«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ҚОРЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ

Уақыты: 31.10.2023
Оқылды: 800
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облысы, Іле ауданының орталығы Өтеген батыр ауылында тұрмысы төмен отбасылардан барлығы 500-ге жуық бала мектептен тыс тегін қосымша оқумен қамтылуда. Оның ішінде 360 бала қосымша білім алып үлгерді.

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржылай қолдаған жобаның ерекшелігі – кішкентай шәкірттерге зейнеттегі тәжірибелі педагогтер сабақ беруінде. Бұл орайда «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева:

– Жалпы білім саласы біздің үнемі назарымызда. Көргені көп, өмірден түйген даналығы мол егде жастағы педагог аға-апаларымыздың зейнетке шыққанына қарамастан жас буынды тәрбиелеп, сауатын ашуда белсенділік танытып жатқаны қуантады. Осылайша тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің тұлғалық дамуына ден қойылуда, – деп атап өтті.

«Шыңға өрлеу» деп аталатын бұл әлеуметтік клубта жұмыспен қамтылған әлеуметтік осал топтағы 25 педагог-тәлімгер 1-4-сыныптың 120-дан астам оқушысын күнделікті тегін оқытады. Осылайша ұрпақтар сабақтастығы қалыптасып, өзін жалғыз сезінуден арылуға мүмкіндік алған қариялар балаларға қамқорлық танытып, жылуын сыйлайды. Тәжірибесімен бөліседі.

Балаларға негізгі мектеп пәндері (математика, қазақ, орыс, ағылшын тілдері, IT технологиялар) бойынша үй тапсырмасын дайындауда кәсіби көмек көрсетіліп қоймай, сонымен қатар бастауыш сынып оқушылары дене шынықтыру, сәндік-қолданбалы өнер, шахмат, хореография, музыка, домбыра, үй шаруашылығы және т.б. спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге қатысады.

«Әр тәрбиеленушінің үйлесімді тұрғыда дамуына назар аударылады. Бұл тұрғыда жұмыс мемлекеттік бастауыш білім беру стандарттары талаптарына негізделген. 6 ай ішінде мемлекеттік және ұлттық, басқа да мерекелерге орай тәрбиелік мәндегі 30 шара өткізілді. Клубқа келуші өскелең ұрпақтың 70 пайызында білім сапасының артқаны байқалады. Күн тәртібін де денсаулық жақсарып, көңіл-күй көтерілетіндей тиімді құруға тырысамыз. Балалар театрлар мен кинотеатрларға, кітапханалар мен мұражайларға, хайуанаттар бағына барады», – деп әңгімелейді «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубының басшылығы.

Жоба барысында оқушылардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсетілетінін де айта кеткен жөн.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