"СЕГІЗСЕРІ" ӨМІРДЕ БОЛҒАН БА?

Уақыты: 08.08.2023
Оқылды: 711
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күні кешеге дейін тұғырлы тұлғамыз, дәстүрлі өнеріміздің көшін өрге сүйреген деп келген Сегізсері мен Қожаберген жырау жалған ба? Бұйра қайыңның безіндей құнарлы да нәрлі шығармалары бір адамның қаламынан туындаған, ал асқақ мүсіндері бір шебердің қолынан қашалғаны да рас па?! 


ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың назарына «Қазақ үні» басылымынан бірқатар қаламгер ашықхат жолдаған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет» – дейді хат авторлары. 

Міне, осы кеңес дәуірінде қолдан жасалған тұлғалардың ең бастылары – «Қожаберген жырау» мен «Сегізсері», – деп бастап, ары қарай қос «тұлғаны»  ойлап тапқан, жасаған, өзін фольклор жинаушысы ретінде көрсеткен Қаратай Биғожин екенін, оның ұлтқа зиянды ісін қазіргі күні бұрын заң қызметкері болған Бекет Тұрғараев бастаған топ жалғастырып жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, ақиқатында бұлардың өмірде болмағаны, қолдан жасалғаны туралы академиялық тұрғыда жан-жақты сараланып жазылған, жарияланған сын мақалалар барын айтып, оны атап та көрсеткен. Жан-жақты мәлімет берілген.

«Жалған тұлғаларды дәріптеу – ұлт тағдыры үшін аса қауіпті» атты мақала соңында бастаманы қолдайтындардың тізімі көрсетілген. Олардың қатарында Светқали Нұржан, Шәмшәдин Керім, Сағатбек Медеубек, Рамазан Стамғазиев, Ерлан Төлеутай, Еркін Шүкіман сияқты бірқатар зиялылар бар.