БӘС ТІГУ - БАС ТІГУМЕН БІРДЕЙ

Уақыты: 23.07.2023
Оқылды: 601
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінде алаңға шыққан спортшының әр адымынан ақша сауып отырған бәс тігушілер қатары көбейіп келеді. Оңай жолмен табыс табамыз деп құмар ойынға құнығып, күндіз-түні букмекерлік кеңсені торуылдап, уақытын текке өткізіп жүрген жастарды көргенде жүрегің ауырады. Бәс тігіп, бәсекені қыздырып жүргендер өз арамызда да жетіп-артылады. Алайда бұлай ақша табудың дінімізге, ділімізге қаншалықты сай келетінін елеп жатқандар шамалы. 


Бабаларымыз: «Ойынға ойсыз құмар»  деп текке айтпаса керек. Өткенімізге үңілсек, құмар ойнау деген атау қазақ ұғымында болған емес. Қоғам дертіне айналған ойынға деген құмарлықты ғалымдар «лудомания» дейді. Ал, еліміздегі желпілдеген жастарымыздың бұл дертке шалдығуының себебі не? 

Бәс тігу – бас тігумен бірдей. Жарнамасы жер жаратын «1XBET», «OLIMPBET», «Фонбет» букмекерлеріне кіріп кеткендер көп. Көбі ойынды соңына дейін көру үшін бәс тігіп, лудомания ауруына шалдығады. Жеңілгендер бәс тігуді қойып кетуі мүмкін, ал бір-екі рет ұтқандар мүлдем арыла алмай қалады. Құмарлыққа салынған кей адамдар бағалы заттарын ломбардқа кепілдікке өткізіп, соның ақшасына бәс тігетіндерін талай мәрте естідік. Үйін, көлігін, өзге де дүние-мүлкін сатып бәс тігіп, барынан айырылғандар да бар. Оның бәрі үлкен ақшаға құмарлықтан болған дүниелер десе болады. Психологтардың айтуынша, көп жағдайда лудомания дертіне ер адамдар шалдығатын көрінеді.

Иә, алғаш қызығушылықпен бәс тігіп, кейін ойынға тәуелді болып қалғандар қаншама?! Құмар ойынға бейімделу кезеңінің бірі – жалындаған жастық шақ. Адамның қызығушылығын арттырып, құмарлыққа тез үйрететін де осы кез. Санаңды улап, құмар ойынға үйір қылып жіберетіні шүбәсіз екенін біле тұра сол жолмен жүресің. Жігерлі кезеңде, ой-өрісің дамитын шақта өміріңді арзан тіршілікпен өткізсең егде жасқа келгенде сан соғып өкінерің хақ. Бұл қазаққа бөгде елден келген жат қылық. Өзгенің қаңсығын таңсық қылуға бейімделген жастардың еліктеушілігі. 

Құмар ойынға тәуелділік тәннің емес, жан мен сананың ауруы. Бабалар тарихына үңілсек, құмар ойнау деген ұғым қазақ танымында болған емес. Дінімізде де бәс тігуді құп көрмейді. 

Бүгінгі күні құмар ойынының жетегіне еріп, оқудан шығып қалып, болашақсыз қалып жатқан жасөспірімдер жоқ емес. Сол үшін әр ата-ана баланың мұндай ойындарға кіруіне жол бермеуі қажет.

А. НАЗАРҰЛЫ

Сурет: ғаламтордан алынды