әлем жұртшылығына қалай айтылғаны белгісіз. Яғни, ақпараттық шабуыл арқылы әлемдік деңгейдегі компаниялар дәрі-дәрмек саудасын қыздырып, ауру жандардың зәресін ұшырды. Соның кесірінен көптеген кемшіліктер орын алды. Еліміздегі дәрі-дәрмек қорын өңірлерге таратпай табыс табуды ғана ойлаған саудагерлердің әрекеті әшкереленіп, кінәлілердің жауапқа тартылғаны соның дәлелі. Міне, бір ғана саланың жұмысына немқұрайды қараудың нәтижесі. Шынында нақты ақпаратқа қол жеткізген құзырлы мекемелер өз істерінің сұрауы болатынын естен шығармайды.

Айтқыштығы ерекше жаратылған халқымыз: «Өтірікшінің шын сөзі зая» дейді. Яғни, берілген мәліметтің жалғандығын ұдайы естіп жүрген жан ақиқатты ажырата алмай әбігерге түседі.

Биыл қабылданған Ақпараттық доктринаның кіріспе бөлімінде: «Бүгінгі күні әлем өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Ақпараттық саланың барған сайын серпінді дамуымен күшейген жаһандану процесі жалғасуда. Технологиялардың дамуы, жаңа цифрлық және ақпараттық-коммуникациялық құралдардың жаппай енуі қазіргі заманғы медиакеңістікті түбегейлі түрде өзгертті.

Геосаяси турбуленттілік және халықаралық саяси аренадағы өзара сенімсіздіктің күшеюі ақпараттық өзара іс-мәселелеріне жаңаша қарауға мәжбүр етуде. Анық ақпаратты тарату, анық емес және манипуляциялық ақпаратқа қарсы іс-қимыл және жалпы алғанда, қоғамның бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімін арттыру мәселелері барған сайын өзекті бола түсуде.

Саяси жаңғыру және қоғам өмірін одан әрі демократияландыру міндеттерін шешу ақпараттық саланы ырықтандыру, БАҚ саласындағы қарым-қатынасты шамадан тыс регламенттеуден бас тарту, сөз бостандығы мен пікір білдіру кепілдіктерін күшейту қажеттігіне байланысты.

Олардың негізінде Қазақ- станда, өңірде және әлемде болып жатқан процестерге өзіндік көзқарасы бар, бәсекеге қабілетті және еркін БАҚ-тардың жұмыс істеуінің маңыздылығын ұғыну жатыр. Елдің шынайы ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемендігі осыған байланысты» деп тайға таңба басқандай анық жазылған.

Осыған қарап отырып Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен келешегіне нұқсан келтіретін әрбір негізсіз мәлімет пен дерек мұқият тексерілуі керектігін, ел мен жерге тигізер зияны мен залалы анықталып, берер пайдасы мен түсімі салмақталуы тиістігін ұғынуға болады. Әсіресе ұлттық құндылықтарды мансұқтап, келешек ұрпақтың санасын улайтын телерадио хабарларын тарату мәселесі жалпыхалықтық мүддеге сәйкес жүруі қажет деп білемін. Өйткені, тікелей эфир арқылы дәйексіз өсекті бұрқыратып жариялау жақсылыққа апармайды. Керісінше, кері кетіретіні соңғы жылдардың бедерінде анық байқалды. Атап айтқанда, Қаңтар оқиғасына қатысқан жастардың бойында мемлекетшілдік, отаншылдық ұғымы жоқтығы белгілі болып, есесіне құр дүрмекке ілесушілік анық байқалды.

Міне, осындай жағымсыз әсердің түп-тамырын салиқалы сараптама жасайтын, өскелең ұрпақты үлгі-өнегеге, ұлттық дүниетанымға шақыратын бұқаралық ақпарат құралдары ғана жоя алатынын тұла бойымызбен сезіндік. Сол арқылы артылар жауапкершілік жүгі мерзімді баспасөз бен электронды ақпарат құралдарын жетілдіретінін ұғыну қиын емес.

Одан бөлек, еліміздің тұтастығы мен тыныштығын іштен ірітуді көздеген сыртқы күштердің болатынын соңғы 10 жылдың ішінде анық байқадық. Олардың көбіне әлеуметтік желілер арқылы жалған бейне-аудио контент таратып, жастардың санасын шатастыруға белсене кірісіп жүргені байқалады. Әсіресе, тілі орысша шыққан адамдар көбіне солардың тұзағына ілініп қалады. Деструктивті діни ағымдардың жетелеуімен Сириядағы соғысқа қатысқан азаматтарымызды солардың қатарына жатқызуға болады. Соған қарамастан еліміздің «Жусан» операциясымен шиеттей бала-шаға мен әйелдерді босқындар лагерінен әкелгеніне де 4 жылға жуықтап қалды. Шынында сол соғыста қаза тапқандардың бәрі де жалған ақпаратқа алданып, жат жерде сүйегі көмусіз қалды. 

Жамандықтың беті аулақ, бізге керегі жақсылық. Ақпараттық доктрина қабылданғалы бері еліміздің ақпараттық кеңістігіндегі орнын ертеден қалыптастырған бұқаралық ақпарат құралдарының жұлдызы жана бастады. Күні кеше Елордада бір топ журналистің баспаналы болуы соның дәлелі. 28 маусым – Журналистер күніне орай тілшілер қауымы түрлі марапатқа ие болып, жетістіктерге қол жеткізіп жатыр. Осының бәрі мемлекеттің дұрыс жолмен жүруін насихатпен де, сынмен де ескертіп отыратын бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімнің нәтижесі.

Ендеше, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тыныштығын, бейбітшілігін тұрақтандыру міндеті газет-журналдар мен телерадио редакцияларының журналистеріне де артылады. Мемлекет қоғамнан құрылатынын, Отан отбасынан басталатынын ескерсек, әрбір журналистің бұқаралық ақпарат құралының бір кірпішіне айналуы қажеттігін байқау қиын емес. Оған тек отаншылдық, мемлекетшілдік тәрбие ғана керек.

Уақытқа тоқтам жоқ. Күн өткен сайын бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне қойылар талап пен жауапкершілік сан қырынан көріне бастады. Оған сәйкес болмау уақыт көшінен артта қалдырады. Ендеше, заман талабынан сырт қалмай келешектің күні жарқын болуын күйттеу бәрімізге керек. Оған Ақпараттық доктринаның қолдау боларына сенім мол.

Мәди АЛЖАНБАЙ