ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Уақыты: 11.07.2023
Оқылды: 665
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ана тіліміз – тарихымызбен бірге сан ұрпаққа қатынас құралы ретінде қызмет етіп келе жатқан ұлы құндылығымыз. Әуелі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі екені баршаға мәлім. Ал сол мемлекеттік тілді меңгеру – еліміздің әр азаматының міндеті.


«Ана тілі халық болып қалыптасқаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі»  деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, қазақ тілі – елдігіміздің айнасы, тарихымыздың қайнар бұлағы, болашағымыздың ең сенімді кепілі бола бермек. 

Тілі жоқ ұлттың өзі де жоқ деуге болады. Тәуелсіздігімізбен бірге жеткен қазақ тілінің мәртебесін асқақтату – біздің басты міндетіміз. Осы орайда, тіл оқыту орталықтарының жұмысын ерекше атап өткен жөн. Орталық ашылғаннан бері ана тілін жетік меңгергісі келетін қазақтар мен қазақша үйренгісі келетін этнос өкілдерінің саны жылдан жылға артып келеді. Биылғы I жартыжылдықтың өзінде орталықта оқып жатқан 83 тыңдаушының 41-і этнос өкілдері. 

Орысша жаргондармен, ағылшын тілінен енген кейбір кірме сөздермен тілімізді бұрмалап жатқанымыз өтірік емес. Қазақ бола тұра ана тілімізде ойымызды да дұрыс жеткізе алмай жатамыз. Осы елдің азаматы ретінде, бабалардан қалған аманатты келер ұрпаққа табыстаушы ретінде тіліміз бен дінімізге берік болу – біздің алдымыздағы нақты мақсат болу керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, анаңның сүтімен бойға дарыған өз тіліңе деген құрметің болмаса, өзге тілге де сенің еш пайдаң тимейді. 

Мемлекеттік тілді меңгерудің екі маңызды факторы бар: бірі – өткен тарихымызды ұлықтау, тәуелсіздік үшін, қазіргі өміріміз үшін жан аямаған арыстармызды ұмытпау; екіншісі – осы мұра етіп алған аманатты келешек ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу. 

Елімізді әлемге танытудың бір жолы – өз тілімізді дәріптеу. Әлемді аузына қаратқан Димаш Құдайбергеновтің дауысымен, қазақша әнінің арқасында қаншама шетелдік қазақша үйренді, әр спорттық бәсекеде Әнұранымыз шырқалған сайын қаншама шетелдік басын иіп, риза болды. Бұның бәрі тілдің құдіретінде. Тілде сүйек, буын болмағанмен, тілде – жүрек бар, тілде бүкіл адамзаттың ғұмыры бар. 

Тіл – халықтық болмыстың айнасы. Халық қаншалықты өз тілін жақсы білсе, әуелі соншалықты өз тарихын, өз дінін жақсы біледі деген сөз. Екіншіден, басқа ұлтқа өз ұлтын құрметтегендей, өз тілін қадірлегендей сый-сияпат көрсете алады. Нарықтық заманның талабы деп бала-бақшадан ағылшынша үйретіп, мектептер мен жоғары оқу орындарында шет тіліне баса назар аударылып жатқаны жасырын емес. Иә, тілді білген дұрыс. Бірақ ол – ана тіліңді ұмыту деген сөз емес. 

«Тілдің бояуы бұзылып, қыры сынбауы керек», – дейді классик жазушы Ғабит Мүсірепов. Сол айтқандай, анамыздың сүтімен, бабамыздың қанымен бойымызға дарыған ана тіліміздің қадір-қасиетін нарыққа айырбастап алмауды мықтап қолға алуымыз қажет-ақ.

Айдана СЕРІКҚЫЗЫ, 
облыстық  «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы 
Ескелді аудандық филиалының
тыңдаушысы