ӘРБІР СӘТ АЛТЫННАН ҚЫМБАТ

Уақыты: 14.08.2023
Оқылды: 701
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Жаздың бір күні қысқа азық» екенін жақсы білетін Алакөл ауданының диқандары әрбір сәтті тиімді пайдалануда. Алдымен күздік бидайды орып алған шаруалар енді арпа егістігіне шалғы түсірді. Үйгентас өңіріндегі тәлімі жерлерге салынған егістіктерге 50-ден астам комбайн қатарласа сап түзеп, астық оруға кірісіп кетті.


Алакөл ауданында егістіктің ауқымы 46 мың гектарға тең. Қазірдің өзінде 20 мың гектардан астам аумақ шабылып, дәні қамбаға құйылды. Биыл өңір диқандары егістіктің әр гектарынан 19 центнерден астық алып отыр. Атап айтқанда, 6 мың 500 гектарға күздік бидайдың «Одесса 241», «Алексеич» және «Булава» сорттары, 6 мың 200 гектарға арпаның «Арна» тұқымы, 5 мың 800 гектарға жаздық бидайдың «Грани» және «Ульбинка» сорттары өсірілген.

Диқандардың арасында астық жинау науқанын «Беков», «Байғұжанов», «Майқынов» шаруа қожалықтары, «Жазылбеков и К» коммандиттік серіктестігі, «Тау – Самал» ЖШС қарқынмен жүргізіп келеді. Енді астық ору жарысына «Тоқжайлау» өндірістік ауылшаруашылық кооперативі қатысып, қамбаға құйылған арпаны Текелідегі ашытқы зауытына жібереді.

Биыл егіншілер астық орағына керекті 1200 тонна дизельді жанармайды жеңілдетілген бағамен алуға тапсырысты ерте берген. Соның арқасында «ГазОйл» ЖШС аудандағы диқандарға дизельді жанармайды әр литрін 275 теңгеден саудалап жатыр.

Одан бөлек, аудан тұрғындары қазірдің өзінде 167,1 мың тонна жемшөп дайындап үлгерді. Шаруа қожалықтары түгелдей дерлік сүрлем дайындау жұмысын жеделдетіп, 14200 тонна сүрлемді бастырып тастады. Биылғы құрғақшылыққа орай астық сабаны мал азығына алынып жатыр. Ал, шабындықтарда шөп шабатын 32 бригада күн-түн демей қызу еңбек майданын қыздыруда. Олардың қарамағында шөп шапқыш, тырма, тайлаушы, тіркемелі трактор секілді 425 дана техника бар.