CҰРАНЫС КӨП, ҚОЛДАУ ЖОҚ

Уақыты: 31.07.2023
Оқылды: 685
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елімізде кенжелеп тұрған саланың бірі – жеңіл өнеркәсіп. Аты жеңіл болғанымен айтарлықтай ауыр деуге болады.  Десе де жергілікті тауар өндірушілер әзірге бұл салаға қызығар емес. Жалпы, жеңіл өнеркәсіп 20-дан аса қосалқы саладан тұратын кешенді сала. Оны үш негізгі топқа біріктіруге болады. Бірінші, тоқыма, оның қатарына мақта-мата, жүн, жібек, трикотаж, жүнді бастапқы өңдеу, тоқылмаған материалдар өндірісі, тор тоқу өнеркәсібі, киіз басу және басқалары кіреді. Екінші тігін саласы болса, үшіншісі, былғары, тері, аяқкиім өндіру. Осы үш саланың ішінде тері-жүн өндірісінде қауқар болмай тұр.


Ежелден тұрмыс-тіршілігін малдың еті, сүтімен еншілеп,  терісі, жүнін де өңдеп, қажетіне жаратқан халықтың өкіліміз. Бабаларымыз төрт түлігінің терісін илеп, түйе мен қой, ешкісінің жүнін, түбітін түтіп, иіріп, киім тоқып киген. Тай, құнанның жал-құйрығын тастамай бұйда жіп, арқан ескен. Аң терісінен әдемілеп, жұрындап киім тіктіріп киген. Қой жүні, ешкі түбітін жуып, түтіп, тұрмыстық бұйымдар жасаған. Ондай дүниелер мұражайлардан бастап, ұқыпты отбасыларда әлі сақталып келеді. Бүгінде сол жүн мен тері қадірсіз қоқымға айналып, кез келген жерде құрттап, шіріп, керексіз үйінді болып жатыр.

Қазір малдың жүнін пайдаға асыра алмаған малшылар далаға тастап, өртеп жібереді. Ал өздері шетелдерден келген ковролин, синтепон сияқты материалдарды төсеніп, жастыққып жастанып жүр. Өкінішке қарай, бізде керексіз болып қалғанмалжүнін шетелдіктер сатып алып сұрыптап,  тазалап,өзімізге жоғары бағада қайта сатып, пайдаға белшесінен батып жүргені тағы бар.Кейінгі кезде бамбук қамысынан өндірілетін талшықтан істелген шұлық, беторамалға дейін тұтына бастадық. Осының кесірінен бұрын естіп көрмеген аурулардың сандарымен күресетін болдық. Әсіресе еңбектеген баладан еңкейген қарттарға дейін дендеп бара жатқан аллергиялық аурулардың түпкілікті себебін дәрігерлер: «химиялық, дәрілік, физикалық, биологиялық қоздырғыштары көп материалдарды жиі қолданатынымыздан» деп түсіндіреді. Әрине, келісуге болады. Синтетикалық бұйымдарды аса көп мөлшерде қолдану түбінде бір зардабын тигізбей қоймайды.Оған қазірдің өзінде көзіміз жетіп қалды. Сондай-ақ, ковролин мен синтепоннан жасалған төсеніштің мықтылығы мен төзімділігіне дау айта алмаймыз. Бірақ денсаулыққа әсерітұрғысынан қазақ қойының жүнінен жасалған текемет пен алашаға жетпесі белгілі.

Осы тұста бізді«Сол байлықтан неге айырылып қалдық?»деген сұрақ мазалай бастады.Келмеске кеткен Кеңес билігін қанша жамандағанымызбен ол кезде төрт түліктің жүні мен терісінен өндірілген киім-кешек пен тұрмыстық бұйымдар бар адамның қажетіне жарап тұрды. Әр жас деңгейіндегі адамдарға арнап жеңіл әрі сапалы киім тігетін фабрикалардың өнімі сұранысқа ие болды. Осы салада арнайы мекеме, мамандар жұмыс атқарды. Тіпті, олардың жағдайы басқа сала мамандарына қарағанда жақсы, табыстары да мол болды. Кеңес одағының құлауымен бірге сол байыпты дүниелердің де тоз-тозы шықты. Осы материалды дайындау барысында: «Жетісу облысында тері өңдеп, жүн түтумен айналысатын кәсіпкер азаматтар барма екен?» деп жан-жаққа сұрау салып,атакәсіпті аяғынан тік тұрғызсам деп тырбанып жүрген Сағатбек Әмірғалиевты таптық.

Абай туған қасиетті Семей өңірінің тумасы Сағатбек Құдайбергенұлы бүгінде Қаратал ауданының орталығы Үштөбе  қаласындағы «Отау Үштөбе» ЖШС-нің атқарушы директоры. Біз жолыққанда Сағатбек табысынан гөрі таусылмайтын өкпесін жайып салды. Онымен әңгіме барысында: «Қазір синтепон, каучук» Сияқты материалдардың нарыққа енуі жүн мен терінің қадір қасиетін қашырып, сұранысын төмендетіп жіберді» деген түсінігіміздің қате екендігіне көзіміз жетті. Түптеп келгенде осы өңдеу саласының өркендемеуіне өзіміз кінәлі екенімізді аңғардық.

Атакәсіптің өркенін өсірсем деп шапқылап жүрген кәсіпкер азаматпен әңгіме барысындаелімізде де, әлемде де таза жүн мен сапалы теріге зәру өнеркәсіп ошақтарының көптігін естідік.

