Жетісулық ұстазға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы берілді

Уақыты: 05.10.2023
Оқылды: 800
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласындағы М. Жұмабаев атындағы № 19 орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Светлана Исаева «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болды. Еліміздің білім саласына қосқан үлесі үшін берілген құрметті марапатты бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

- Бүгін Астанада өткен Республикалық педагогтар съезінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы үздік жетістіктері мен Қазақстанның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар педагогтарға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді. Солардың арасында біздің облыстың педагогы ретінде сіздің де болғаныңыз біз үшін үлкен қуаныш. Сізді бүгінгі жоғары марапатыңызбен құттықтаймын. Жетісудың білім беру саласының тарихында есімдері алтын әріппен жазылатын осындай мұғалімдер көп болсын, - деді Бейбіт Исабаев педагогқа марапатты табыстау сәтінде.

Светлана Нұрғазықызы өзіне көрсетілген құрмет үшін жылы лебізін білдірді.

- Бүгінгі таңда ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, уақыт талабына сай еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу - маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, облысымыздың педагогтары атынан барша ұстаздарға көрсетіліп отырған қолдау шаралары үшін алғысымды білдіремін. Өз тарапымнан бар білімім мен тәжірибемді өскелең ұрпақтың игілігіне бағыттаймын деп сендіремін, - деді С. Исаева.

Атап өтсек, Светлана Нұрғазықызы Исаева білім беру саласында 41 жылдан бері еңбек етіп келеді. Еңбек жолын 1981 жылы Алакөл ауданында Н.Алдабергенов атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. 2000 жылдан Талдықорғандағы № 19 орта мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді.

Білім саласындағы сіңірген еңбегі үшін «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен, «Білім беру саласының үздігі» медалімен марапатталған. Сол сияқты «Үздік педагог» облыстық байқауының жеңімпазы. «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Мағжантану», «Кемелтану» арнайы курстары бағдарламаларының бірлескен авторы. Өткен жылы педагогтың авторлық бағдарламаларының бірі «Атамекен» Қазақстан Республикасының білім мен ғылымды дамыту орталығы ұйымдастырған «Тәрбие бағдарламасының тәуелсіздік бастауында білім мекемелерінде оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы этнопедагогикалық, этнопсихологиялық ықпалы» атты ІІ Халықаралық педагогикалық оқулар байқауында жүлделі І орынға лайық деп танылды.  

Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай