ҚАЗАҚША ЖАЗБАЛАР ҚАШАН ЖӨНГЕ КЕЛЕДІ?

Уақыты: 23.07.2023
Оқылды: 683
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Дана Абай кезінде «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел, сендерге де келейін енді аяңдап» деді емес пе? Сол айтқандай, бүгінгі күні мемлекеттік тіліміз туралы сөз түзелді, ендігі түзелу кезегі негізінен «тыңдаушыға» тіреліп тұрғандай. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан «Мен мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беріп отырмын. Қазақ тілін қолдану аясы барлық салада кеңейіп жатыр. Қазір тіліміз дамымай жатыр деп алаңдауға ешбір негіз жоқ. Болашақта мемлекеттік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылдаймыз» деген сөзі осындай ойларға жетелейді.


Кеңестік кезеңде орысша білмеу, келелі жиындарда қазақша баяндама жасау ұят саналса, бүгінде, сөздің ашығына көшу керек, қазақша білмеу ұят санала бастады. Алдын ала жазылып берілген ант сөздерінің өзін қазақша айтып, оқып бере алмаған халық қалаулыларының көпшілік арасында мазаққа айналуы да бұл пікірімімізді нақтылай түседі. 

Бұл тұжырымымызды басқа емес, Парламент Мәжілісі депутаттарының өздері де жоққа шығара қоймас деп ойлаймын. Қазіргі кезде Мәжіліс жиындарында Үкімет мүшелерінен есепті қазақ тілінде беру, қандас депутаттардың мемлекеттік тілде сөйлеуі талап етіледі. Мұндай талап негізінен орындалып та жатыр. Ендеше «Мемлекеттік тіліміз төрге шықпай есіктен сығалап тұр» дей бергенді қойып, ана тілінің қолданылу аясын, өрісін кеңейту үшін өзіміздің де белсенді өмірлік позиция ұстанғанымыз абзал. Бұл үшін ең алдымен көшедегі көрнекі ақпаратты, жарнамалық жазбаларды, олармен бірге дүкендердегі тауар атауларын бір ретке келтіргеніміз жөн. Олай дейтініміз, тілімізді шұбарлап, қазақша оқып жүрген балдырғандардың миларын ашытып, шатастыратын да осы жайдақ жарнама. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бірнеше мысал келтіре кетейік.

Дәмді ас ұсынатын, келушілерді тамақтандыратын орынды асхана деп атаймыз ғой. Өз кезегінде бұл атау қымызхана, сырахана, емхана, дәріхана, т.б. деп жалғасып кете береді. Дұрыс делік. Өкініштісі, кейінгі кезде бұл қатарға «аспазхана» деген сөз қосылыпты. Тағы бір жерден «Кулинархана» деген атауды да оқып қалдым-ау деймін. 

Аспаз – шаштараз деген сияқты мамандық атауы, ас пісіретін маман. Шаш қидырып, сақал-мұртты өзгеше түзегіміз келсе шаштаразханаға емес, шаштаразға барамыз. Яғни аспазхана деген сөз де шаштаразхана деген сияқты қисынға келе қоймайтын, қазақ тілінің табиғатына сіңісе қоймайтын атау. Сол сияқты «аспазшы», «шаштаразшы» деген де кейінгі білгіштердің өздері шығарып алып жүрген сөздері.

Орталық көшенің бойында, Талдықорған қаласынан шығаберісте «Дәмді пәтерлер» деген жарнама «айғайлап» тұр. «Астапыралла, дәмді ас, дәмді тағам деген болушы еді, ендігілер пәтердің өзін жейтін болған ба?» деп жағаңды еріксіз ұстауға тура келеді. 

Дәл сол шығаберісте бүгінде қаланың сәніне айналған «КОКТЕМ GRAND» қонақүйі көз қуантып тұр. Бір өкініштісі, әсем ғимараттың сәнін сол қонақүйдің атауы ғана бұзып тұрғандай. Жарайды, латын әріптерімен жазылған «GRAND» сөзінің мағынасын түсіндік дейік, ал кириллица әріптерімен жазылып, алыстан айғайлап тұрған «КОКТЕМ» сөзі не мағына береді? Қазақ тіліндегі кәдімгі көктем болса, неге көктем деп жазылмаған, өйтіп жазуға болмайтын болса қонақүйге неліктен қазақша сөзді араластырып ат қойған? 

Жол бойына таман қойылған «КОКТЕМ GRAND қонақ үйі» деген көрсеткіштегі үш сөзде екі бірдей қате тұр. Бірі жаңағы «коктем» болса, енді бірі «қонақүй» сөзі. Жазған, жаздырған адамның нендей негізге, қандай грамматикаға сүйенгені белгісіз, бұл көрсеткіште «қонақ үйі» деген бір сөз бөлек-бөлек жазылыпты. 
Қаланың бірнеше жеріндегі жазбаларда «Аяқ киім» деген жазулар ұшырасады. Бөлек оқып қарасаң екі ұғым. «Аяқ» бөлек, «киім» – бір бөлек. Осы қалпында тікелей орысшаға аударсаң «ноги одежда», әлде «ноги одежды» дейміз бе,  түсініксіз бірдеңе болып шығады. Соның – яғни қонақүй мен аяқкиім деген сөздердің бірге жазылатынын ғимарат иелеріне ешкімнің айтпағаны қалай, ең бастысы, ғимарат иелерінің өздері білмей тұрса «бұл сөз қалай жазылады?» деп ешкімнен сұрамағандары қалай деген сұрақ көңілге оралмай қоймайды.

