"АрселорМиттал Теміртауды" Қазақстан пайдасына беру рәсімі аяқталуға жақын – Премьер-министр

Уақыты: 31.10.2023
Оқылды: 765
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

"АрселорМиттал Теміртауды" Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлихан Смайылов "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырғанын атап өтті.

"Биыл тамыз айында да "АрселорМиттал Теміртауда" осындай апат орын алған болатын. Ол кезде 5 шахтер қаза тапты. Көптеген адам өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте, кәсіпорын басшылығының кінәсі", — деді ол.

Үкімет басшысы мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соқтырып келе жатқанын ашып айтты. 

"Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Қазіргі таңда, “АрселорМиттал Теміртау” компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында", — деді үкімет басшысы.

Оның айтуынша, арнайы комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады.

"Қарағанды облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі апатты жою жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Ең бастысы – қаза тапқандардың отбасыларына барлық көмекті көрсетіп, зардап шеккендердің денсаулықтарын қалпына келтіру. Осындай қиын жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды", — деп қорытындылады сөзін Әлихан Смайылов.

Сурет: primeminister.kz