ЕЛ ЫРЫСЫ - ЕҢБЕКТЕ

Уақыты: 15.08.2023
Оқылды: 490
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді», – деген болатын. Агрокешен қызметкерлеріне қарата айтылған бұл тапсырманың ауыл шаруашылығы саласы үшін мән-маңызы орасан зор.


 Еліміздегі ақпарат құралдарының мәліметтерін сараптасақ, қолданыстан шығып қалған тыңайған жерлерді қайта айналымға қосу арқылы жылма-жыл егістік көлемін кеңітумен қатар сол жерден алынатын өнім сапасын арттырудың жаңа технологияларын белсенді қолданудың үрдістері бел ала бастады. Бұған саладағы нәтижелі істер айғақ.

 Жазиралы Жаркент өңірінде де агроөнеркәсіп кешені соңғы жылдары бір ізге түсіп, тұрақты дамуда. Дала өндірісінің диқаны мен малшысы жылдан-жылға жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленіп келеді. Мамандардың айтуынша, мұндай еселі табыстарға жетудің сыры – шаруашылықтардың озық технологияларды пайдаланып, егістікке сапалы тұқым сеуіп, сапалы тыңайтқыштар мен гербицидтерді қолданып, малын асылдандыруға ден қоя бастағанының нәтижесі. 
Ауданда соңғы жылдары төрт түлік саны еселеп өсті. Бүгінгі таңда аудан бойынша 284 мыңнан астам қой-ешкі, 89 мыңнан астам ірі қара, 20 мыңнан астам жылқы және 350 түйе бағылуда.

Осы орайда соңғы жылдар барысында асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтарының саны 10-нан 34-ке дейін көбейгенін айта кетсек артық болмас. Былтыр өңірде 33645 гектардан астам жерге ауылшаруашылық дақылдары өсірілген. Оның 26472 гектарына дәнді дақылдар егіліп, одан 168,6 мың тоннадан астам астық жиналды. Аудан тұрғындарының негізгі өндіріс көзіне айналған жүгеріден алдыңғы жылы 155 мың тоннадан астам дән жиналған болса, былтыр бұл көрсеткіш тағы 10 мың тоннаға ұлғайды. Бұдан басқа жаркенттік егіншілер көкөніс, картоп, жеміс-жидек, бақша өнімдерінен де мол табысқа кенелді. Биыл аудан бойынша 44368 жер игеріліп, оған дәнді дақылдар мен жүгері өсірілді. Бұдан басқа 36 гектарға майлы дақылдар, 15146 гектардан астам алқапқа мал азығына арналған көпжылдық шөптер, 3 гектар қант қызылшасының тұқымы, 1620 гектар бақша, картоп, көкөніс тұқымдары егіліп, бапталуда. 

Жазиралы Жаркент өңірі ел аузында «Кіші Жетісу» аталғанымен, Арқас тауының күнгей бетінен ағатын мыңдаған бұлақты арналайтын жеті өзенінің суы көктем, жаз мезгіліндегі егін суару науқанына жетпей, диқандарды тығырыққа тірейтіні шындық. Бұл проблеманың бірнеше себеп-салдары бар. Соның ең бастысы – өзен суларын маусымға қажетті мөлшерде жинақтайтын су тоспалары мен қоймаларының жоқтығында. Екіншіден, осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын жасалған бетон каналдар мен олардың көмейіндегі шағын су бөлетін тоспалардың бүгінгі күнде әбден тозығы жетіп, табаны тесіліп, алқапқа жеткенше суын көп мөлшерде орынсыз шығынға ұшыратуында.

Өңірдегі тау өзендерін бөгеп, үлкен су қоймаларын жасау оңай шаруа емес. Біріншіден, бұл іс орасан мол қаржыны талап етсе, екіншіден, елді мекендерінің басым бөлігі ойпатқа орналасқандықтан су бөгеттерінің халыққа қауіпсіздігін қатаң ескеру шарт. Қазіргі жағдайда мәселені шешудің ең тиімді жолы – егістік алқаптарына тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін кеңінен қолдану. Осы әдістерді қолдану арқылы егіншілікке қажет ылғал мәселесін шешумен қатар мол өнім жинап жүрген шаруашылықтар бар. Мысалы, Айдарлы ауылдық округіндегі «Жаркент-Фрукт» ЖШС 1110 гектар алқапқа өсірген интенсивті жеміс бағының 1027 гектарын тамшылатып суарып, өткен жылы айтарлықтай мол өнім алды. Сол сияқты «Көктал-Агро» ЖШС 273 гектар жүгері алқабын тамшылатып, 280 гектар «дала аруын» жаңбырлатып суарып, гектар өнімділігін өте жоғары деңгейге жеткізді. Өткен жылдан бастап «Ернар» ЖШҚ да егістік алқаптарына осы әдісті қолдана бастады. Жаркенттік диқандарға суарудың жаңа технологиясын қолданумен қатар  күзде егінді жинап алған соң алқаптарды суарып алуға ерінбегені абзал. Күзгі судан құр қалмаған диқан көктемде таудан келетін қар суын күтпей жердің үстіңгі қабаты жылынысымен егінін егуге кірісе бермек. 

Панфилов ауданындағы егіншілердің мол өнім жинау мүмкіндігін тежейтін басқа да мәселелер аз емес. Солардың қатарында биліктің тікелей араласуын қажет ететін ауылшаруашылық өндірісін өрлету үшін берілетін жеңілдетілген несие алудың қиындығын айтпай кетуге болмайды. Осы мәселелерді үлкенді-кішілі жиындарда, ақпарат құралдарында айтудан жалықпайтын «Құралай» ЖШҚ төрағасы, дала өндірісінен тәжірибесі мол агроном кәсіпкер   Әзкен Кәріпжановтың жанайқайына құлақ түрген жөн. 
– Аудандағы су жолдары әбден тозған, егістікке келетін каналдардың бойына өскен қарағаштар мен шырғанақтарды суарып келеміз, – деген еді ол облыс әкімі қатысқан алқалы жиында. 
– Осыдан жарты ғасыр бұрын жасалған бұл каналдар әлі бір рет толық күрделі жөндеу көрген жоқ. Ауданда өзіміз құрылтайшы болып құрған ауылдық несие серіктестігі бар, несие рәсімдеу үшін айлап том-том анықтама жинаймыз, бізге беретін несиесінің пайызы өте жоғары, көрші Жамбыл облысында мұндай серіктестік мүшелері бар болғаны екі пайызбен несие алады екен. Осы мәселелер біздің ауданда қашан жөнге келеді?! – деуінің жөні бөлек.

Жүгері өндірісін барынша дамыту, басқасын айтпағанда, аймақта қарапайым халықтың қалтасын қағып келе жатқан етті, сүтті, тағы басқа да мал өнімдерін арзандатуға сеп болмақ. Қашан да тапшы заттың парқы үстем. Жүгері өндірісі барынша дамыған өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарында Панфилов ауданының халқы жыл сайын мемлекетке 40 мың тоннадан астам ет сататын. Бұл көрсеткіш кішігірім облыстардың жетістіктерінен асып-жығылатын. Өйткені малға беретін берік жемшөп қорына жүгері негіз болды. Оның сабағынан мыңдаған тонна сүрлем бастырылды, дәнінен қуатты жем тартылды. Сол кездегі өңірдегі шаруашылықтар мал бордақылау кешендерін құрып, әр жарты жыл сайын мыңдаған қой, ірі қара және құс етін сатқанда мал шаруашылығының табысы егіншіліктен озған еді. Жүгерішілерге жағдай жасау арқылы сол жетістікке қайта қол жеткізуге болмас па?!

Өткен жылы Панфилов ауданында сыртқа 20755 тонна ет сатылған. Ал ішкі саудада бұл көрсеткіш екі-үш есе артық екені даусыз. Алайда мүмкіндігі мол өңірде жетістікті арттыруға әрекет жасалып жатқанын білеміз. Әйтеуір елге пайдасы тиетін амал болса айтқымыз келіп тұрады.

