ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Уақыты: 08.08.2023
Оқылды: 988
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда Кемел Тоқаев есімі бұлтты жарып шыққан күндей жарқ ете қалатыны бар. Сонда Кемел дүниеге келгенге дейін детектив жазылмаған ба? Әлбетте, жазылды. Өз басым шытырман оқиғалы жанр тұрғысында қалам тербеген авторлар дәл Кемел Тоқаевтай осынау күрделі жанрды игеріп кете алған жоқ деп есептеймін. Сондықтан детектив жанрының туын қазақ әдебиетінің тауына қадаған қаламгердің есімі ұрпақ санасында жаңғырып тұрады.


Кемелдей дарынды жазушының табысын бала күнгі бастан кешкен қиындығынан іздеген жөн болар. Расында, 1923 жылы 2 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Кәлпе ауылында дүнеге келген жазушы саналы ғұмырында қандай белестер мен асуларды артқа тастап, осындай дәрежеге қалай жетті? Бәлкім, ашаршылық жайлаған, ұжымдастыру кезінде Пішпек қаласын паналаған отбасының тағдыры жазушыны ширатып, ширықтыра түсті ме екен? Әке-шешесінен айырылып, қайғырған Кемел мен ағасы Қасымның тәлейлі тағдыры жазушыны замандастарынан ерте есейтіп жіберген болар деп топшылаймын. Шымкенттегі жетім балалар интернатын бітірген соң сұрапыл соғысқа аттанған ағасының оралмауы  әулеттің түтінін жалғастыру үшін жанталасып, өмірге құштарлығын арттыра түскен болар?! Интернатта алғыр шәкірт ретінде көзге түскен Кемелдің қазақ тілі мен әдебиет пәнін сүйіп оқуы, Абай Құнанбайұлының шығармашылығына қанығуы  болашақ мамандығын анықтауға септігін тигізді.

«Әкем өмір бойы білім алуға ұмтылды, шектен тыс еңбекқор һәм тиянақты еді. Жоғары оқу орнына түсу оның басты арманына айналды. Сол бір жылдары жетім балаларға институтқа түсу қол жетпес мақсаттай көрінетін. Өйткені, оларға қол ұшын беріп көмектесетін ешкім жоқ емес пе?!» деп тебірене жазады Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әке туралы ой-толғау» кітабында. Әрине, болашақ жазушының жоғары оқу орнына түсемін деген арманы бірден орындала қойған жоқ. Фрунзе жаяу әскер училищесін тамамдаған Кемел Тоқаев Сталинград майданына қатысқан 226-шы атқыштар дивизиясында азаматтық борышын өтегенін атап өткен жөн. Көрер жарығы бар екен. 1945 жылы 21 қаңтарда Польша жерінде алған ауыр жарақаттан 2-топ мүгедегі атанып, дәрігерлердің ұйғарымымен әскер қатарында қызмет етуге жарымсыз деп танылады. Осылайша елге оралған 23 жастағы жігіт С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, асқақ арманына қол жеткізеді. Университетті бітірген соң 1948 жылы Жамбыл қаласындағы облыстық газетте еңбек жолын бастайды. Бір жылдан кейін «Қазақстан пионері» балалар редакциясына жұмысқа алынып, Алматы қаласындағы әдеби ортамен жақын танысады.

Әлбетте, газеттің бітпейтін қым-қуыт жұмысымен жүріп, елге қажет өлмес туынды жазуды ойлаған қаламгер детектив жанрына бірден қалам тербеген жоқ. Жазушының «Жұлдызды жорық» атты шығармасы балалар әдебиетіне қатысты болды. Ал  құқық қорғау органдарының қиын да күрделі жұмысын әдеби тілмен суреттеген «Тасқын» атты шығармасы республикалық детектив байқауының бірінші сыйлығын иеленуі Кемел Тоқаевқа шабыт беріп, тың жанр төңірегінде көптеген тұшымды дүниелер жазуына мұрындық болды. Сөйтіп, қазақ әдебиетіндегі алғашқы детективтік шығарма «Соңғы соққы» романы қалың көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Өзінің 30 жылдан астам шығармашылық өмірінде «Сарғабанда болған оқиға», «Көмескі із», «Соңғы соққы», «Түнде атылған оқ» секілді өміршең, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының озық туындыларын өмірге әкелген сайын жазушының қаламы ұштала түсті. Сол арқылы әдебиетсүйер қауымды детектив жанрындағы шығармалар оқуға ықпал етті.

