ЗЕРДЕ МЕН ЗЕЙІН ҚАЖЕТ

Уақыты: 25.07.2023
Оқылды: 1938
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Біз, ардагерлер мен зейнеткерлер, өзіміздің айналамыздағы жастарға, мектеп оқушыларына қолымыздан келетін тәрбиені, тәлімді тиісті дәрежеде беріп жүрміз бе? Жастар тәрбиесіне қолынан іс келетін, мүмкіндігі бар деген зейнеткерлердің қатысуы қажет. Ауылдарда осындай жүкті арқалайтын парасатты зейнеткерлер жетіп артылады. 


Жаркент өңірінде жалпы 14700-ге тарта зейнеткер бар. Яғни, жастарға ақыл айтуға да, жол көрсетуге де, өмір тәжірибесімен бөлісуге де дайын үлкен күш қолымызда.

Қазір дүниеде ең тапшысы – жанашыр достың, туыстың ақылы. Көргені көп кемелдің, жеткені көп беделдің немесе солардың тереңіне бойлай білген зерде мен зейіннің қажет болып тұрғаны даусыз. Ақылмен арыстанды да қолға үйретуге болады, ал күшпен тышқанды ұстай алмайсың. Іздей білсек, таба білсек, пайдалана білсек осы айтылған тапшылықты толтыратын аға буын өкілдері күнде қасымызда жүр. 

Біз, ардагерлер, аудан әкімімен бірге Наурыз мерекесінде  қолөнер шеберлерінің көрмесін өткіздік. Шарада керемет шеберлікті көрдік. Көрермендер 100-ге жуық адамның туындыларын тамашалап, ерекше әсер алды. Бірақ, ұлттық құндылықтар дәріптелген шарада балалар аз болды. Біз осы мәселені зейнеткерлер мен ата-аналар комитеті, мұғалімдер болып қолға алуымыз керек. 

Келесі бір ойда жүрген мәселе – жастарды адамдық құндылыққа тәрбиелеу. Өзіміз ата-анамыздан үлкендерді сыйлау, алдынан қия өтпеу, жолыққанда амандасу сияқты ұлттық дәстүрге тән қағидаттарды естіп өстік. Осы арқылы біздің қариялар баланың адаммен араласуына, өсиет тыңдауға, бір сөзбен айтқанда, ерте есеюіне мүмкіндік жасады. Арнайы емес, күнделікті тіршілік ағымымен тәрбиелеген. 

 Мәдениет өмір сүрудің үлгісі деген қағида бар. Дәстүрлі мәдениет сырттан келген мәдениетке төтеп беру үшін елдің рухани санасы жоғары болу керек екен. Мұндағы ең негізгі мәселе – адамға адами қасиеттерді тәрбие арқылы енгізу. Әр адамның бойында санасындағы құбылыстарға ұдайы қатысып тұратын өз соты болады, оның аты – ұят. Ұлды да, қызды да «ұят болады» деген  бірауыз сөзбен тәрбиелеген халықтың ұрпағымыз. Осы арқылы сөйлеу, жүріп-тұру, киім кию, қоғамдық ортада өзін-өзі ұстау мәдениеті қалыптасатын. Ұлттық тәрбиеге баулудың бір кілті осында емес пе? Әсіресе қыз балаларға ұят арқылы талап қойған. Осы ұлттық қағидаттардың соңғы кезеңде босаңсып бара жатқанын мойындауымыз керек. Қисық кетіп бара жатқанды түзету қажеттігін айту айып емес.

Ардагерлерді қоғамдық істерге тарту дегенді жастарды тәрбиелеуге кел, қол ұшыңды бер деген сөз деп қабылдағанымыз абзал. Мүмкіндігінше ата-ана, ардагерлер, мұғалім, тәрбиеші болып бөлінбей, айналамыздағы жақсыны көре алатын және оны балаға жұқтыра алатын болсақ мақсатымыздың орындалғаны. Ұрпаққа жанымыз шынайы ашыса бірлесіп тәрбиелейік.

Тоқтарбай КЕРІМҚҰЛОВ,
Панфилов аудандық ардагерлер 
ұйымының төрағасы