Панфилов ауданындағы шаруалардың қам-қарекеті жылдағыдай еккен егінін баптап өсіріп, малын шығынсыз аман сақтаудың қамы. Олар үшін малды алдағы қыстан жемшөптен тарықтырмай шығару үшін шамамен 85380 тонна шөп, 23600 тонна жоңышқа, 28 мың тоннадан астам сүрлем, 28900 тонна сабан, 12900 тонна пішендеме және 39600 тонна жүгері жемін дайындау шарт. Өңірде қазір мал қыстату мен көктемгі қой төлдету науқанына жемшөп әзірлеу жұмыстары қызу қарқын алған. Ауданда жалпы 5770 гектар шабындық жер бар. Осы шабындықтардан бүгінгі күнге 114 мың тоннадан астам шөп дайындалды. Оның 11 мың тоннасы пішендеме, 102,8 мың тоннасы табиғи шөп. Мал азығын дайындау науқанына аудан бойынша 118 шөп тайлайтын және 109 шөп шабатын техника әзірленіп, олар қазір шабындықтарда тоқтаусыз жұмыс жүргізіліп тұр. Биыл өңірде жауын аз болғандықтан жазғы жайылым жұтап тұрғанын жасырмаймыз. Сондықтан малшылар отарларын етекке ерте түсіріп, алдағы жүгері жинау науқаны аяқталғанша сай-саланы паналап, мал қоңын түсірмеудің амалын жасауда.

Күзде жүгері алқаптарынан 28,3 мың тонна сүрлем бастырылмақ. Сонымен қатар 39,6 мың тонна жүгері жемі әзірленеді. Жыл сайын шаруалар жаз маусымында әзірлеген жемшөбінің 80 пайызын қысқы мал қораларының маңына тасып алады. Қазір өңірде мал қоралары мен малшы үйлерін жөндеп, қыс маусымына дайындау жұмыстары да қолға алынған. Өңірде жалпы мал қыстайтын 470-тен астам қыстау бар. 

Жаркенттіктердің төл дақылына айналған жүгерінің егіс көлемі де жылдағыдан кеміген жоқ. Өңірде жалпы 26700 гектардан астам жерге өсірілген «дала аруының» шығымы биыл да жақсы.
– Биыл судың тапшы екені рас, – дейді аудандық ауыл шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Саят Хасанов. 
– «Ұйымдастыра білген ұтады» демекші, «Қазсушаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің Панфилов аудандық филиалы өндірістік учаскесі мұраптарының ұйымшылдықпен атқарған тынымсыз қарекетінің нәтижесінде егін суаратын суды тиімді пайдаланып келеміз. Тіпті жылда өңірдегі жүгерішілер шілде айының соңына дейін дақылдың алғашқы суын әрең беріп үлгерсе, биыл 7 мың гектардан астам алқапты 3 мәрте суаруға қол жеткіздік. Таудан түскен әр тамшы қар суын қожалықтарға кезекпен теңдей етіп қасықтап бөліп беріп отырған мұраптарға, оларды қауырт сәтте жұмылдыра білген мекеме басшысына айтар алғысымыз шексіз.

Қазір өңірде 15767 мың гектардан астам жүгері алқабы бір рет суарылып, 7 мың гектардан астам алқап үшінші мәрте суарылды. Егін суару жұмыстары Үшарал, Үлкеншыған, Бірлік, Басқұншаң және Пенжім ауылдық округтерінде қарқынды жүргізілуде.

Тұжырымдап айтсақ, дала өндірісінің дамуы бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда үстем. Бұған малшының да, егіншінің де заман талабына сай жаңа технологияны кеңінен пайдалануы дем беруде. Сонымен қатар, егін шаруашылығында қожалықтар шетелден әкелінген жаңа қуатты техникаларды сатып алып, еңбек өнімділігін арттырып, қол күшімен атқарылатын жұмыстарды барынша азайтты. Десек те егіншілікте қол күшін қажет ететін суару жұмыстарын атқаратын сушылар аз және олардың қызметі қазір барынша қымбатқа соғып тұр. Сол сияқты мал шаруашылығында малшы тапшы. Орайын келтірсе бұл мәселелер шешімін табады деген ойдамыз.

Енді санаулы күндерден кейін жазиралы Жаркент өңірінде жүгері жинау науқаны басталады. Диқан еңбегінің нәтижесі көрінетін осынау жауапты науқанға дайындық шаралары пысықталып, қырмандар тазаланып, жиын-терінге қатысатын техникалардың жарамдылығы тексерілуде. Дала өндірісіндегі дүбірлі дода сәтімен өтіп, жемісті болғай деген тілектеміз.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