Кемел Тоқаевтың детектив жанрында көшбасшы атануының сыры неде? Енді соған тоқталсақ. Меніңше, бұл сол тұстағы идеологияны айналып өтудің, өз ойын бүкпесіз айтудың жолы. Осы жайында ұлы Қасым-Жомарт Кемелұлының жазғанына үңілейікші: «Қызғаныштың қызыл тіліне ергендер оқырмандардың ойымен санасқысы да келмеді, ресми идеология бірінші кезекте Кеңес үкіметі мен партия қызметкерлерінің әрекетін жырлайтын шығармалар тұру керек деп есептейтін. Сондықтан кітабын шығармастан бұрын әкеме еңбектің көкейкестілігін дәлелдеп, цензурадан туатын көптеген кедергілерді жеңуіне тура келді. Шығармаларын басу қиын тиіп жүргенін көріп, біз оған әзіл-шыны аралас, махаббат немесе партия тақырыбына көшуді ұсынатынбыз, сонда цензордың да үні өшеді. Бұндайда әкем «атағы дардай совет жазушыларының шығармаларына еліктегенше, шытырман әдебиет жанрында алғашқы болғаным артық» дейтін».
Иә, осыдан-ақ жазушының өмірлік көзқарасы, дербес ұстанымы болғанын аңғару қиын емес.

Қазақ әдебиетіне шытырман оқиғалы детектив жанрын алғаш әкелген жазушы Кемел Тоқаев шығармаларының бір ерекшелігі – нақты дерекке негізделіп жазылғанында. Демек, оқырманын еліктіріп отыратын шынайы шығарманың жазылуы қиын кәсіптің жалынан ұстаған құқық қорғау органдарының жұмысына қанық болуында жатыр. Жазушы көтерген тақырып – чекистер мен милиция қызметкерлерінің қызықты да қиын жұмысы, қылмысты ашудағы құқық қорғау органдарының тапқырлығы мен алғырлығын жұртқа таныстыру, еңбегін бағалау!

Ұзақ жыл Қазақстан Жазушылар одағын басқарып, қаламгерлер қауымының көңілін тапқан белгілі ақын Нұрлан Оразалин былайша ой толғайды: «Кемел Тоқаев – қазақ әдебиетінде сүрлеулі соқпағы бар, «детектив» жанрының негізін қалаған іргелі қаламгерлердің бірі әрі бірегейі. Қаламгердің бұл жанрға баруына себеп болған, бұл жанрды игеруіне мүмкіндік ашқан өткен ғасырдағы Кеңестер Одағы дейтін қоғамның көлеңкелі тұстары, ақиқаты, ащы шындығы болатын. Себебі, оның балалық шағы да, жастық кезі де қиын жағдайда өтті. Әке-шешеден ерте айырылған екі бала бірін-бірі жетелеп жүріп интернатта оқып, жетіледі. Кейіннен Кемел Тоқаевтың соғысқа аттануы, қанды қырғын соғыстың бүкіл қиындығын өз көзімен көруі, соғыста жүріп қан кешуі, окопта жатуы, соғыстан жалаң қылыштай қайралып қайтуы да оған ерекше әсер етеді. Ол соғыста көрген шындықты жаза жүріп, бірте-бірте қазақ әдебиетінде тайға таңба басқандай орын алуына себеп болған детектив жанрының отын маздатты. Қоғам өмірінде болып жатқан көлеңкелі оқиғалардың табиғатын танып жүріп, сол бағыттағы алғашқы іргелі еңбектерін жазады. Оның «Сарғабанда болған оқиға» дейтін атақты еңбегі сол кезеңде оған: «Детектив жанрының негізін қалаушы!» деген баға бергізді» (Жәмила Бахтиярқызы. «Жетісу»  газеті, 15.09.2018 ж.). Иә, осыдан біз жазушы Кемелге әділ баға берілгенін бағамдай аламыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкесі жайлы естелігінде түнде шамның әлсіз жарығымен қағазға шұқшиып, маржандай сөздерді тізе беретінін айтады. Бұдан біз жазушының ұстанымына беріктігін, қаламына адалдығын аңғарамыз. Қаламгердің орыс тіліндегі бір кітабы «Қазақстан» баспасынан 500 мың данамен жарық көрген екен. Мұндай көрсеткіш әр жазушының асыл арманы. Кейіннен бірқатар шығармасы шет тіліне аударылғанда АҚШ-тың Иллинойс университетінен «Соңғы соққы» романының екі данасын салып жіберу жөнінде ұсыныс түскен жазушыны қазақтар ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия оқырмандары оқып, мойындаған.

