15 МЫҢНАН АСТАМ БАЛА ҚАМТЫЛМАҚ

Уақыты: 03.08.2023
Оқылды: 751
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Қуанса, бала қуансын» деп берекелі өмірдің бастауы, жарқын болашақтың сенімді кепілі болар періште пейіл жас өскіннің жымиысынан артық бақыт жоғын бағамдағаымызға да, уақытпен өлшесек, ғасырлар жөңкіген болар. Сол еліміздің ертеңі саналар жас буынның дені бүгінгі таңда мектеп қабырғасында білім алып жатыр. Ал олардың қатарынан қалмай білім алып, тәрбие мен тәлімді алаңсыз бойына сіңіруі біздің мойнымыздағы міндет.


Өмірдің ең нұрлы сәтін өткеріп жатқан көгенкөз болашағымыздың қатардан қалмай, құрдастарымен жарыса білім алуы үшін бүгінде барлық жағдай жасалған. Жайлы мектеп, заманауи керек-жарақтармен қамтамасыз етілген алтын ұядағы түрлі үйірмелер, тегін секциялардан бөлек әлеуметтік осал топтан шыққан оқушыларды мектепке даярлау үшін елімізде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы да жолға қойылған.

Осыған орай 2023 жылы балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен «Жақсылықты жаса» ұранымен республикалық «Мектепке жол» акциясы бастау алды. Аталмыш дәстүрлі шара 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында жүргізілмек.

Қазіргі уақытта облыс бойынша акцияны өткізу бойынша жоспар жасалған. Облыстық білім басқармасының берген мәліметінше, аймақтағы қала, аудан әкімдеріне акцияны өткізуге ықпал етуге хат жолданып, білім бөлімдеріне тапсырма берілген.

Негізінен облыс бойынша аталмыш акцияны ұйымдастырушылар – аудандық, қалалық білім бөлімдері, мектептер өз қаласы мен аудандарының барлық азаматтарына, кәсіпкерлерге, меценаттарға акцияға қосылу және өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар мен балаларға көмек көрсетуге өз үлесін қосу ұсынысымен жүгінеді. Облыста бірнеше жылдар қатарынан өз бастамасымен көмек көрсететін демеушілер бар.

Әлеуметтік категориядағы балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету, балалардың мектепке келмеуінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған акция 1 тамыз күні аудандар мен облыс орталығында, Текелі қаласында өз жұмысын бастады

Акция аясында облыста 15000-нан аса балаға (2022 жылы – 15379 бала) көмек көрсетіледі деп жоспарлап отыр. Акция барысында 1-сыныпқа келген оқушылар, сонымен қатар, әлеуметтік көмек алуға тиісті, құжат жинайтын мүмкіндігі жоқ, сәтсіз жанұя балалары және жаңа оқу жылының басында республиканың басқа өңірлерінен облысымызға көшіп келген әлеуметтік көмек алуды қажет ететін балалар қамтылмақ.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