– Бізге Астана, Алматы, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Семей, Өскеменнен сұраныс жиі түседі. Көбінесе қолөнермен айналысатын, ұлттық бұйымдар жасайтын кәсіпорындар ашады, тіпті кейде, түйе шудасын ауруларға емдік үшінде сатып алады. Сондай-ақ, шетелдерден де көп сұраныс түседі. Бірақ солардың сұранысын қанағаттандыра алмай келемін. Жылына осы көне цехта 25 тоннаға дейін жүн тазалауға мүмкіндігім бар, – дейді ол.

Кәсіпкер азаматтың көне цех деп отырғаны кезінде тұтас Қазақстанға танымал болған жүн өңдейтін, сонымен қатар, қазақтың киіз үйін жасаумен аты шыққан өндіріс орны. Кезінде «Үштөбенің киіз үйі» деген атпен елдің түкпір-түкпіріне, тіпті одақтас республикаларға өз өнімімен танымал өндіріс орнының бүгінде түгі қалмаған.

Жалпы 27 гектар жерді алып жатқан аумақты бүгінде өзгелер телім-телім етіп бөліп алған. Қаусаған қабырғалар мен сорайған бағаналардан басқа мүлкі тоналып біткен. «Кезінде осында бірнеше жүз адам жұмыс істеген» деп айтуға дәлел таппайсың. Бүлінбегені «Отау Үштөбе» ЖШС-нің балансындағы 1,6 гектар аумақ. Оның да құрылыстары сол орында тұрғаны болмаса, ірі өндіріс ошағын қайта құрылымдау үшін аз қаржы кетпейтіні көрініп тұр.

«Орнында бар оңалар» дейміз-ау, бірақ кезінде дүркіреп тұрған дүниені оңалтуға Сағатбек Құдайбергенұлының қаржысы да, мүмкіндігі де жетпейді. Жан-жақтан сатып әкеліп, құрастырған жүн жуатын және оны түтетін, тазалап шығаратын, 20 шақты адамды ғана жұмыспен қамтып отырған көне цехпен қолында 200 адамды жұмыспен қамтуға арналған, жалпы құны 9 млрд. теңгеге бағаланған заманауи зауыт құруға жасаған жобасы ғана бар.  Аталған жобасын арқалап жүріп кірмеген мекемесі, қақпаған есігі қалмапты. Жобасын дәлелдеу үшін өзі жуып, тазалап, түтіп дайындаған қазақы қойдың жүнінен Белоруссия, Италиядағы киім-кешек тігетін фабрикаларға тапсырыс беріп, заманауи үлгідегі шапан тіктіріп, таза жіптен тоқыма бұйымдарын тоқытып, талай лауазымды тұлғаларға көрсетіп, өзі ісінің экономикалық маңызы зор екендігін дәлелдеуге тырысқанымен түк шықпапты.

– Жобамен танысқандар жұмысымның өңір экономикасын өркендетуге қосатын үлесін құптағанмен бірде-бірі оны жүзеге асыруға қол ұшын созып көрмеді, – дейді кәсіпкер кейіп.

Несін жасырайық, елімізде жүн өңдеу саласын өркендетуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Мысалы, бір жылда елімізде 40 мың тоннаның үстінде түйе, қой жүні қырқылады. Статистика бойынша, соның тек 20 пайыздан аспайтын бөлігі ғана отандық кәсіпкерлер тарапынан қажетке жаратылады немесе делдалдар арқылы шетелге сатылады. Ал қалғаны қоқыстың көбеюіне үлес қосып жатыр.

– Егер жобамды қолдап, жұмысымды заманауи тұрғыда жүргізуге қаржылай қолдау көрсетілсе, жылына 2 мың тонна жүн өңдейтін едім. Мысалы, жуылып, түтілген бір келіқой жүні еліміздің нарығында 2 мың теңгеге сатылса, бір келі иірілген жіптің Ресей нарығындағы бағасы 9-12 мың теңге айналасында. Ары қарай есептей беріңіз, – дейді кәсіпкер.

 «Шетелдерде, тіпті еліміздің өзге аймақтарында  жүн өңдеумен айналысатын жеке кәсіпкерлер бар. Түтілген жүнді іздегендер Сағатбеккеғана жабысып қалды ма?» деп ойлайтында боларсыздар.

– Мейлі, шетелде, елімізде болсын, өңделген жүнді іздейтіндер алдымен жүннің сапасын қарастырады. Өңделетін жүннің сапасы оны жуатын суға тікелей қатысты болады. «Күндіз күміс, түнде алтын» деп сипатталатын Қаратал өзенінің суына жуылған жүннің тазалығы, сапасы басқа өңірлерге қарағанда жоғары болады. Біздің өнімге сұраныстың көп болатындығы осыған байланысты, – дейді Сағатбек Құдайбергенұлы.

Қысқасы, біз барымызды бағалауға, жоғымызды түгендеуге құлықсыз болып барамыз. Қазір әлемде синтепон, синтетикалық өнімдерге үрке қарайтындар көбейіп, таза жүннен өндірілген дүниелерге сұраныс артып келеді. Ал біздің елде осы саланы өркендетемін деген азаматтарға қолдау жоқ. Сөйтіп, бар байлығымыз далаға шашылып жатыр. Бұл қашанға дейін созылар екен.

P.S: Біз қайтуға қамданғанда чехиялық инвесторлар Сағатбек Құдайбергенұлымен байланысқа шығып, арнайы келіп, жұмыс орнын, өнімдерінің сапасын көріп қайтуға сұранып жатты. Мүмкін, сол жақтан бір қолдау болып қалар.

Қажет АНДАС
Қаратал ауданы.