Детектив кейіпкеріне тән дүние – байқампаздық болса керек. Кемел Тоқаев бұл жайында: «Оқиғалы жанр оңай емес. Шығарма негізінен болған оқиғаларға, бұлтартпас деректерге сүйеніп жазылатындықтан түптің түбінде оқушы қауым осы тарихи немесе деректі кітаптарды көбірек оқуға ауатын болады», – деп өз ойын ашық білдіреді. Расында, Кемел Тоқаев оқырманын шығармаларындағы  кейіпкерлердің беймәлім құпиясына үңілтіп, шытырман оқиғаға елітеді, шиеленісті шақты бүкпесіз суреттеп, кейіпкерінің күйзелісі мен қуанышын нанымды бейнелейді.

Кемел Тоқаев шығармашылығы жайлы әріптестерінің пікірлері аса құнды. Мәселен, жазушы Қалмұқан Исабаев: «Кемел Тоқаевтың кітаптары – көркем әдебиетте деректі қалай пайдалануға болатынының жарқын үлгісі», – десе, Әзілхан Нұршайықов: «Кемел Тоқаев – қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детективтік жанрда алдына жан салған жоқ», – деп әділ баға береді. Қаламгер Сейфолла Оспан: «Кемел Тоқаевтың ұлағатты ісі – осы жанрдың жүгін қайыспай жалғыз көтергені. Егер ол кісі болмаса, детектив жанры өгейсіп қалар ма еді, бәлкім. Соншалық ауыртпалығына қарамастан ол есімді тұлға сол жүкті тұтас көтеріп, биікке өрледі», – дейді.

Соңғы 5 жылдың көлемінде Кемел Тоқаев шығармаларын насихаттау, кенжелеп қалған жанрдың бойына қан жүгірту мақсатында түрлі іс-шаралар қолға алына бастады. Республикалық «Заң» газетінің ұйымдастыруымен Кемел Тоқаев атындағы республикалық дәстүрлі шығармалар байқауы өтуде. Былтыр осы байқауға «Қылмыскердің күлкісі» деген атаумен шығарма жазып, бақ сынадым. Шыны керек, шығарманы жазу барысында детектив жанрына қалам тербеу оңайға соқпайтынын білдім. Бұл жанрда шығарма жазу үлкен дайындықты, дәлдікті, ой жүйріктігін талап ететінін байқадым. Ақырында Қызылорда қаласында өткен байқау қорытындысында Бас жүлдеге ие болып қайттым. Жұртшылық Кемел Тоқаев ғұмыр кешкен өңірде жазушының ізін басқан қаламгерлер барын аңғарды. Өз басым детектив жанрында көшбасшы атанған жазушы түлеген ауданға жүлде әкелгеніме қатты қуандым. Бұл – Кемел Тоқаев бастаған детективтік шығармалар көшінің жалғасы еді.

Асхат ӨМІРБАЕВ
Қаратал ауданы