БІРЛІК – БЕРІК ҚАМАЛ

Уақыты: 08.12.2023
Оқылды: 801
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұрақтылық, бірлік және бірегейлік – Әділетті Қазақстан дамуының негізі» атты ІI сессиясы өтті. Оған этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділері, діни конфессиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХII сессиясында еліміздегі саяси жаңғыруға, жалпыұлттық тұтастықты нығайтуға Ассамблеяның қосып отырған үлесін ерекше атап өтіп, барлық этнос өкілдерін мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттерін шешу ісіне жұмылдыруға шақырған болатын.

Біртұтас ұлт болып ұйысуға атсалысу, отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеу – баршамыздың ортақ міндетіміз әрі айнымас стратегиялық бағдарымыз екенін алға тартқан Бейбіт Өксікбайұлы Президентіміздің «Әділетті Қазақстанның экономи- калық бағдары» Жолдауында сөз болған бірқатар міндеттер жайында айтып өтті. Этносаралық қатынастар саласын дамыту бағытында Президенттің берген тапсырмаларын іске асыру бағытында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Руфина Усанова атқарылған жұмыс- тар туралы баяндама жасады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенімді институт» деп нақты атады. Ассамблея жанында Ақсақалдар, Аналар кеңестері, ғылыми-сараптамалық топ, ҚХА кафедрасы, «Кәсіпкерлер қауымдастығы», этномәдени бірлестіктер, медиация, жетекші журналистер клубы және «Ассамблея жастары» тұрақты жұмыс жасауда, – деді ол.

Сессия отырысында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамның басты құндылықтары қатарында этносаралық және жалпыұлттық бірлікті іске асыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың бірізділігін қамтамасыз ету қажет екенін алға тартты. Облыста сессияда негізгі қағидаттар ішкі саяси тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту жөнінде атқарылатын жұмыстар туралы айтты.

– Атқарылған жұмыстың барлығы ынтымақ пен берекенің артуына негізделеді. Келер жылы облыс халқы, әсіресе, жастар арасында бірлік пен келісімді насихаттау мақсатында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру, өзге этнос өкілдерінің жастарын мемлекеттік қызметке, құқық қорғау және әскери қызметке жұмысқа орналасуға ынталандыру және мүмкіндіктер туғызу, өңірлік жастар кадрлық резервінің әлеуетін кеңінен пайдалану, әдеби-көпшілік шараларды ұйымдастырудың жаңа форматына көшіп, шығармашылық пен креативті көзқарас таныту, этномәдени бірлестіктердің әлеуметтік маңызы бар бастамаларын гранттық қаржыландыруға ауыстыру, БАҚ-пен тығыз жұмыс істеуді басты негізге алып, жан-жақты нәтижелі жұмыс істейтін боламыз, – деді Марлен Қапашұлы.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Атсалим Идигов, облыстық корей этномәдени орталығының төрағасы Владимир Ли баяндама жасап, жүзеге асқан жұмыстарды тілге тиек етіп, қазақ халқына алғыс айтты. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Злобин жастарға ынтымақ пен татулықтың қадірін біліп, еліміздің дамуына атсалысу қажеттігін жеткізді.

Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы тілі басқа болса да тілегі бір ұлт пен ұлысқа құтты қоныс болған Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталды.

– Жетісу облысында атқарылған жұмыс, жеткен жетістік аз емес. Биыл 10 айлық индикаторлар бойынша жоспар артығымен орындалды. Экономиканың өсу қарқыны 112,9%-ды құрады. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Салалардың ішінде әсіресе құрылыс жұмыстарының көлемі 1,5 есе ұлғайып, тұрғын үйді пайдалануға беру 22,6%, сауда 1,6 есе өсті. Жыл басынан бері облыс экономикасына 20% өсіммен 240,7 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестициялар – 143,4 миллиард теңге. Осы жетістіктерге Ассамблея мүшелерінің де сіңірген еңбегі зор. Еліміздегі, облысымыздағы барлық этностарды біріктіруші, топтастырушы факторлардың бірі – тіл. Барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілде сөйлейтін болса, біздің достығымыз бен ынтымағымыз арта түседі. Осыны бәріміз де терең түсінуіміз керек. Ассамблея өкілдері әр- бір жетісулық тұрғынға үлгі болуы тиіс, – деді облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы.

Сессия соңында облыс басшысы Бейбіт Исабаев бірқатар нақты тапсырма берді. Ең әуелі аудан және қала әкімдері білім, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларымен бірлесе отырып «Жетісу облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған Даму тұжырымдамасын» іске асыру бойынша жұмыстарды жалғастыруды, «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі аудандық және қалалық этномәдени бірлестіктерінің жұмысын жандандыру, этномәдени бірлестіктердің елеулі қоғамдық бастамалары мен жобаларына белсенді қолдау көрсету шараларын қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, Ассамблея хатшылығы тіпті ең шалғай ауылдарды қамтитын халықтың әртүрлі санаттарымен «Кері байланыс» жүргізу үшін ұлттық саясат саласындағы мамандардан, қоғам қайраткерлерінен, белгілі тұлғалардан және сарапшылардан ақпараттық топтардың жұмысын ұйымдастыруды, «Қоғамдық келісім» КММ «Мәміле» пікірсайыс клубының ашылуымен мемлекеттік тілді оқытатын лингвистикалық зертхана жұмысын қайта бастауды жүктеді. Талдықорған қаласының әкімдігі мен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі облыс орталығындағы «Достық аллеясын» ашу орнын белгілеп, әлеу- меттік даму, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары Үкіметтің 2023 жылғы 24 қарашадағы №1040 қаулысына сәйкес 2023 жылға арналған «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлерінің еңбекақысының 50%-ы мөлшерінде қосымша төлемдерді жүзеге асыруды қадап айтты. Облыстық «Жастар ассамблеясының» өкілдігі әлеуметтік лифттердің кең тұғырнамасын және барлық санаттағы жасты қолдау шараларын жүзеге асыруды, қоғамдық даму, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары облыстық этномәдени орталықтарға ұлттық киім тігуге қаржы бөлуді қарастырсын деген нақты тапсырма берді.

Бейбіт Исабаев берілген нақты тапсырмалардың жүзеге асуына барынша қолдау көрсетілетінін айтып, елге аман- дық, жұртқа тыныштық тілеп, сессия отырысын қорытындылады.

Еңлік Кенебай
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай