Сайлау – 2023: Межеленген міндет

Уақыты: 06.11.2023
Оқылды: 401
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әрбір мемлекеттің даму жолында көптеген жобасы мен жоспары болады. Оның орындалуы межеленген міндеттің маңыздылығын көрсетеді. Ел Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші Республика – Жаңа Қазақстан кезеңіне арналған стратегиялық жоспарды кезең кезеңімен жүзеге асырып келеді. Оның бір дәлелі – қараша айының 5 күні өткен аудан әкімдерінің сайлауы.

Алғашында, 2019 жылы 1 қыркүйекте жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады», – деген Президент жақын жылдардың бедерін тап басып танығанына бүгін елдің көзі жетуде.

Шынында елдің қарқынды дамуы адамдардың ақыл-ойының толысқанына, мамандардың біліктілігі мен мемлекет мүлкіне деген жанашырлығының артқанына тікелей байланысты. Сол арқылы халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелердің шешімін табу бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Әйтпесе, сенімге түскен селкеу сетінеп, халық пен биліктің арасы алшақтай береді. Оның мысалын қаралы қаңтардың қарасуығында ет-жүрегімізбен сезінгеніміз кеше ғана.

Осыдан 4 жыл бұрын айтқан сөзінің нәтижесі ретінде Президент биылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында аудан әкімдерінің сайлауы өтетінін жариялаған болатын. Өз сөзін: «Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз» – деп тұжырған Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынысына орай Орталық сайлау комиссиясы 14 қыркүйекте еліміздегі аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша арнайы отырыс өткізді. Сол отырыста Жетісу облысындағы Кербұлақ, Сарқан аудандарының әкімдерін сайлау пилоттық жобаға кіргені белгілі болды. Міне, осы жаңалық Қазақстан Республикасында атқарылып жатқан жаңашыл қадамның айқын белгісіндей әсер қалдырды.

Әрине, алғаш рет өткізіліп отырғандықтан аудан, қала әкімдерін сайлау кемшіліксіз болмайтыны белгілі. Бәлкім сайлаушының көңілі толмас, бәлкім шетелдік байқаушы теріс әрекетті әшкерелер. Дегенмен, бұл сайлау соңғы 30 жылдың ішінде жасалған демократиялық қадамның бірі болғаны анық.

Әлем елдеріне қарасақ басты орында мемлекеттік мүдде, халықтық мұрат алдыңғы орында тұрады. Біз сол деңгейде әлі де толық жетпегенімізді байқап жүрміз. Әрине, КСРО атты алпауыт мемлекеттен іргесін ажыратып, Тәуелсіздіктің тәтті ләззатын татқанымызға небары 30 жыл өтіпті. Бұл бір адамның саналы ғұмырына пара-пар болғанымен ғаламдық уақыттың бір бөлшегі ғана. Сондықтан жетістікке жету жолында көреріміз бен күйінеріміз алдан шыға береді. Сол себепті, жергілікті жұртшылықтың жайын жақсы білетін, ел мен жердің ертеңіне алаңдайтын адамның қолына жауапкершілік жүктеудің маңыздылығын жақсы білген Президент аудан әкімдерінің сайлауын өткізуді кезек күттірмес мәселе ретінде алға шығарды.

Енді қазіргі кезең талабы – аумағы ат тұяғын қыздырып, құс қанатын талдырар өлкеге басшы болудың жауапкершілігіне тоқталайық. Шынында әрбір ауданға қарасты ауылдық округ, елді мекен, селоның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуы әкімге тікелей байланысты. Өз ісіне немқұрайлы қарайтын, жүктелген міндет пен межеге атүсті көз салатын, түйіткілді мәселенің түйінін тарқатуға асықпайтын, аудандағы барлық салалардың, әсіресе, агрокешеннің өркендеуіне көңіл бөлмейтін адамның әкім болмай-ақ қойғаны жөн. Себебі, қазіргідей қарқынды дамыған технология дәуірі нәтижені әп-сәтте жарты әлемге жариялап, мемлекет сенім артқан маманның келбетін оп-оңай көрсетіп береді. Соның кесірі ауданға келуі тиіс инвесторлар мен кәсіпкерлердің қадамына тұсау, өңірдің өркендеуіне елеулі кедергі келтіреді. Оның арты тозығы жеткен жол, қараңғы көше, игерілмеген жер, лас ауызсу, жұмыссыздық пен баспана кезегіне тұрушылардың қатарын ұлғайта түседі. Осылайша мемлекеттік дотацияға сенім артқан өңірдің абырой-беделі төмен дәрежеге түседі.

Ал әрбір ауылдың тұрғынын жетік біліп, әрбір үйдің басындағы ахуалға жанашырлықпен қараған әкім халықтың ықылас-пейіліне бөленіп, өзіне қолдаушы табады. Сол арқылы қоғамның кемшін соққан тұстарын түзеу оңайлап, қажетті салалардың жұмысы жанданады. Ол өз кезегінде әлеуметтік ахуалдың артуына, жұмыссыздық пен мұқтаждықтың азаюына, азаматтардың ашық-жарқын қарым-қатынасына жеткізеді.

Қазіргі жұртшылық ел алдында жүрген азаматтардан адалдық, әділдік, туралық, шынайылық сынды қасиеттерді бойына сіңірген қайраткерлік мінезді көргісі келеді. Расында ауданның тыныс-тіршілігін тұрақтандырып, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалды арттыруды ойлаған әрбір азаматтың бойында қайраткерлік қасиет бар. Алайда оны ашуға, жетілдіруге, ұштауға көбіне көп тәжірибе әсер етеді. Сондықтан өндірістің ауыртпалығын жақыннан көріп, тынымсыз тіршіліктің жалына қол артқан азаматтар түптің түбінде кәсіби биік дәрежеге қол жеткізері анық.

Кербұлақ және Сарқан аудандарының жұртшылығын елеңдеткен биылғы сайлаудың нәтижесі белгілі болып, саяси додада ел сеніміне ие болды. Бұл сайлау алдағы жылдардың бедеріндегі ұлттық өркендеудің бір үлгісі болып қала береді.

Мәди Алжанбай
Фото: ашық дереккөзден