Жетісу облысында бір ауыл ішімдіктен бас тартты

Уақыты: 28.09.2023
Оқылды: 781
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысы Сарқан ауданы Абай ауылындағы сауда орындарында алкогольдік ішімдіктерді сатуды тоқтату туралы шешім қабылданып, мас күйінде жасалатын қылмыстардың көрсеткіші төмендегені байқалып жатыр.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жетісу өңіріндегі тағы бір ауыл салауатты өмір салтын ұстануға бел буды. Алкогольдік ішімдіктерді сату мен тұтынудан бас тарту идеясын ақсақалдар көтеріп, оны елді мекеннің барлық тұрғыны бірауыздан қолдады. Сондай-ақ, жастар да оң көзқарас танытты.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, сауда орындарының иелеріне жаңа талаптар енгізілгеннен кейін Абай ауылында ішімдік ішуге байланысты бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген.

«Полицейлер жүргізген талдау көрсеткендей, ауыр қылмыстардың жартысынан көбі және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы барлық құқық бұзушылық мас күйде жасалады. Абай ауылы тұрғындарының осы бастамасын басқа елді мекендердің тұрғындары да қолдайды деп үміттенеміз», - деді Сарқан аудандық полиция бастығының орынбасары Әділмұрат Байзолда.

Бұл Жетісу облысындағы тұрғындар өз еркімен сауда орындарында алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан екінші ауыл екенін айта кету қажет.

Сурет: ғаламтордан алынды