Егер таңдау болмаса...

Уақыты: 28.10.2023
Оқылды: 915
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Адам өз бойындағы таңдау құқын ең басты құндылығы санайды. Өйткені біз таңдау жасау арқылы өмірімізді қалыптастырамыз. Яғни бүгінгі сіздің образ – кешегі немесе ес білгелі жасаған таңдауларыңыздың жемісі. Оқитын кітап, мамандық, оқу орны, пәтер... бұл тізім кете береді.   

Енді ойлап қараңызшы, сіз еш нәрсе таңдамайтын болсаңыз ше? Яғни өмір ағысына толықтай мойынұсынсаңыз қалай болар екен? Егер еш нәрсе таңдамай ғұмыр кешер болсаңыз, бастысы, жауапкершіліктен құтылар едіңіз. Өйткені сіз ол жұмысты немесе әрекетті таңдаған жоқсыз. Сонымен қатар таңдау жасамасаңыз, уақытыңыз да көп болар еді. Өйткені адам күніне 1,5 сағат уақытын ас ішуге жұмсайды десек, кемінде жарты сағат уақытын «қандай тағам дайындаймын?» немесе «не тамаққа тапсырыс беремін?» деген таңдаулармен өткізеді. Сонымен қатар кино немесе кітап оқу да жеңілдейді. Өйткені оларды таңдап, рейтингісіне назар салып жатпайсыз. Кезіккенін оқып, реті келген киноны көре бересіз.

Адам 78 жас өмір сүреді десек, соның 23,3 жылын  ұйқыға, 10,5 жылын жұмысына, 9 жылды  теледидар мен гаджеттер қарауға, 6 жылын   үй ішіндегі жұмыстарды атқаруға, 4 жылын тамақ ішуге, 3,5 жыл  оқуға, 2,5 жыл  өзін күтуге, 2,5 жыл  сауда жасауға, 1,5  жылын  балаларына, 1,7 жылын көлікте өткізеді екен. Артылып қалатыны – 9 жыл. Бірақ сіз балалық шағыңызды да қосыңыз бұл жерге. Осы жердегі көп уақыт негізі таңдауға кетеді. Әсіресе бүгінгі таңдау тым көп заманда бұл өте қиын мәселе болып отыр. Сізде таңдау болмаса, кемінде тағы 4-5 жыл өміріңіз артылған болар еді. Ал оны, бәлкім, балаларыңызға бөлерсіз. Өйткені статистика бойынша адам балаларына өте аз уақыт бөледі екен.

Бір қарағанда, таңдаудың болмауы көп уақытыңызды үнемдеп, жүйкеңізді жұқартпайтын сияқты. Бірақ мүлде олай емес. Таңдау жасай алмайтын адам – өз өмірін уысынан шығарып алған адам. Ол процеске әсер ете алмауымен өзінің өмірде жоқ екенін ұғынады.

Десек те біздің бүгінгі жасайтын таңдауымыздың өзі көбіне бір шеңбер ішінде сияқты. Мысалы, біз жарнама ұсынған смартфондарды сатып алып, жарнама ұсынған киім үлгісінде киінеміз. Жұрт мақтаған кітаптарды оқып, Оскар сыйлығын алған фильмдерді көреміз. Былай келгенде, таңдау өте көп сияқты. Бірақ ол таңдаудың бәрін бізге біреу ұсынып тұрғандай. Яғни біз шын не қалайтынымызды емес, өзімізге ұсынған нәрселерді ғана таңдаймыз. Осы тұрғыдан келгенде, адамда шексіз таңдау болуы мүмкін емес деген қорытынды жасауға болады. Сондықтан күнделікті майда-шүйде нәрселерді таңдауға көп уақыт жұмсамай, өздеріңіздің уақыттарыңыз бен жүйкелеріңізді күтіңіздер. Өйткені таңдау көбейген сайын адам депрессияға ұшырауы мүмкін.

Асылан Тілеген
Фото: ғаламтордан алынды