ПАРИЖДЕ ӨТКЕН ДОМБЫРА КҮНІ

Уақыты: 04.07.2023
Оқылды: 700
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ұлттық Домбыра күні мерекесіне орай Қазақстанның Франциядағы Елшілігі концерт ұйымдастырды. Оның барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық конкурстар мен фестивальдердің лауреаты, «Өнертану» қауымдастығының профессоры Ерболат Мұстафаев бірқатар танымал және сирек күйлерді орындады, деп хабарлайды 7su.kz желілік басылымы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Мерекелік концертке Франциядағы қазақ және қырғыз диаспораларының, қазақстандық азаматтар мен студенттерді біріктіретін қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Қазақстан Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова мен Қырғызстан Елшісі Садык Шер-Нияз сөз сөйлеп, ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту ісінде домбыраның халықтарымыздың асыл қазынасы ретіндегі ерекше маңызын атап өтті.

Іс-шара барысында Е. Мұстафаев Құрманғазы, Дәулеткерей, Нұрғиса Тілендиев, Әбдімомын Желдібаевтың және де басқа қазақ халқының атақты күйшілерінің шығармаларын орындады. Сонымен қатар әйгілі домбырашы қонақтарға осы ежелгі аспаптың тарихына және қазақ күйші-композиторларының өміріне байланысты оқиғалармен бөлісті.

Мәдени шараға қатысқан қазақстандықтар мен диаспора өкілдері де ұлттық аспапты меңгеру шеберліктерін көрсетті. Олар бірлесіп «Күй тартыс», «Көңіл толқыны» және «Балбырауын» күйлерін орындады.

Бұл іс-шара Қазақстанның мәдени мұрасын елден тыс жерлерде насихаттау және сақтау жөніндегі үлкен бастаманың бір бөлігі ретінде жүзеге асырылды.