БАСТЫ ҰСТАНЫМ - ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ

Уақыты: 02.08.2023
Оқылды: 1079
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тіл - халықтың жаны,  тұтастай кескін келбеті. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Әр ұлттың тілі – сол ұлттың бақыты мен тірегі. Тұңғыш президентіміз халықтың болашағы туралы ой толғағанда, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын. Осы маңызды мәселені жүзеге асыру жолында еліміздің әрбір азаматы, әрбір мемлекеттік мекеме мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қолданыс аясын кеңейту жолында атсалысуға міндетті.

Жетісу облысы, Қаратал ауданы бойынша маусым-тамыз айлары аралығында «Тіл тазалығын сақтайық!» атты акциясы жүзеге асырылды.

Ация аясында «Тіл сақшысы» тобы құрылып, топ мүшелерінің қатысуымен  тұрғындарға, кәсіпкерлерге, мекеме қызметкерлеріне тіл тазалығын сақтау бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жан-жақты ұсыныс, пікірлер айтылды.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау мақсатында өткізілетін осындай іс-шаралар көптеп өткізілсе құп үстіне құп болар еді. Өз басым тіл жанашыры ретінде қазіргі уақытта қазақ тілінің қолданыс аясының мәз еместігіне, тілді сақтап қалу мәселелері ішінара кенжелеп тұрғанына қатты қынжылатынымды жасыра алмаймын. Тілді дәріптеу, көркем әрі бай тілімізді келешек ұрпаққа қаз қалпында  жеткізу біздің міндетіміз екенін ұмытпайықшы, құрметті оқырман! Тіл тазалығы үшін, тіл мәдениеті үшін күресті ең алдымен ауызекі сөйлесуден бастағанымыз абзал. Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болса да өз ортамыздан әлі күнге дейін тұрпайы, шұбарлап сөйлейтін үлкендерді, жастарды, замандастарды кездестіріп қаламыз. Ана тіліміздің шұбарлануы тек сөйлеу кезінде ғана емес, сонымен қатар, жазбаша түрде де өрескел бұзылуда. Кейбір сауда орындары мен мекемелердің атауы  немесе жарнамаларының өзі ана тілімізде қате жазылғанын байқап  көңіліміз құлазиды. Тілдің мерейін асқақтататын да, құтын қашыратын да мына өзіміз екенін естен шығармайықшы! Тілді сақтап, қадірлеп, құрметтеп, тілімізді шұбарландырмай, биіктен көрсететін тіл жанашырлары болайық! Өзгерісті өзімізден бастайық!

Лида Жанбота, 
"Бастау" газетінің тілшісі.
Қаратал ауданы