«Орысшаға аударсақ» деген сөзді жайдан жай қолданып отырған жоқпыз. Өйткені қай дүкен не қонақүй, әлде басқа ғимарат иесі болсын, атаулардағы орысша не ағылшынша жазбадан қате жібере қоймайды. Басқа тілдегі жазбадан қате жіберіп қойса ондай ғимарат иелерінің беттерінен оты шығып ұялатыны да ешқандай күмән туғызбайды. Ақсап тұрғаны, ұят шақырып тұрғаны – сол баяғы қазақ тіліндегі жазбалар. 

Талдықорған көшесімен бойлап келе жатсаңыз көзіңізге «Б. Ашимов көшесі» деген жазба шалынады. «Әттеген-ай, қайраткердің аты-жөнін қазақ әріптерімен неге дұрыстап жазбаған?» деп бармақ тістеп он шақты қадам аттасаңыз «Бәйкен Әшімов көшесі» деген көрсеткішті ұшыратасыз. 

Біздің шамалауымызша, көше атауының екеуі де бір мезгілде дайындалған сыңайлы. Алғашында орысша ойлайтын бір шенеунік «Б. Ашимов көшесі» деген жазуға тапсырыс беріп, оның қате екені аңғарылғаннан кейін екінші дұрыс атау дайындалған. Қате болса да ақшаға келген атауды лақтырып тастауға көз қимағандықтан көшеге екеуі қатар ілінген... 

Қазақ гүл, мал деген сияқты сөздерге әдетте көптік жалғауын жалғамаған. Содан кейін де гүлдер, малдар деген сөздер де қисынға келе қоймайды. Сіз дүкеннен гүлдер емес, гүл сатып аласыз, гүл суарасыз, баптайсыз, сатасыз, мал өсіресіз. Соған орай «Гүлдер дүкені» емес, «Гүл дүкені» десек жарасады.
Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде «Қорқақ еркектер» деген тауар атауы тарады. Әлдебір «білгіш» ерлер ішкиімінің «Мужские трусы» деген атауын қазақшаға солай аударған ғой. Осыдан кейін күлесің бе, жылайсың ба, оны өзің де ажырата алмай қалатындай күйге түсесің.

Қазақша кино көріп отырмыз. Үнді фильміндегі екі әйел бір-бірінен «Добракасари киіп көріп пе едің?» деп сұрайды. Алғашында «Мынау не деп тұр?» деп аңтарылып қалғанымызбен сүт пісірім уақыт өткеннен барып дәл мағынасына миымыз жете бастағандай болды. Сөйтсек мағынасы «до брака», яғни некеге тұрғанға, тұрмысқа шыққанға дейін ұлттық көйлек – сари киіп көріп пе едің?» дегенге саяды екен. 

Фильм мәтінін аударғандар орыс пен үндінің «до брака», «сари» деген сөздерінің мағынасын түсінбегендіктен оны сол қалпында қалдыра салған, үстінен қараған редакторлар да ыждағаттылық танытпаған не олардың да біліктіліктері жетпеген, содан келіп қойыртпақ мәтін болған да шыққан. Ондай қойыртпақ мәтіннен түптеп келгенде кімдердің зардап шеккендіктерін анықтай берулеріңізге болады...

Қойыртпақ мәтіндер әдетте орыс тіліндегі ұғымдардың мағынасына ой жүгіртпей оларды қазақшаға тікелей, тура аударған кездері пайда болады. Ондай қазақта жоқ «аудармалар» бүгінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жаппай бой көтеріп, «Является» – «болып табылады», «широкий ассортимент» – «кең ассортимент», т.б. болып жалғасып кете береді. Ең бір өкініштісі, ондай сөздерді газетте, ең алдымен теледидарда қолданатындардың, баяндамаларына қосып сөйлейтіндердің көбейіп бара жатқандықтары дер едік.

Қазақ қарғыстың ең үлкені «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген екен. Ондай қарғысты ешкімге тілемейтініміз өз-өзінен түсінікті. Содан кейін де қазақша атаулардың қалай жазылатынын білмейтіндер болса облыстық тіл басқармасынан, аталған басқарманың мамандарынан, тіпті болмай бара жатса газет журналистерінен сұрап білуге болатынын естеріңізге саламыз. 

Көрнекі жазбалардың, яғни дүкендер мен басқа да әлеуметтік-мәдени нысандардың маңдайшаларындағы жазулардың, көше атауларының, қандай да болсын жарнаманың желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың сөздік қорын қалыптастыруға ең бірінші кезекте ықпал ететіндігін естен шығармауымыз керек. Ендеше балаларымыз бен немерелеріміздің ертеңгі күні «коктем», «дәмді пәтер», «гүлдер сатып аламын», «добракасари» деп тұрмастары үшін жұмысты бүгіннен жандандырғанымыз жөн, ағайын!

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ, 
Қазақстанның Құрметті
журналисі