ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗУ. ЕКІ ҮЙ САЛЫНУДА, ЖОСПАРДА 80 ПӘТЕРЛІ ҮЙ ТҰР

Уақыты: 11.07.2023
Оқылды: 611
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазір Жаркент қаласында 60 пәтерлі көпқабатты 2 үй салынуда, одан басқа баспана кезегіндегілер үшін тағы 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды.


Алғашқы аталған 2 тұрғын үй құрылысын «Құрылыс индустрия компаниясы» ЖШС салып, қазір құрылыстың 65 пайызы аяқталды. Мұнда 58 жұмысшы еңбек етеді, 3 техника қолданыста.

– Жұмыс сапасы құрылысшылардың біліктілігіне байланысты. Бізде жалпы 12 тас қалаушы бар, солардың арасында Тәңірберген Әлімбаев, Сәкен Сейітжанов, Мақсат Қастеев сынды еңбеккерлер шеберлігімен ерекше қырынан танылуда  – дейді прораб Ерлан Қарсақбаев. 

Бұл үйлердің айналасын көріктендіру мен инженерлік-коммуникациялық жүйесін «Гарант строй групп – 2016» ЖШС атқаруда. Құрылыс бұйымдары бағасының күрт көтерілуіне және Алматы облысының бөлінуіне байланысты жыл басында жұмыс біраз уақыт тоқтап, құрылыс жобасына қосымша қаржы қарастырылды. 
Екінші нысандағы 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға келісімшарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмысы басталмақ. Аудандағы барлық құрылыстың сапалы әрі уақытылы атқарылуы құзырлы орындардың тұрақты бақылауында. Нысан пайдалануға берілгенге дейін кемшіліктер түзетіледі. Соңғы жылдары жыл сайын құрылысқа бөлінетін қаржы 300 млн.-нан 30 млрд. теңгеге дейін көбейді. Нәтижесінде Жаркент көріктеніп, өсіп, гүлденуде.

М. Манапұлы
Панфилов ауданы