МОБИЛЬДІ ТӨЛЕМДЕР БАҚЫЛАУҒА АЛЫНАДЫ

Уақыты: 15.08.2023
Оқылды: 553
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Былтыр наурызда «Төлемдер және аударымдар туралы» Заң «мобильді төлем» ұғымымен толықты. Бұл дегеніңіз QR-кодты қолдана отырып, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы немесе POS-терминалы арқылы қолма-қол ақшасыз қабылданатын төлем. Заңды қабылдағанмен мобильді төлемге келгенде мәселе әр сәт сайын дүркін-дүркін көтеріліп, жиі айтылып жүр.


– ҚР Конституциясына сәйкес салық төлеу – міндет. Салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында тиісті бақылау жүргізеді. 2024 жылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді береді. Күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады, – деді өз сөзінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. Мобильді аударым туыс, достар арасында болса, оларға салық салынбайды. Ал егер кәсіпкер пайдаланған болса, ол салықты міндетті түрде төлеуі тиіс. Кәсіпкерлікпен айналысып жатсаңыз, жеке шот ашуды ұмытпаңыз.

– Мұны кім жүзеге асырды, соларға сұрақ болмайды. Ал ауыспағандарға 2025 жылға қарай неге шот ашпағаны туралы сұрақтар болады. Қазір айыппұл жоқ. Бірақ заңда әр кәсіпкер салық төлеуі керек екені жазылған. Мемлекеттік кірістер комитеті ақпарат жинайды. Бастапқы кезеңде мемлекеттік қызметкерлер туралы, кейін кәсіпкерлер жөнінде. 2025 жылы мәліметтерді көргенде сұрақ болады. Сол кезде салық төлемегендерге айыппұл саламыз, – деді Қаржы министрі.

Бүгінде көптеген кәсіпкерлер арнайы бақылау-касса машинасы және POS-терминалдарды қолданбайды, телефон арқылы аударым жасағанды жөн санайды. Егер де дәл осындай жағдайда кәсіпкерге ескерту жасаған болса, келесіде қайталама заң бұзу бойынша 15-тен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салады. Ал қанатқақты бастама есебінде қарастырылып, жүзеге асып жатқан бақылау-касса машиналарының функцияларын екінші деңгейдегі банктердің POS-терминалдарымен бірлестіру бойынша «Каспий банк» АҚ, «Халық банк» АҚ және «Банк Центр Кредит» АҚ жұмыс істеп жатыр.